ОРДЕНДІ ЕҢБЕККЕРДІҢ АЙТАРЫ КӨП

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ауданымыздың биылғы айтулы датасына орай өткен уақыт кезеңіне, әсіресе түрлі салада еңбек еткен жандардың мәлімет дерегіне назар аударатынымыз рас. Негізінен ақпарат қорымызды байытуға, тың мәліметтермен жаңғыртуға, бүгінде ақыл тоқтатқан, салиқалы сөзімен, байыпты кеңесімен баршаны аузына қарататын алдыңғы буын ағалардың естелігі тікелей септесіп жатады. Бүгінгі кейіпкер жерлесіміз, жалпы 47 жыл еңбек еткен аға Рамазан Олжатайұлы Тілеубаевтың да жастармен бөлісер естелігі, келер ұрпаққа айтары аз емес.

Жастық шақта талай басшылардың көзін көрген, тәжірибелі жандардың ізіне ерген, қарапайым еңбекпен есейген, жүргізушілік кәсіпке төселген жерлесіміздің атақонысы – Олжабай батыр ауылдық округіне Алғабас ауылы. Бозайғыр, Ажыбай көлімен шектесетін, сұлу табиғаты көз тартарлық көркем өңір бүгінде «Бұйратау» ұлттық паркінің иелігінде.

Әдетте кіммен сөйлессеңіз, әңгімесінің беташар-кіріспесін сауатын ашқан алғашқы ұстазынан бастайды. Рамазан аға бала күнінде оң-солын танытқан соғыс ардагері Темірғали Жапабаевты, Сағындық Тағимановты, Алғабас бастауыш мектебінің директоры Жәкен Ыдырысовты, бертін осы елді мекенде сегізжылдық мектеп ашып берген Балташ Дүйсеновты, Қазыбек Жүнісовты, Есенбай ағайды, Орынтай апайды ғұмыр бойы жадында сақтап келеді. Ол уақытта «Қазақстан» кеңшарының бір бөлімшесі болған Алғабаста 50-60 отбасы қоныстанғанын, ағалар егін мен мал шаруашылығын кәсіп еткенін еске алады. Ірі қара табыны мен қой отарынан бөлек, егістік алаңы жердің жағдайына мен техника әлеуетіне қарай жалпы 4000 гектарға дейін жеткен екен. Осыншама игілікті іске жаратуға қаншама жанның еңбек сіңіргені айтпаса да анық.

Сегізжылдықты Благодатта тәмамдаған шәкірт бірден мамандық таңдауға ден қойды. Ер балалар негізінен ауылдағы ағалардың кәсібіне еліктейді ғой. Көлік тізгінін иеленген жігіттерге, олардың ақаулықты жөндеу тәсіліне біздің кейіпкеріміз де қызыға қарайтын. Осы қызығушылық бара-бара әуестікке ұласты да, ғұмырлық кәсіп таңдауға жол ашты. 18 жаста алты айлық курсты тәмамдаған, қолына жүргізуші куәлігін алған алған бозбала іле әскер қатарына шақырылды. Үшжылдық азаматтық парызын Н.әскери бөлімінде сәтімен өткеріп, запасқа босатылған сарбазды үйге оралысымен бөлімше басқарушысы Қайролла Кәрімовтың септесуімен совхоз директоры Рихард Кремер жұмысқа шақырды. ГАЗ-51 маркалы көлікпен науқандық жұмыс уақытында егіс бригадасына Еркіншілік мұнай базасынан жанар-жағармай, күзде фермаға сүрлем, қыста жем тасыған кезең өзіндік қызығымен, қиындығымен есте қалыпты. Ауылмен іргелес Қартбай, Қаратау, Бозайғыр учаскелерін жыл он екі ай керек-жарақпен іркіліссіз қамтамасыз еткен сәт енді естелікке айналды.

-«Ол уақытта ауылда бос жүрген жан болмайтын, інім. Бәрі де білім-білігі мен шама-қабілетіне қарай шаруашылық еңбегіне араласатын. Кез келген іске жұмыла кірісетін, мәселе түйінін үлкендердің ақылымен шешетін. Қотаны көңілді, жұмысы өнімді өңірдің тұрмысы да жақсы болды. Бәрі ауызбірліктің, ортақ мақсатты көздеген игі істің нәтижесі ғой. Осыған бейімделдік, көпті көрген ақсақалдардың, ардагер аталардың құнды кеңесіне құлақ түрдік, сөзге тоқтадық. Шүкір, енді өзіміз де сол кісілердің ізін басып қалдық»,-дейді естелігін жалғаған Рамазан аға. – Жер жағдайын, туған өңірдің ой-шұңқырын жетік білетін алдыңғы буын әріптестер Игілік Балкенов, Жолдыбай Хасенов, Құдайберген Әбенов, Ғомар Төлегенов, Амангелді Құсайынов, Ғомар Жүсіпов талай рет тұйықтан сәтімен жол тауып шығуға негіз болды. Олардың білік-тәжірибесі бізді шыңдады, қажырлылыққа бейімдеді.

Бейімділік демекші, өмір ағымымен 1975 жылы Ерейментаудың «Казсельхозтехника» мекемесіне ауысқанда да бастапқы осы негіз ұдайы Ағаның ғұмырлық жолсерігіне айналғандай. Бертін түрлі реформа лебімен №11 автокөлік кәсіпорнына айналдырылған, Майер, Николай Краус, Темірболат Дауылбаев, Бек Құттыбаев басқарған көлік мекемесі ауданның он бір совхозына өз қызметін ұсынды. Автопаркте ГАЗ -53, ЗиЛ-130, КамАЗ көлігі көп болды. Басшылықтың нұсқауымен зауыттан 20 тонналық үш мостылы су жаңа Урал маркалы көлікті ауданға әкелудің сәті түсті. Жүк машинасымен талай мәрте рейске шықтық. Бір шеті сонау Ұзыншіліктен Ерейментауға (қашықтығы 110 шақырым) астық, Петропавлдан Тайбайға дизельді көлікпен сүрлем тасыдық. Сәлім Рахиленов, Үкібай Қалиев, Ақмаш Жүнісбеков, Кәдір Хасенов, Сансызбай Рустимов, Мұқаш Мәмбеталин. Жиенше Әлімбетов – бәріміз сапарлас-әріптес болдық. Малтабардан да бірталай жас жігіттер бірлесе еңбек етті, таудай талабымен, інілік сыйластық ниетімен ортақ мақсатты көздеді. Сансызбай Дүйсенбенов электрші, Алпыс Күлімбаев қоймашы қызметін атқарды. Кешегі Целиноград – қазіргі Астанамыздан да керек-жарағымызды жеткіздік. Алыс қала болмаса, маңайдағы елді мекендердің бәрінде бірдей тақтайдай тегіс асфальт жол кезіге бермейді ғой. Боран-шашында да, жауын-лайсаңда да, тұйықтан шығудың әдісі мен амалын табуға тырыстық. Үлкендердің де: «жорытқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын» деген батасының шарапаты болар, межелі жерімізге аман-сау жеттік. Күрегіміз, сым арқанымыз, жанармай қорымыз, қыздырғыш лампамыз, қосалқы дөңгелегіміз, жылы киіміміз ұдайы қасымызда жүреді. Бір-бірін далаға тастамайтын, қиындықты бірге бөлісетін қасиет шопыр қауымның өмірлік қағидасы ғой. Аға ініге сүйеу, іні ағаға демеу болған кезең абыройымызды еселеді, мәртебемізді биіктетті. Қаншалықты тәжірибелі болсақ та, алыс сапарда, жүк тасымалында қозғалыс пен техника, өрт қауіпсіздігін ойда ұстадық. МАИ тарапынан ескерту алмауға, кәсіпорнымыздың атына кір келтірмеуге тырыстық.

2008 жылы зейнетке шыққан тәжірибелі жүргізуші халық шаруашылығына жалпы 47 жыл еңбек еткен екен. Темір тұлпарымен аудан-облыс аумағында қанша шақырым жол жүргенін, қанша тонна жүк тасығанын кім есептеп бере алады. Тіпті кезекті еңбек демалысын уақытша үзуге де тура келгенін бірі білсе, бірі білмейді. Уақыт ағымымен кәсібін салық басқармасында, темір жолдың өрт сөндіру пойызында жалғағанда да бастапқы ұқыптылық, жауапкершілік дағдысынан жаңылмады. Жаңа мекемеде де сенімге лайық, іскер жан ретінде құрметке бөленді.
Әңгімелескен сәтте ағаның отбасылық жәдігер, өткен өмір естелігі ретінде үйінде сақтап жүрген марапат қобдишасына қызыға назар аудардым. Қарапайымдылық дағдысынан жаңылмаса да, өтінішімізді жерге тастамаған Рамазан аға бәрін үстелге жайып салды. Қазанның соңғы жексенбісінде аталып өтетін дәстүрлі Автокөлік еңбеккерлері күні көпшіліктің алдында омырауына тағылған «Лениннің 100 жылдығы», «За трудовую доблесть», «Еңбек ардагері», бірінші дәрежелі «За работу без аварий» медальдары, «Победитель соцсоревнования» төсбелгісі ұзақ жылғы еңбектің жемісі. Ал 1972 жылы берілген «Знак Почета» ордені шынымен ол кісінің беделді маман болғанын анық дәлелдейді. Тіпті әскерде жүргенде де «ІІІ дәрежелі спортшы жауынгер» төсбелгісіне ұсынылғаны бүгінгі күні өзіміз жиі айтатын саламатты өмір салтының үлгісімен тең. Ғұмырында бөгденің ала жібін аттамаған, тек адал кәсібінің нәсібін татқан аға бүгінгі жастар да таңдаған жұмысынан ләззат алса екен, тек ар тазалығын, намыс туын биік ұстаса екен деген лебіз арнайды. Сауда, пошта саласында жұмыс істеген жеңгеміз, бір шаңырақта 50 жыл отасқан жары Кәпия Мұсайбекқызымен екеуі өз балаларының құлағына осы қағиданы құйып отырады. Төлегені, Талғаты, Гүлнәрі –бәрі-бәрі жоғары білім алды, өздерінің тиісті кәсібі бар. Немерелер де білім жолын жалғастыруда. Алдияры Елорданың Назарбаев зияткерлік мектебінде 7 сыныпқа көшті. Қос ата-ана ұрпағының жетістігіне, оқуға ынта-қабілет танытқанына, әрбір жағымды жаңалығына, шыққан биігіне ризашылықпен шүкіршілік етеді.

Міне ұлағат иесінің, кешегі қарапайым еңбеккердің өмір жолынан, ғибратты сөзінен ойға түйген әсеріміз, ұққанымыз осы.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Суретте: Рамазан Тілеубаев.

Сурет отбасылық альбомнан алынды.

Отправить ответ

avatar
  Subscribe  
Notify of