ШАШТАРАЗ, ҚАЖЫРЛЫ ӘЙЕЛ – АЙГҮЛ АПАЙ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Орта бойлы қараторы келіншектің жүзінен мейірім лебін, елгезектік пейілін аңғарғандай боласыз. Кішіпейілділік пен ақжарқын қалпынан жаңылмаған, замана лебі өз салқынын тигізсе де, бастапқы сүйікті кәсібіне адалдықтан айнымаған кейіпкеріміз – шаштараз Айгүл Әменқызы Валиева.

Қазіргі Тайбай ауылдық округіне қарасты Елтай ауылында дүниеге келген, қарапайым жұмысшының отбасында тәрбиеленген қыздың атасалтқа беріктігі, өз ісіне қоса ана тіліне де, қазақы әдет-ғұрыпқа да адалдығы бірден аңғарылады. Ата-анасы Әмен Шақанұлы мен Мәрия Балташқызының көз қуанышына айналған, дағдылы дәстүрмен алғашқы қызығы, бастау тұнығы ретінде бағалаған қыздың жолы құтты болды. Іле ізінен іні мен сіңлі ерді. Бүгінде әрқайсысының өмірде өз орны бар, тиісті кәсібі бар. Кәсіп демекші, Айгүл де Ерейментау қаласында сол кездегі №2 орта мектебін тәмамдаған сәттен Алматы кәсіптік-техникалық училищесіне құжатын өткізді. Қыз балаға лайықты, мәртебелі де сауапты істі таңдады. Бәлкім, осы жолға түсуіне қазекемнің құлаққа сәл өрескелдеу естілсе де, ақиқатын тура айтатын: «Шашы өскеннің – елі кәпір, тырнағы өскеннің – өзі кәпір», деген нақылы да септескен болар. Оқуды сәтімен бітірген, тиісті куәлігін иеленген жас маман туған елге оралды. Бұл 1979 жылы болатын. Аудандық тұрмыстық қызмет комбинатының сол кездегі директоры, көреген, елгезек аға Балкен Омаровтың алғаш бұйрық шығарғаны, еңбек кітапшасын кадрлар бөлімінің жетекшісі Людмила Брестельдің ресімдегені есінде қалыпты. Ауыл қызы осылайша жаңа ұжымға жұмысқа қабылданды. Бертін бастықты алмастырған білікті азамат Назымбек Қайыржановтың да жастарды бағалағанын, барша мамандарға бірдей қарағанын, қамқор аға болғанын Айгүлдің әңгімеге негіз етті.

-Ол уақытта бізге шашын қиғызуға мектеп оқушысы да, орта жастағысы да, тіпті әкемізден де үлкен егде адам да, келіп жататын. Әрине, бастапқы бетте жүрексінгенім де, сәл қобалжығаным да рас. Өйткені ауқымды айнаның алдында қайшы мен тарақтың, электр машинкасының қолданыс реті бір бөлек те, клиентіңнің көңілінен шығатындай дәрежеде шашын жинақы да көрнекі қалыпта қиып берудің жөні бір бөлек. Оған этика мен мәдениетті қосыңыз. Дегенмен, үлкендердің риза көңілі, рахмет айтқан ағалық жылы лебізі қуанышымды еселеді, ерекше жігерлендірді. Күнделікті сегіз сағаттық жұмыс кезіндегі қол босаған қысқа уақыттық үзілістерде алғашқы тәлімгерім Ольга Бахматтың, жұптас әріптесім Қадиша Әбдірахманованың достық кеңесі, құнды ақылы, бағдар-бағыты тәжірибе жинақтауыма мол септесті. Штат кестесімен үйлесімді жалақымыз атқарған жұмысымызға, қазынаға енгізген айлық кірісімізге қарай есептелетін. Межелі жоспарымызды сәтімен орындап та жүрдік. Өйткені қала халқына қоса аудан орталығына емханаға, өзге мекемеге келетін ауыл адамы да біздің мекемеге қарай ағылатын, кезек күтетін. Тіпті кейде кісінің көптігінен бос уақытымыз да болмай қалатын.

Әкімшіліктің нұсқауымен, басшылардың арнайы шақыруымен көктемгі мал төлдету кезеңінде қой өсіретін кеңшарларға іссапарға шыққанын, алыстағы шопандар қыстағын аралағанын, сақманшы-жұмысшылардың шашын алып бергенін бүгін есіне түсіреді. Оған қоса Сәкен Сейфуллин атындағы Ерейментау мектеп-интернатында қонып оқитын оқушы ер балаларға да кәсіби қызметін ұсынған екен. Халыққа азды-көпті пайда-шарапатын тигізген адал іс кезінде жергілікті билік тарапынан бағаланды да. Мемлекеттік, кәсіптік мереке кезінде бірде Құрмет грамотасын, Алғыс хатын иеленсе, бірде ақшалай сыйлықпен көтермеленген. Есімі мен суреті мекеменің Құрмет тақтасына енгізілген. Ал 1982-84 жылдар аралығында жұмыс орнынан халық депутаттары қалалық Кеңесіне депутаттыққа сайланғанын қарапайым жұмысшы ретінде жүктелген сенім, еңбегінің еленгені деп біледі.

Сол кезеңде қызықты да, қиындықты да бірге бөліскен, өзара сырлас-сыйлас, жақын әріптес болған нәзік жанды, ниеттес құрбылар Роза Бұсырманова, Райхан Есімова, Салтанат Қажыбиева, Қадиша Әбдірахманова, өз шәкірті Бекзат Жантілеуова – бәрі-бәрі ортақ мақсатты, көпшіліктің игілігін көздеді, тиімділік пен сапа мәселесін бірінші кезекке қоюға, комбинаттың абырой-мәртебесіне дақ түсірмеуге тырысты, ортақ іске білім-тәжірибесін, білік-шеберлігін аямай жұмсады.

1990 жылы меншік үлгісі өзгерді, «Есіл» акционерлік қоғамы, іле «Манако» серіктестігі құрылды. Әр маман өзіне лайықты жолды таңдады. Әйтседе Айгүл жаңарған мекемеде үйреншікті жұмысын жалғастыруға түпкілікті тоқтам жасады. Міне, таңдау-бағытының дұрыстығына көзі анық жеткендей болды. Өзі еңбек еткен мекемеден бір бөлмені жалға алған шашатараз әлі де баршаға сәтімен қызметін ұсынып келеді. Мекеменің кәсіпкер иесі өз қаржысына заманауи үлгіде жөндеп берген жұмыс орны бұрынғыдан да көрікті, жанға жайлы орынға, шашын қиғызуға келушілер әрдайым табылады. Тіпті шағын қаламызда бәсекелестері аз болмаса да, қарапайымдылық, кең пейілділік ниетінен жаңылмаған, қызғаншақтық пиғылға салынбаған байсалды да парасатты келіншек бәрінің де өмірден алар үлесі, Тәңір сыйлаған ризығы бар деп есептейді. Ізбасар әріптестерінің өз кәсібімен қоғамға да, адамға да, пайдасын тигізгеніне шүкіршілік етеді.

Отағасы, елгезек, жанашыр азаматы Қуат Валиевтен тағдырдың жазмышымен көз жазып қалса да, өмір сынағына қайыспағаны нағыз қазақ әйеліне лайық шын қажырлылықтың белгісі. Шаңырағындағы ізбасар тұяғы – Жанатының, қызындай аялайтын келіні Анарының, ұрпақ жалғасы – немересі Аңсарының амандығын тілейтіні, ақылшы-қамқоры ретінде бәрін аналық-әжелік мейіріміне бөлейтіні белгілі жайт.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Суретте: Айгүл Валиева жұмыс үстінде.

Суретті түсірген автор.

Отправить ответ

avatar
  Subscribe  
Notify of