БЕЙҚАМДЫҚҚА САЛЫНБАУЫМЫЗ ШАРТ

Президентіміздің жыл сайынғы әрбір Жолдауы өзінің мән-мағынасымен, кезең-кезеңімен іске асырылуға жататын бағыт-тапсырмасымен үлкен тарихи мәнді иеленеді.
Ел тәуелсіздігі жарияланған кезеңнен бастап өзін демократиялық, зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындап берді, осындай даму бағытын ұстанатынын түпкілікті бекітті. Әлеуметтік мемлекет құрудың негізгі құқықтары мен қағидаттары Ата Заңымызда пысықталған. Әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасының қалануында Елбасының жыл сайынға Жолдауларының алар орны ерекше.

Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтарда жарияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауы қалың жұрттың қолдауына ие болды. Аталмыш құжатта межелі қадамға бейімділік пен жетістікке жету жолында 10 негізгі міндетті шешу көзделген.

Жолдаудың жетінші бағытында тілге қатысты қалыптасып қалған күрделі мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы нақты әрі жүйелі тапсырма белгілеген. Латын әліпбиіне көшу арқылы дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне қосылуға жол ашылмақ. Елбасының айтуынша, мұндай қадам халықаралық терминологияда қалыптасып қалған сөздерді аударудағы мәселені шешуге тікелей септесетінін нақты айтқан. 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу мақсатында атқарылатын күрделі жұмыс білім беру саласының барлық сатыларын қамтымақ. Бұл реформа, сөзсіз, қоғамдық сананың деңгейі мен қалың жұрттың белсенділігіне тәуелді.

Сонымен қатар, 2017 жылдың 12 сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықты, бәрін де латын әліп­биімен басып шығарумыз қажет», деп тапсырма бергені бәрімізге мәлім. Сондықтан, аталған уақыт та жақындап қалғандықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз қажет.Бүгінгі күні осы ауқымды да күрделі істі бастауға лайықты дайындық жұмысына кіріскен Қазақстан латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін ресми түрде бекітті.

ҚР Конституциясының 7-бабы, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-бабында: «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қаты­настардың барлық саласын­да қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүр­гізу тілі»,- деп жарияланғандықтан, сот жүйесі де бұл үдерістен қалыс қалмауы тиіс.

Қазіргі кезде ауданымызда қазақ ұлтының үлес салмағы өзге ұлттардан басым бола тұра, мемлекеттік мекемелерден, соның ішінде сотқа беріліп жатқан арыздың үлес салмағы 7 пайызға жетер-жетпес деңгейде ғана. Бұл өз елімізде, өз жерімізде тұрып, мемлекеттік тілге немқұрайлылығымыз, мемлекеттік тілде іс қағаздарды жүргізуді талап етпеуіміздің көрінісі десек жаңылысқандық емес. Сондықтан Сіз бен Біз болып Ұлт болып қалу үшін бұл мәселеге бейқам қарамауымыз қажет.

Елбасының биылғы Жолдауының тоғызыншы бағытында жемқорлықпен күреске және заң үстемдігіне мән берген. Сот жүйесінің қызметін қаржыландыру, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету ісі ретке келтірілді. Азаматтық, әкімшілік, қылмыстық сот залдары толық аудиобейне бақылауына алынған. Бұл сот төрелігінің барынша ашықтығын қамтамасыз етуде. Даулы мәселені сотқа жеткізбей-ақ, бітімгерлік жолды таңдайтын азаматтар қатары көбейді.

Мәселен, Ерейментау аудандық сотының 2017 жылғы 12 айында сот төрелігін жүзеге асыру барысында медиация заңын қолдану көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда ұлғайды. 2017 жылы 986 азаматтық іс қаралды, оның ішінде бұйрық арқылы (434) және жеңілдетілген тәртіппен (52) қаралған істі қоспағанда. 500 азаматтық істің 45-і медиация тәртібімен қысқартылған. Әкімшілік іске келсек, ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен қаралған 145 істің 49-ы медиация тәртібімен, тараптардың татуласуымен қысқартылған. Ал қылмыстық іс жүйесінде 2017 жылы қаралып, аяқталған 43 істің 7-уі медиация арқылы қысқартылды.

М.АҚЫШЕВ,

Ерейментау аудандық

сотының төрағасы