ИГІЛІК ТЕ, АҚЫ ТӨЛЕМІ ДЕ ОРТАҚ

Қыс мезгілі біртіндеп аяқталып қалды, ізінше айналада көктем лебі сезілуде. Тұтынушысын жылу қуатымен, ауыз сумен қамсыздандыруға лайықталған қаламыздың коммуналдық саласы қысты қиындықсыз өткерді. Уақтылы даярлықтың, басшылардың ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесінің нәтижесінде «Ерейментау Су Арнасы», «Теплосервис» кәсіпорындарында түйінді мәселе сезілген жоқ.

Көктем келетін шақта екі мекемеге де жұмыс нәтижесін талдайтын, салмақтайтын, қаржысын санайтын, алдағы күнді ойлайтын уақыт келді.

Қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджановтың басшылығымен, барлық мүдделі тұлғалардың қатысуымен өткен тыңдау жиыны өндірістік-материалдық жағдайды толық сипаттап берді. Тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсетілімі, инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылым реті жан-жақты сипатталды. Қазіргі жалпы ахуал егжей-тегжейлі талданды.

Басшы Назымбек Қайыржановтың есепті әңгімесінде кредиторлық-дебиторлық борыш дерегі ұсынылды. Жанар-жағармай, материал құнының өскені, су жүретін құбыр жарығын реттеуге елді мекендерге сапар ретімен орайласқан проблема дараланды. Қаланың жекелеген көшелеріндегі, теміржол аймағындағы су құбырының тозғаны, Еркіншілік, Торғай скважиналарының, тіпті қаланың өзінде су дебетінің әлсіздігі қосымша материалдық шығын мен қаржы жұмсалымын талап етеді.

Жылумен жабдықтайтын мекеме басшысы Талғат Ахметовтың есебінің мәнісі қазандықтың жекелеген жабдықтарын алдырумен, айырбастаумен, жалпы жүйені жаңғыртумен орайласқан шараларға арналды. Есепті кезеңнің екі жылы ішіндегі кіріс-шығыс бойынша қаржы-экономикалық көрсеткіш сипатталды. Кәсіпорын, белгілі бір кәсіптен табыс тапқанымен, қазіргі таңда шығынға батып отыр. Алдыңғы кәсіпорын тәрізді, түскен кірістің бәрі отын, қосалқы бөлшек, металл алдыруға, жұмысшының арнаулы тағамы мен жалақысына, салық төлеміне жұмсалуда. Екі басышның есебінде айтылған, бюджеттен бөлінген демеуқаржы рентабельділік деңгейіне жетуге септеспеді. Есептегіш орнатылымымен орайласқан жылу шығыны да жоқ емес.

Тұтынушылардың – пәтер иелерінің пайдаланылған жылу борышын өтеуге құлықсыздығы келешекте барынша қатаң шараға баруға, желіден ажыратуға итермелеп отыр. Ал қайта жалғату үшін бекітілген тариф бойынша клиенттерге күздігүні қосымша ақша шығаруға тура келеді. Бұдан бөлек, жекелеген пәтерлерде жылу желісінен өздігінен ыстық су ағызатындар қатары заяр емес. Осының салдарынан беріліс жүйесінде қалыпты температура сақталуы үшін отын мен энергия шамадан артық шығындалады. Түптеп келгенде, жылумен жабдықтайтын мекеменің қалыпты жұмысына кері әсер етеді.

Қаланың әкімі борышкерлерге қатысты Үкіметтің №110 Қаулысын басшылыққа алуды, мәселенің шешіміне депутаттарды, қоғамдық бірлестіктерді, жергілікті қауымдастықты араластыруды ұсынды. Жылу мекемесі кірісін толтыру жолы мен тұтынушы қатарын көбейту тәсілін іздестіруі қажет. Жұмыста қайтарым болуы үшін істі мәжбүрлі шараға, сот талқысына жеткізбей, адамдарды жылу ақысын жүйелі төлеуге бейімдеген абзал. Үй тұрғындарының жиынында бүгінгі күн тәртібін қайта көтеруге тоқтам жасалды. Екі басшының екеуіне де қалалықтарды жылу мен сумен біркелкі қамсыздандырғаны үшін алғыс айтты.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҚҰЛЫ.