ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР – КӨНЕНІҢ КӨЗІ

Музей бүгінгі күні – тек ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту мекемесі ғана емес, ол – ұлттың ұлт екенін айғақтайтын ерекше мәнді киелі мекен, ерекше рухани орда, құнды жәдігерлер әлемі. Музей жәдігерлерінің сақталуы уақытпен шектелмейді. Музей қызметкерлерінің міндеті – өткен тарихтың заттық ескерткіштерін келешек ұрпаққа шашауын шығармай, қылауын қисайтпай жеткізу.

Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау аудандық тарихи-өлкетану музейі ел тарихына қатысты материал жинақтаумен айналысуда. Мекеменің 25 жылдан астам қызметінде қорымызға жалпы 3000-нан астам жәдігер жиналды. Ел тұрғындары А.Д.Хасенов, Т.Ж. Жәниева, Г.И. Бебенина, А.Д.Мәжитов былтыр көнеден жеткен бұйымдарын табыс етті. Музейге жәдігер өткізуде Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің оқушылары белсенділік танытуда. Атап айтсам, 7 сынып оқушысы Дарья Никифорова 1900 жылдың басында ағаш қабығынан тоқылған аяқкиім (лапти) табыс етті. Осы мектептің 5 сынып оқушысы Павел Лесной пневматикалық мылтық, ХІХ ғасыр үтігін, төсбелгі жиынтығын тапсырды. Музей саласының ең негізгі қызметінің бірі – қор жинау жұмысы. Сондықтан Ереймен жұртшылығын қолда бар көне дүниелерін музейге тапсыруға шақырамыз

Атап айтсақ, тұрмыста қолданатын ескі бұйымдарды, фотосурет, ата-әжелерімізден қалған киім-кешектің барлық түрін, әшекей бұйымдарын, ат әбзелдерін, жалпы көне дәуірдегі заттардан бастап, Кеңес заманында және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шыққан заттарды музейге қабылдаймыз. Құрметті оқырман, Сіз де бұл игі істен тыс қалмаңыз, атадан мұра боп келе жатқан дүниеңіз, тұрмыста қолданбайтын, бірақ, лақтыруға қимайтын ескі заттарыңыз болса – музейге әкелуіңізді сұраймыз. Біз Сіздер әкелген бұйымдарды құнды жәдігер ретінде қабылдаймыз. Заттай тарихымызды қастерлеп, болашақ ұрпаққа аманаттауға бірге үн қосайық!

Ләззат ҒАББАСҚЫЗЫ,

музей директоры

Суретте: Павел ЛЕСНОЙ.