ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ КҮЗЕТІНДЕ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Наурыздың соңында «Нұр Отан» партиясының жастар қанатының мерейтойлық съезі өтті. Оған Ақмола облысы делегаттарының құрамында «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мадияр Смағұлов, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Ерейментау ауданы бойынша санитарлық дәрігері Иззат Сетаев қатысты.

Біз Иззат Жаңбырбайұлына жолықтық. Мәртебелі жастар форумынан көңілге қандай әсер түйгенін, нендей жаңалыққа қаныққанын, «Жас Отанның» мүшелеріне, аудан жастарына не айтары барын білгіміз келді.
-Қазақстанның көшбасшы партиясының жастар қанатының Х съезіне делегат ретінде қатысқаным мен үшін зор абырой мен сенім болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған сәлемін ықылас қоя тыңдадық. Оны гала-форумда Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова оқып берді. Мемлекет басшысының Жолдауы, 5 институционалды бастамасы негізінде жас ұрпақтың алдында тұрған міндеттер, оған қоса мемлекеттің жастар саясатын дамыту стратегиясын жобалау негізі қамтылыпты. Түпкі мәнісі сана ашықтығы идеясына, білім мәртебесіне, бәсекеге қабілеттілік идеясына, прагматизмге бағытталған.
Съезге қатысушылар 5 сессия бойынша 20 командада жұмыс істеді. Олар: Рухани жаңғыру, Кәсіпкерлік, Дені сау ұлт, Білім, Ғылым және инновация. Біздің командамыз дені сау ұлт бағыты бойынша жұмыс істеді, саламатты өмір салтын насихаттауға арналған кейс міндет жобаланды. Сөзіме қайта оралғым келмесе де, СӨС дұрыс тамақтанудан басталады. Ұлт саулығына оң да, теріс те, ықпалын тигізетін бүкіл қағидаттар әңгіме тақырыбына айналды. Ол: жүкті әйелдің тамақтануы, сәби тағамы, баланың жасымен үйлеспейтін жиһаз, улы бояу араластырылып жасалған ойыншық, оқушылардың семіздік проблемасы және балалардың денсаулығына әсер ететін психологиялық факторлар.
Спикерлердің сөзі де барынша қызықты, тартымды шықты. Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшен, темекі шегуге қарсылық коалициясының төрайымы Жәмила Жеңісқызы, сессиямыздың модераторы қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Берік Шәріп келелі ой қозғады. Назарбаев университеті ядролық медицина саласының ғылыми қызметкері, өкінішке қарай, аты-жөнін жазып алмаппын, заманауи медицинаның онкологиялық дертті диагностикалаудағы жетістіктері жайында танымдық ақпаратын ұсынды.
Осы әңгіме алаңында жастармен жұмыс істегенімде, ел жастарының бір орында қожырамайтынын, еңбектенетінін, инновациялық жаңа идея ұсынатынын, оны іске асыратынын түсіндім. Елімізді әлемдік қауымдастыққа жетелейтін жандар бізде де баршылық.
Біз екі кезеңмен жұмыс жүргіздік, міндет белгіледік, спикерлердің ақпарын тыңдадық, енді «Саламатты тағам» тақырыбына жоба әзірлеуіміз қажет болды. Асқазан-ішек жүйесі дертінің, семірудің, жүрек-қан тамыры науқасының, сусамырдың және өзге сырқаттың алдын алу мақсатына назар аудардық. Тобымыздың мүшелері санитарлық-ағарту жұмысы арқылы, мемлекеттік органдарды, ата-аналар қауымдастығын іске тарту, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілердегі қалыпты жарияланым арқылы саламатты тамақтану мәселесін шешетін жолды ұсынды.Біз саламатты тамақтануды ұйымдастыру жобасын жасадық. Оған түпкілікті нәтижесі көрінетін, халқымызға пайда беретін өз ұсынысымызды енгіздік. Ол «Жас Отан» жастар қанаты мүшелерінің барлық бағыттағы қызмет мақсатына айналмақ.
Мен Қарағанды мемлекеттік медицина университетін «Санитарлық дәрігер» мамандығы бойынша тәмамдағаннан бері төртінші жыл қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ерейментау ауданы бойынша ұлттық сараптама орталығы бөлімшесін басқарып келемін. Қызметтік парызым бойынша халықтың санитарлық-эпидемиологиялық амандығын қадағалауға тиістімін. Қала мен аудан тұрғындарына бізге өз құқығы мен денсаулығын қорғау бойынша жазбаша өтінішпен жолығуына болады. Кінәлілерге сәйкестелген шара қолданылуы үшін хатта тиянақсыз көрсетілген қызмет, сапасыз тағам, сақталу мерзімі асып кеткен өнім сатылым фактілері келтірілуі шарт. Тек бірлікпен ғана теріс пиғылды жеткізушілер мен өткізушілерге тосқауыл қойып, өз денсаулығымызды қорғай аламыз.

Раушан НУРГАЗИНОВА