«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласының жарыққа шыққанына жуырда жыл толды. Осы уақыт аралығында барлық өңірде, біздің ауданда да тарихи маңызды, мәдени-танымдық, тәрбиелік мәні ерекше бірқатар шара ұйымдастырылды.

Түске дейін білім ордасына тарих мұғалімдерінің облыстық семинары өткізілді. Бірнеше ауданнан келген әріптестер ашық сабақ өткізді, жаңартылған жүйемен пән оқыту тәжірибесі мен әдістемесімен бөлісті.

Белгіленген уақытта оқу орнының ауласында тұсаукесер рәсімі өткізілді. Барабаншылар маршы бүгінгі шараның өзіндік беташарына айналды. Ағаш қасықшылар ансамблінің тартымды өнері мерекелік оқиға ажарын аша түсті. Мерекені жүргізушілер Екатерина Кожарская, Надежда Кем, Валерия Доценко қала тұрғындары мен қонақтарын үш тілде құттықтады, мәнерлі өлең шумақтарымен сахнаны әрледі. Аудан әкімінің міндетін атқарушысы Абай Әлжанов көпшілікті қызу құттықтай келе, мақаланың мән-мазмұнына егжей-тегжейлі тоқталып өтті, бірқатар бөлім басшыларына, мектеп әкімшілігіне игі бастаманы қолға алғаны үшін алғыс айтты. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Медеу Әбжіков жылы лебізін арнады. Ақмола облыстық білім басқармасының әдіскері Нұрлан Мағауин кабинеттің тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Мектептің бірінші қабатының фойесінде оқушылардың қолөнер бұйымдары мен сурет көрмесі безендіріліпті. Ал кабинеттің өзі тақырыптық сабақ жоспарымен, кітаппен, ел қорғаған батырлар мен әділдікті тура айтқан билердің ғұмырбаян деректерімен молынан қамтылған. Туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне қанығуға жол ашатын көрнекі оқу құралдары да жеткілікті. Мектеп оқушыларының жаңағы қазыналы мұра арқылы рухани мол азық алатынына, елтану ілімі негіздерін терең меңгеретініне сенімдіміз.

Өңірлерден арнайы келген қонақтар, тарих мұғалімдері бұл күні Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейін аралап көрді. Мекеме директоры Ләззат Түгелбаева, ғылыми қызметкер Манап Әдірешев оларды жылы қарсы алды. Пән мамандары құнды жәдігерлерді көрді, Ереймен өңірінде жасап өткен тарихи тұлғалар, аты аңызға айналған Бөгенбай батыр мен оның үзеңгілестерінің жоңғар шапқыншылығымен айқасы туралы қызықты дерекке қанықты.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Суретті түсірген ЗУХРА ТАСБОЛАТОВА .