ТУҒАН ЖЕР ДЕП СОҒАР ЖҮРЕГІМ…

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Қабылданғанына жуырда бір жыл толған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген іс қолға алына бастады. Ақмола облыстық білім басқармасы осындай игі шараның бірін ұйымдастыруға ұсыныс енгізді.

Жас жеткіншектерді отаншылдыққа, ұлтжандылыққа бейімдеуді, өзінің шағын Отанын мақтан тұту дағдысын қалыптастыруды көздеген аталмыш басқарма, Балалар мен жасөспірімдер туризмі өлкетанушылар мен экологтардың облыстық орталығымен бірге «Менің шағын Отаным» облыстық байқауын ұйымдастырды. Шығармашылық өнер бәсекесінде облыстың әр ауданынан бірнеше мектеп білімі мен бағын сынады. Ерейментау ауданының атынан Перуаш Кәрімұлы атындағы орта Малтабар орта мектебінің оқушылары қатысты.

Байқау бағдарламасына енгізілген алты аталым негізінде дерек жинауға қызығушылықпен ықылас қойған оқушылар мен ұстаздардың ізденісі аз болмады. Игі істі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Маржан Омарова сәтімен ұйымдастырды. Ауылымыздың қариялары: Ерейментау ауданының құрметті азаматы Амантай Имағамбетов, Сүйіндік Қасенов ата, Мәшәкәр апа Біләлова және аудандық«Ереймен» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы шәкірттерімізге тұжырымды ағалық бағыт-бағдар берді.

Жалпы бес аталымды таңдаған, ізденіс ниетімен еңбек атқарған оқушыларымыздың бағы жанды, толымды нәтижеге қол жеткізді.

6 сынып оқушысы Гүлім Әміржанова «Менің ауылымның тарихы», 9 сынып оқушысы Дильназ Сүлейменова «Менің жаным-табиғаттың жаны» аталымында І дәрежелі Дипломмен марапатталды.

8 сынып оқушысы Ерназар Аяулымның жұмысы «Бүгінгі заманның ақындары» аталымында ІІ дәрежелі Дипломмен көтермеленді.

«Тамаша шежіре» аталымы бойынша отбасылық шежірені қорғаған 8 сынып оқушысы Малика Кенжалина, 10 сынып оқушысы Тұраналы Біләлов ұйымдастыру алқасының сертификатына қол жеткізді. «Шағын Отанымның символы» аталымы негізінде 8 сынып оқушысы Дүйсен Гүлнұрдың дайындаған еңбегі дәл осындай сертификатпен бағаланды.

Оған қоса өз оқушыларын үкілі үмітпен конкурсқа қосқан, еңбегіне кеңесшілік ниетпен ғылыми жетекшілік жүргізген әріптестеріміз Маржан Омарова, Қызылгүл Ермұқанова, Шынар Біләлова, Айдана Шпекбаева облыстық ұйымдастыру алқасының Алғыс хатымен көтермеленді.

Шәкірттеріміздің игі жетістігі – елтану негізін қалауға қосқан өлшеусіз үлесінің бір парасы әрі бәріміздің ортақ мерейіміз.

Қызылгүл ҮКІБАЙҚЫЗЫ,

қазақ тілі пәнінің мұғалімі.