ЖҮСІП КІМНІҢ АТАСЫ ЕКЕН?

Облыстық «Арқа ажары» газетінің кезекті бір нөмірінде «Ерейментауда Мұғалжар жылқысы өсіріле басталды» тақырыбымен жарияланған мақаланы оқып едім. Бүгінге дейін бос қалған жерді игерген, Отанымыздың игілігіне үлес қосқан кейіпкер ініміз Темірбекке ризашылығымды білдірдім. Ерейменнің жер жәннатының бірі – «Қоянды-Қойтас» аталмай, тек туырлықтай аумағы бар Кірмаңдай (дұрысы- Кермаңдай) ауылының аталуына көңілім толмай, бұрын аудандық газетте басылған «Атақонысқа саяхат» атты мақаламды, жер атауына қарай ықшамдап, «Қоянды-Қойтас» айдармен жіберіп отырмын. Бұл жер туралы бұрын-соңды таспаға түскен дүние кездестіре алмадым.

*- «Ерейментауда Мұғалжар жылқысы өсіріле бастады» мақаласы басылған газеттің қай жылы шыққанын басылымның сайтына керсек те – анықтай алмадық. Өйткені ол саны сақталмаса керек, есесіне өз архивімде жолдау хат пен мақалам қағазда сақталыпты, тек даталары көрсетілмепті. Бұл түлік, сол кездегі Қойтас ауылдық округі әкімінің айтуынша, Ерейменге 2009 жылы әкелініпті.

***

Өкінішке орай, менің бұл мақалам «Арқа ажары» бетінде жарияланбады. Есесіне 2017 жылдың 25 шілдесінде жоғарыда аталған Жайтапов Темірбек інімізбен жүздесуге тағы да Өндіріс баласы Жылқыбай себеп болды. Темірбек мені сырттай біледі екен, сондықтан Қаратал қоныстарының ескі қорымынан арабша жазылған, жартылай көміліп жатқан құлпытасты оқытуға мені және құран оқытып, көтеріп қоюға молда ретінде малтабарлық Дәулетей руынан Базарбай Жанбиевты алдыртқан екен. Бата жасап қой сойылды да, ас дайын болғанша, менің өтінішім бойынша, «Жантай ауылы» мен «Шөнен Қарасуына» жол тарттық.

Өтінішім тектен-тек емес еді, өйткені Жантай ауылында бестөбелік Шахме (Әбушахман) калпенің медресесі болған деген мағлұмат бар, тіпті болмаса медресенің тапырын көре кету болса, «Шөнен Қарасуы» Пұшқантай руынан Шөнен атына байланысты болғасын, руластарымның құлпытастары болса, қарай кетейін деген ой еді, бірақ ештеңе таба алмадым.

Жолшыбай Темірбек: «Төртқара» деген ауылдың қорымына соға кетіп, басына дұға оқиық, себебі осы маңнан өткенде ылғи бір келеңсіз жағдайларға тап боламыз, бір киелі жер болуы мүмкін» – деп өтінді. Келіп жазулардың үстінен тағы да фломастермен жүргізсек, мен бұрын бір болып оқыған тастар екен, бірақ жер атауын ол кезде мен білмеппін.

Тік тұрған тас Пұшқантай Жанмырза Салпық баласы Нұрфайыз (Нүрпейіс, Нұқы), жерде жатқан бір тас Салпық баласы Нұрмандікі болса, екінші тас мүк басып, жазулары мүлде оқылмады, оны қырғыш, темір щеткамен тазалап барып қана оқуға болар. Тағы бір төңкеріліп жатқан қара тасты қолымызда құрал болмағандықтан көтеріп оқи алмадық, бұл енді хабардар болғасын, ұрпақтарының еншісінде деуге болар. Салпықов Қайыркеш Жаңажол ауылында тұрады. Нүрпейістен Шәріп, Шәріптен сыбанып кірісетін ер азамат бар-жоғын білмеймін, ал Нұрманнан Ыбырай баласы Қалимерден Астанаға көшіп кетіпті, хабарласа алмай жүрмін.

Ерейментау ауданындағы ауызекі айтылатын «Тасқора» ауылының тарихи атауы «Тасқара» екенін «Баспан шежіресін» жазу барысында, оның авторы Ахметов Теміртастан білдім. «Тасқара» – осы елді мекенді қоныс еткен Баспанның бір атасының есімі екен. Барлық картада «Тасқора» емес, «Тасқара» деп жазылып жүргеніне, картадан көрген сайын: «Осы орыс картографтарының жауапсыздығы-ай!» – деп, ызам келетін. Осы сияқты «Төртқара» ағайынды қара келбетті төрт адамның құрметіне аталған болар. Кім біледі?

Әңгімеме арқау болып отырған Жапалақ тауының батысындағы Қаратал, басқа Ажы мен Шәкей маңында да Қаратал ауылдары бар.

Қараталдағы тас жазуы көрінер-көрінбес екен, менің көзім соңғы уақытта нашар көретін болған соң, Темірбек баласы жазудың үстінен фломастермен жүргізсе де (ол араб графикасымен таныс болмаған соң, дұрыс-бұрыс жүргізгені маған беймәлім), Иусф (Юсуф, Жүсіп) анық, Тахироғлы болжамдап қана оқылды. Тоқмағамбет хазірет атындағы Ерейментау мешітінің имамы Еркебұлан «Жүсіп Әбділдә» баласы деп анықтап берді. Еркебұланға ризашылығымды білдіремін. Рахмет!

Бұл маңда Жүсіп жерленген заманда қай рудың адамдары тұрды? Жүсіп кімнің атасы екен?

Мейрам БӨКЕШ.

Ерейментау қаласы.