ЖАҢА НАУҚАН ҚАРСАҢЫНДА

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Жылда көктемде алқапқа көз салған сәтте бусанған жер исін сезінген, бозторғай үніне құлақ түрген «Глория» шаруа қожалығының басшысы Сергей Рыбалко егістік алаңының үлестірілім ретіне, түсім молшылығы үшін қандай техника мен технологияны қолдануға болатынына жіті мән береді. Ауылдасымыз қыстың ұзақ түнінде де осы мәселені ойластырумен жүреді.

Сергей Васильевичпен әңгімеміз жер баптаудың пысықталған тәсіліне, көкөніс шаруашылығының қалыптасуына, материалдық-техникалық әлеует болашағына, ауа райы болжамы мен әрі қарай өркендеу жоспарына арналды.

-«Глория» шаруа қожалығының Новомарковка ауылдық округінің аумағына қоныстанғанына ширек ғасырдан асты. Негізгі кәсібі картоп өсіруге бағытталған. Өткен жылдың тәжірибесі, Елорда мен аудандағы жәрмеңке өткізілімі картоп егістігін қысқарту қажеттігін аңғартты. Себебі көктемгі-жазғы кезеңде минералды тыңайтқышты мол пайдаланатын, бағалы дақылдан екі мәрте түсім жинайтын республикамыздың оңтүстік өңірі екінші нанымызды молынан өндіруде. Әдетте ірі қаланың тұрғындары қысқа қор жинамайды. Сондықтан оларға бағасы қолайлы оңтүстіктің өнімі барынша үйлесімді. Қысқы капуста өткізілімінің жағдайы да осындай. Біздің өніміміз экологиялық тұрғыда әлдеқайда таза, қыста жертөледе жақсы сақталады, сапасын бағалайтын ауыл тұрғындарына өте қолайлы. Былтыр бір мезгілде 300 тонна көкөніс сақтауға лайықталған иесіз ғимаратты қалпына келтірдік. Енді артық картопты сенбі сайын орталық базарда сататын боламыз. Жер өңдейтін, түсім жинайтын бүкіл техника – заманауи үлгідегі доңғалақты трактор, «Нива» комбайны, өзге механизмдер сапта тұр. Биыл қорда бейімделген жақсы сорт, дайын тұқым бар болса да, картоп алқабын 10 гектарға дейін азайтуды ұйғардым. Өткен жылдың күзінде 100 гектар пар жырттық, қысқа таман 50 гектарға еркекшөптің тұқымын септік. Көктемде дәнді дақыл: бидай мен арпа себуді жоспарлаймыз, 100 гектар жер малазықтық эспарцетке арналады. Егіншілікке қоса мал өсіруді де ұйғардық. Қазір қолда жылқы, ірі қара, қой-ешкі күтілуде. Ешкі жайында айтарымыз бөлек. Сүт тұқымдас бірнешеуін сатып алдық. Диеталық тағам ретінде ол Астанада да өз тұтынушысын табады. Өзге түлік әзірше тұқымсыз, оны жақсартуды қолға алатын боламыз. Келешекте саланы дамытуға, мал басын көбейтуге негізделген 800 гектар жайылымымыз баршылық. Омарташылыққа да ықылас қойдым, былтыр 5 ұясы болған, қысқыға тек екеуін ғана қалдырдым.

Шаруашылықта үш жұмысшы тұрақты кәсіп атқарады. Көктемгі-дала жұмысына 15 адам, көктемгі жиын-терін науқанына 30 ауылдасым кіріседі.

Биылғы егіс науқанында ауа райының қолайлы болатынына үміттімін. Көктемгі жоспарлы істің бәрі уақтылы әрі мерзімінде жүргізілгені абзал. Техника мен тұқымымыз қазірдің өзінде дайын. Өйткені Жер-Ана бап тілейді, ұқыптылықты қалайды. Міне осы қағиданы негізге аламыз, деп әңгімесін аяқтады тәжірибелі шаруа Сергей Рыбалко.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА