АҒА БУЫННЫҢ ЛЕБІЗІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 2,00 из 5)

Loading...
Расында да солай. Бұл қағиданың ақиқаттығына өз басым мектеп қабырғасынан бастап бүкіл ғұмырымда көзімді анық жеткіздім. Бала күнімде Благодат мектеп-интернатында жергілікті ұлт өкілдеріне қоса орыс, украин, неміс ұлтының оқушыларымен сабақты қатар оқыдым. Ер балалар тынығатын бөлмеде бірге қонған, бертін мәртебелі лауазымға – Қазақ КСР-ының байланыс министрі дәрежесіне көтерілген Сәбит Байжанов әлі күнге дейін есімде қалды. Мен ол уақытта бесінші, Сәбит оныншы сыныпта оқыған болатын. Жас айырмашылығымыз айтарлықтай болса да, жақын аға-інідей сыйластық.

Жасым жеткенде мерзімді әскери қызметке шақырылдым. Н. әскери гарнизонына қарасты байланыс батальонында жүргенде, іле спорт ротасына ауыстырылаған сәтімде барлық турнирлерде түрлі ұлт өкілдерінен құралған спортшы сарбаздармен бірге әскери бөлімнің абырой-намысын бірге қорғадық.

Запасқа босатылғаннан кейін мамандық таңдауға, алдағы өмірден өз орнымды іздеуге ден қойдым. Спортқа әуестігім таудай талабыма молынан септесті. Жүрек қалауыммен осы салада бағымды сынауды жөн көрдім. Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының дене тәрбиесі және спорт факультетінің күндізгі бөліміне құжатымды өткіздім. Бүкіл емтиханды сәтімен тапсырдым. Бағым жанып, көңілім қалаған жоғарғы оқу орнына түстім. Тобымыз әр ұлттың балаларымен толыққан екен. Қызыққа толы төртжылдық студенттік шағымызда әртүрлі мәртебелі турнирге де, мәдени шараларға да, бірге бардық. Жарыс алаңында бір-бірімізге жанкүйер болдық. Жақсылығымызды да, олқылығымызды да, бірге көтердік. Бізді сол кездегі Одақтың айтулы спортшылары баптады. Күрес кафедрасын Асқар Асубаев басқарды.

1974 жылы жолдамамен мені Целиноград облысына жібергенде туған ауданыма оралдым. Ерейментау балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ұстаздық-бапкерлік қызмет атқарған жылдарымда қазақ балаларына қоса грузин мен шешен, неміс пен поляк, орыс пен кәріс ұлтының жеткіншектері де менің тұрақты шәкіртіме айналды. Ұжымдағы әріптес тәлімгерлердің бәрі жаттығуда да, алыс өңірге сапарға шыққанда да – жалпы жұмыс бабында өздері баптаған палуандарды ұлтқа бөлмеуге, алаламауға тырысты. Нәтиже шығарылғанда бәрінің қол жеткізген таза жеңісіне, марапат-атағына бапкерлері бірге қуандық, жастарымызды мақтан тұттық. Шәкірттеріміздің көбі өз талпынысымен самбо, дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер, егемен елдің лайықты жүлдегері атанды. Олар: Олег Гамрекелашвили, Виктор Кузнецов, Валерий Король, В.Принц және басқалары.

Бүгінде зейнеттік демалыстамын. Әйтсе де, ауданымызда тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің достығы мен ынтымақтастығын нығайтуға қарапайым еңбегіммен үлес қосқанымды айта аламын.

Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Отан тыныштығын көздеген көрегендік саясаты көпұлтты Қазақстанда татулық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталып отыр. Әлемде теңдесі жоқ мәртебелі ұйым – Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғаны бұл сөзімізге анық дәлел. Алға қойған міндетті сәтімен жүзеге асыруға спортшылардың, өз әріптестерініздің, дәлірек айтқанда – бапкерлердің белгілі бір үлесі бар екенін айтқанымыз әділ болар, сірә. Өйткені спорт әлемі ешуақытта ұлт таңдамайды.

ҚАЙЫРКЕН ЖАҚЫП,

ҚР еңбегі сіңген бапкері, ауданның құрметті азаматы.