АУЫЛДА ДА ДҮБІРЛІ МЕРЕКЕ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
ДОСТЫҚТЫҢ ІРГЕСІ НЫҚ, УЫҒЫ БЕКЕМ

Алдағы айдың алғашқы онкүндігі мемлекеттік мерекеге, айтулы даталарға өте бай. Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні тұтас елмен бірге тойланбақ.

Бұл күні аудан орталығында мерекелік шеру, ынтымақ-бірлігін жарастырған ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тағам көрінісі жоспарланған. Ауыл халқы да тиісті жоспарына сәйкес көтеріңкі көңіл-күймен, ізгі ниетпен әрбір мейрамды бірлесе атап өтеді. Заманауи байланыс желісі арқылы бізге алдын-ала жеткен ақпарға үңілсек – бәрінің даярлығы өз деңгейінде. Енді оған бір сәт зер салып көрейік:

Ақсуат ауылдық округінің әкімдігі өңір әкімінің міндетін атқарушы Жібек Ыдырысованың басшылығымен үстел теннисі мен волейболдан жарыс өткізеді. Епті де білекті ауылдастар бұқаралық спортты, саламатты өмір салтын насихаттамақ. Ұйымдық мәселені спорт әдіскері Қазбек Кучкарев өз міндетіне алады. Сонымен мерекелік демалысқа, әуесқой спортшыларды ойын алаңына біріктіруге негізделген шара ұйымдастырылады.!

Аға буын да ескерусіз қалмайды. Мәдениет, білім қызметкерлерінің бірлігімен танымал өнерпаздардың, жас буынның күшімен жергілікті клубта мерекелік концерт беріледі.

***

Еркіншілік ауылының тұрғындары мәдениет үйіне жиналады. Округ әкімі Жаңабай Амангелдинов көпшілікке мерекелік лебізін арнайды. Көрермендер Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған концертті тамашалайды. Бағдарламаға соғыс жылдарының ән фестивалі де енгізілмек.

Ауыл стадионы спорт майталмандарын түрлі ойынға шақырады. Жеңімпаз – жүлдегерлерді демеуші қауым дайындаған сыйлық күтіп тұр. Мәдениет ошағы кешкілікте жастар мен мектеп оқушыларын мерекелік би кешіне шақырады.

Өлеңті ауылдық округінің мейрамға дайындығы ойлағандай деңгейде. Өнерсүйер қауымның бәрі ауыл клубына жиналып, жергілікті өнерпаздардың репертуары тартымды концертін тыңдайды. Негізгі бастама иелері: клуб меңгерушісі Құралхан Бақытхан, ауыл кітапханашысы Жадыра Ахметжанова. Отан қорғаушылар күні қарсаңында елді мекенде ақындар айтысы, түрлі спорт жарыстары өтетін болады.

Торғай ауылдық округінің өнерпаздары 1 мамыр күні өңір халқы мен меймандарын өнер шеберлерінің мерекелік концертіне шақырады. Жеңіс күні округ бойынша Отан қорғаған, келешек ұрпағының бейбіт болашағы жолында мерт болған азат етуші жауынгерлерді еске түсіретін митинг өтеді. Ізінше футбол турнирі жалғасады.

Бозтал ауылында да мамырдың алғашқы жұлдызында дәл жаңағыдай концерттік шара межеленіп отыр. Ауыл халқы 9 мамыр Жеңіс күнін ерекше сезіммен қарсы алмақ. Алғы жоспар бойынша елді мекенде Естелік тақтасының пердесі айқара ашылады. Оған туған жерге оралуды тағдыр жазбаған, жат елде қаза тапқан қаһармандардың, соғыстан кейінгі уақытта бақилыққа аттанған майдангерлердің есімі қашалып жазылады. Игі шара жайындағы толық ақпарат газетіміздің алдағы нөмірінде беріледі.

Новомарковка орта мектебінде ұстаздар ұжымы мен оқушылардың күшімен бірінші мамырға арналған мерекелік концерт өтеді. Білім ордасының спорт залы ауылдастар мен мұғалімдерді волейболдан жолдастық кездесуге шақырады. Ізінше 7 мамырда спорт ойындарын өз қалауымен оқушылар мен ересектер жалғастырады. Жеңіс күні азат етуші жауынгерлер ескерткішінде митинг, өнер шеберлерінің концерті, дәстүрлі «Мәңгілік полк» шеруі ұйымдастырылады.

Сілетіде жергілікті әкімнің бастамасымен, мемлекеттік мекеме мен облыстық наркологиялық аурухана ұжымының қатысуымен 1 мамыр мерекесі митингпен ашылады. Ізінше ауыл көшелерінің бойымен жалпылама шеру жалғасады. Кітапхана қызметкерелері Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын әспеттейтін тақырыптық көрме безендіреді. Мектеп әкімшілігі оқушылардың сурет көрмесін жариялаған. Мәдениет үйінде клуб меңгерушісі мен мектеп басшылығының бастамасымен концерт өтеді.

Клуб қызметкерлері Отан қорғаушылар күні Сілеті мектебінің 7-8 сынып ер балаларының арасында патриоттық бағыттағы тақырыптық конкурс жариялады. Жеңіс күні дәстүр бойынша тиісті шараларымен қаза тапқан боздақтар рухына тағзым етіледі.

Бестоғай мен Байсарыда клуб, кітапхана, мектеп қызметкерлері мен жергілікті өнер шеберлерінің бірлескен концерті қойылады.

Ақмырза ауылының өнерпаздары да бірінші мамыр күні дәстүрлі концертімен жерлестерін разы етпек ниетте. Спорт әдіскері Талғат Еркебұлан баскетбол мен үстел теннисіне әуес жандарды өз айналасына топтастырады. Күш-қабілетін ойын алаңында сынап көруге шақырады.

Ауданымыздан қашық орналасқан Күншалған ауылында да мейрам өз жөнімен тойланады. Золотхан Альдиева басқаратын жергілікті клубтың сахна пердесі округ әкімі Айланыш Тілекберді мен «Ақдым» ЖШС басшысы Бекім Әкімовтың жақсылық тілеген құттықтау лебізімен ашылады. Мәдениет ошағы жетекшісінің бастамасымен мерекелік концерт жалғасады. Есімі көпке танымал «Шуақ», «Атамұра», «Ивушки» ансамблі, домбырашылар ансамблі, «Жұлдыздар» балалар вокалды тобы, ауыл мектебі мұғалімдерінің «Қыздар-ай» вокалды ұжымы сахна төріне көтеріледі.

P.S. Осылайша мамыр күндерінде барлық жерде ауылдастардың көтеріңкі көңіл-күйін, патриоттық рух беріктігін, мызғымас ынтымақ-бірлігін аңғара аламыз. Дағдылы игі дәстүріміз ұдайы лайықты жалғасын табуға жазсын. Әр күніміз толымды табысымен, жағымды жаңалығымен даралана берсін. Еліміз тыныш, басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын, қадірлі ауылдастар!

«Ерейменнің» өз ақпараты.