БАСШЫНЫҢ БІР АЙТАРЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

ОЛАР ДА ОҚУҒА ҚҰҚЫЛЫ

Аудан орталығында жұмыс істеп жатқан жалпы білім беретін мектеп, мектепке дейінгі, мектептен тыс мекемелерден бөлек, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті де қызмет атқаруда. Негізгі жұмыс бағыты денсаулығы сыр берген, ерекше санаттағы балаларды өмірге бейімдеуге, жеке оқытуға, жетілдіруге арналған. Орталық меңгерушісінің міндетін атқарушысы әрі  жоғары білімді педагог-психолог Арай Шахатова жалпы іс-тірлік жайында бізді қызықтырған тақырып аясында ақпар ұсынды.

Мекемеңіздің қызмет бағдары қандай? Бүгінде тәрбиеге қабылданған жалпы бала саны қанша?

– Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі №343 «Білім беруді аса қажет ететін балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдау көрсету туралы» Заңына сәйкес, Ақмола облысының аудандарында 2004 жылы 6 коррекциялық кабинет ашылды. Ол кезде логопед, дефектолог  мамандардың кім және не екенін көбі білмейтін және аудан бойынша бұл мамандықтар жоқ болатын. Балалардың көбі біздің мекемеге келуі қажет еді, ал қазір, бұл кәсіп иелері жайында  кез келген тұлға хабардар, бүгінгі күні салалас 16 мекеме іске қосылған.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті арнайы (коррекциялық) білім беретін мекемеге жатады. Бұл психофизиологиялық мүмкіндіктеріне байланысты балалармен жұмыс жасайтын инклюзивті білім беру саласына енетін мекеменің жаңа түрі. Сонымен тиісті кәсіп бағытына қарай  дефектологты, логопедті, педагог-психологты және емдік денешынықтыру мамандары арқылы көптеген проблеманы бірлікпен шешуге септеседі.


Жылда облыс жиындарында жаңадан келген мамандармен танысамыз, жұмыс барысында тәжірибе алмасамыз, өзара  жәрдемдесеміз. Ағымдағы жылдың 27-30 наурызында  Степногорск қаласындағы әріптестер комиссиясы келіп кетті. Жылдан-жылға біздің мекемеге жіберілген бала саны 40-45-тен асады. Қазіргі уақытта жалпы 40  бала келіп жүр.

– Ауыл баласын арнаулы оқу-тәрбиемен қамту ыңғайы мен болашағына тоқталсаңыз.

– ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылдың 14 ақпанындағы №66 бұйрығына, 2017 жылдың 18 сәуіріндегі №11-3/161 «Арнайы білім беру ұйым түрлерінің қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына, 2017 жылғы 10 қазанындағы №-10/453 «Ақмола облысы әкімдігінің кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» Қаулысына сәйкес мекеменің Жарғысына өзгеріс енгізілді. Егер, алғашқы дәрігерлік-педагогикалық көмек маманының қорытындысы негізінде балалар 3-тен 7-ге дейінгі жаста қабылданса, алдағы уақытта ол 18 жасқа ұзартылды. Демек, мектеп жасындағылар да түзету-дамыту тобына қабылданады. Осыған байланысты, ауылдық округтердегі бала саны көбеюде. Ауыл баласының біздің мекемеден толыққанды коррекциялық көмек алуы біз үшін проблема. Өйткені олардың бұл жақта туысы, не тұратын жері жоқ. Оған қоса, сабаққа жұмасына 2 рет, мамандардың санына қарай 1-1,5 сағат қатысуы керек. Әрине, оның бәрі қаржыға байланысты (көлік және пәтер жалдауы бар). Бюджеттік өтінімде көлік мәселесі туралы айтылған, бірақ, облыс бұл мәселені қарастыруда. Сондықтан, бұл проблема күндердің бір күні шешілер деп ойлаймыз. Ал, кейбір ауылдағы ата-аналар жағдайына қарай балаларын сабақтан қалдырмай, әкеп тұруға  тырысады.

Материалдық-техникалық әлеует, мамандардың білім-білік деңгейі.

-Материалдық -техникалық әлеуетке келсек – 2013 жылдан бастап облыс жеке ғимарат бөлді. Алайда, әсіресе күз бен қыста, кеңсеміздің іші салқын болады.  Тұтынушы құқығын қорғау қызметі қаңтар айында тексеріс жүргізді, нәтижесінде бізге айып салынды. Қыз мезгілінде көбінесе балалар жиі ауырады, сабақтан қалады, ал коррекциялық жұмыс іркіліссіз,   уақытында жүргізілуі тиіс. Өйткені, мамандардың жоспары іске аспай, балалардың даму динамикасы төмендей береді. Мемлекеттік қызмет бойынша біздің мекемеге есептелген небары 1 жыл уақыттың ішінде баламен көп жұмыс жасап үлгеруіміз керек. Сондықтан, ғимараттың микроклиматы ісімізге кедергі болмауы тиіс, ал оның нормамен үйлестірілімі қаржыға байланысты. Облысқа, аудан әкіміне, бірнеше жеке кәсіпкерлерге бұл проблема бойынша хат жазылды, алайда, әлі жауап жоқ.

Мекемеде менімен бірге 10 адам қызмет атқарады, олардың 6-уы сала маманы. Ахмет Дариға  – жоғары білімді дефектолог; Надежда Мироненко  – орта білімді әлеуметтік педагог; Татьяна Вельке  – арнайы жоғары білімді дефектолог, тіл дамытушы маман; Валентина Гашек –арнайы жоғары білімді дефектолог, тіл дамытушы маманы; Светлана Мусумбаева – педагогикалық жоғары білімді емдік денешынықтыру маманы. Өзгелері – есепші, аула сыпырушы, еден жуушы және жөндеуші.

Жалпы білім беру мекемелеріндегі мұғалімдер сияқты, біздің мамандар да өз біліктілігін арттырады. «Басқаны үйрете жүріп, біз өзіміз үйренеміз» дегендей, әр маман өз жұмысына жауапкершілікпен, белсенділікпен қарайды. 2016-2018 оқу жылдарында «Аутизм», «Инклюзивті білім беру жүйесі», «Логопедиялық жұмыстың заманауи әдістері» т.б тағы басқа түрлі тақырыптық семинарға қатыстық. .

2017 жылы Ерейментау ауданының дефектолог, логопед мамандарына арналған  «Инклюзивті білім беру жүйесін арттыру» тақырыбында аудандық семинар өткіздік. Аталмыш жиынға  Новомарковка, Торғай, Еркіншілік, Бөгенбай батыр атындағы орта мектебінің мамандары қатысты. Осы тақырыпты  таңдаған мамандар курста, семинарларда алған әдістерімен, іс- тәжірибесімен бөлісті.Ағымдағы жылда әлеуметтік жұмыскерлерге арналған тәжірибелік семинар жоспарлаудамыз. Оған лайықталған дайындық жүргізілуде.

-Мекеме желісін, жұмыс орнын  кеңейту, келешекте жекелеген округ аумағында филиал ашқызу мақсаты.

– Болашақта Монтессори кабинетін ашатын жоспарымыз бар. Неге десек, ХХ ғасырда бала тәрбиесіне өзгеріс әкеліп, төңкеріс жасаған тұлғалар бар. Солардың бірі – италиялық педагог Мария Монтессори. “Монтессори технологиясы” ұғымын естіп жүрген боларсыз? Ол – Мария Монтессоридің бала тәрбиесі үшін жасаған әдісі. Бұл жүйенің негізі: баланың өз-өзін қамтамасыз ете алуы, еркіндігі, психологиялық, физикалық, әлеуметтік дамуының еш қысымсыз, табиғи түрде жүруі. Аталған жүйе дәстүрлі педагогикадан бөлек. Монтессори әр баланы қайталанбас, дара тұлға ретінде қарайды, бүкіл кеңістік иесі бала, ал ересек адам –  көмекші және баланың қадамын бақылаушы. Бұл ой туралы Астана қаласындағы салалас мекеме меңгерушілерімен келіссөз жүргізудемін.

– Бизнес өкілдерінің, халық қалаулыларының қайырымдылық жәрдемі, ниеті қандай деңгейде?

– Қайырымдылық жәрдемі туралы айта кетсек, бұл күрделі сұрақ… балалардың дамуы үшін көп ізденеміз, талай өзгерістерді ғимаратымызға енгізгіміз келеді. 2015 жылы «АЯЛА» қайырымдылық қоры, «ШЕВРОН» компаниясы сенсорлы бөлме, ойын-сауық алаңын әперіп, демеушілік көмек көрсетті. Емдік денешынықтыру кабинетін жабдықтау бойынша «ДАРА» қайырымдылық қорына хат жолданды, алайда, олар бекітілген қаражат жоспарына байланысты көмек көрсете алмайтынын айтты.
Ерейментау қаласы бойынша  «Митин В.В.», «HARD MASTER» Анапьянов К.А.,  «Федюшина В.В.», “Федюшина А.Ф”,  «Деев Ф.Н» «Кристалл» (Е.В.Карякина)  жеке кәсіпшілігі, заңгерлер А.А. Гредин,Т.Ж. Мамбетов, бізге 2 жылдан бері көмек беріп келе жатқан демеушілеріміз. Осы уақыт ішінде көптеген жеке кәсіпкерлерге хат жолданды, алайда, еш жауап жоқ.

Болашақта қойған мақсаттарымыз өте көп, олардың бәрін іске асыру үшін уақыт, күш-қуат, көмек, әрине, қаражат керек. Бірақ, үміт үзуге болмайды. Жыл сайын кабинетіміздің дамуы үшін қолдан келгенімізді жасаймыз.

-Ата-аналарға айтар ұсыныс-тілегіңіз,

-Ата-аналарға айтарым, көмек керек кезде, әр уақытта біздің мекемеге келіп, кеңес алыңыздар! Әрқашан өз балаларыңызға сенім білдіріңіз және мамандар үшін көмекші болғандарыңыз дұрыс.

Жазып алған Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.