ШЕЖІРЕГЕ БІР СӘТ ҮҢІЛСЕК…

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ауылда тұрғасын қолдағы азын-аулақ малдың күтімі мен бабына қатысты күнделікті тіршілік қамының біршама жеке уақытыңды алатыны белгілі. Қыстың іші қырауда күйбең тіршіліктен бір сәт босағанда, ел іші бір-біріне соғымнан дәм татқызып, омыртқаға шақырысады. Осындай басқосуда сағынысып көрісетін ағайын әңгіменің тиегін бір босатады-ау. Қазақтың шежіресіз әңгімесі болмайды. Таңды-таңға ұрып шежіре айтпаса да:
-Мына кітаптан оқыдым, былай жазылыпты!,- деп кейде бірімен-бірі келіспей тарқасатыны және бар. Кітапта жазылғанның бәрін шындық деп ұғатын ағайын, осылай өзінше дәлел айтады. Дұрыс, егер дәлел қисынды болса!…
Өткен жылдың қыркүйегінде Ерейментауда Аудан күні мерекесімен орайластырылған ерекше тарихи-танымдық іс-шара өтті. Ерекшелігі, еліміздің бірқатар өңірлерінен бәрсыпыра қонақ келді, 1000 дана таралыммен шыққан, Ғалы Умаров пен Қоныс Әлімжанов жинақтап құрастырған «Қанжығалы шежіресі», Теміртас Ахметов жазған «Қанжығалы азаматтары» кітабы сол кезде көпшіліктің назарына ұсынылды. Яғни, берісі ауданымыздан, әрісі Алматы, Қостанай, Қызылорда, Ташкент жақтан ат арытып келген меймандар бұл шежіре-кітаптарды шартарапқа алып кетті. Ауқымды пішінді, көркем безендірілген екі кітаптың біріншісі негізінен ата-тек сызбаларынан құралған, ал екіншісі соны толықтырушы деректермен қамтылған екен. Әрине, мен үшін осы екі кітапты басынан соңына дейін шолып, сын айту мақсат емес. Тек қана менің өз басыма қатысты тұстарға тоқталып өтейін. Қазақ руға бөлінбейді, қазақ рудан құралады, дейді. Ата жолымен сөйлесем, өзім өзге рудан боламын. Онда, маған үлкен тайпалы ру қалың Қанжығалы еліне арналған кітаптың қандай қатысы бар?,–дейсіздер ғой. Олай болса, төмендегі жазбаларыма назар аударыңыздар!
«Қанжығалы шежіресі» кітабының 193-бетінде, Қанжығалы-Есен-Алмашы бөлімінде мынадай дерек жазылған: «Ахметов Қаркен Ахметолла (1930-1976) – мемлекеттік қайраткер, Қазақ КСР-ының Кеңес министрлігінің кәсіби-техникалық ағарту мемлекеттік комитетінің төрағасы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1967,1971,1975ж)». Бұл кісі менің әкемнің туған жиені. Апасы Қапизадан туған, яғни маған жиен аға. Айта кетерлігі, Қаркен Ахметовты республика жұртшылығы, жалпы ел жоғарыдағы лауазымымен емес, Қазақстанда Мемлекеттік спорт комитеті құрылғанда 1959-1971 жылдары Қазақ КСР-ының дене шынықтыру және спорт комитетін тұңғыш басқарған адам ретінде біледі. Қарекең жайлы аз-кем мәлімет жазсам, ол кісі жай ғана кресло иемденген шенеунік емес, білікті басшы, нағыз спорт жанашыры болғанын баспасөз беттерінде жарияланған спорт ардагерлерінің пікірінен білеміз. Министр Ахметовтың кезінде Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Әбдісалан Нұрмаханов т.б. спорт шеберлері қазақтың атын айдай әлемге паш етті. Бұл кісінің бастамасымен кезінде Алматыда Орталық стадион, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Медеу мұз айдыны салынды. Спортқа сіңірген еңбегі үшін 1963 жылы Индонезия астанасы Джакартада өткен Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің ГАНЕФО ойындарына вице-президенттікке сайланды.
Қаркен Ахметов Баянауыл ауданына қарасты Ажы ауылының Қаратал (ол кезде Сталин атындағы колхоз. Ж.А.) бөлімшесінде, нағашыларының қолында дүние келген. Қазақ КСР-ы Министрлер Кеңесінің кәсіптік-техникалық білім беру Мемлекеттік комитетінің төрағасы болып жүріп, 1976 жылдың 26 қарашасында Мәскеу қаласында жол апатынан қайтыс болды. Жаза берсек – Қаркен Ахметовқа қатысты әңгіме көп. Осымен тоқтайын.
Келесі.193-бетте: «Екібас – көмір тапқан, қой бағып отырғанда 1900 жылы ағылшындарға айтқан», – деген дерек бар. Басқаша мағлұмат, мәлімет жазылмапты. 1982 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан сол кездегі Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің редакторы С.П.Шевченконың «Экибастуз» деген кітабы 20 мың данамен басылып шыққан екен. Бір қызығы, cол кітапта да: «Екібастұздың кен орнын тапқан қарапайым қазақ қойшысы. Ол боранда шай қойып ішу үшін, екі қара тасқа шәйнегін қойып, астынан от жаққан екен-міс. Бір кезде қараса – шәйнектің астына қойған тастың өзі жанып жатыр екен-міс», деген аңызды келтіреді. Көмір мен тасты айыра алмайтындай, тұтас ұлтты кемсіту, қорлау сарынында жазылған аңыз-әңгімедегі қойшы – осы Екібас емес пе екен?, – деп қалады екенсің. Ешбір дәйексіз, қисынсыз жазылған осынау аңыз-әңгіме шежіре-кітапта да көрініс тапқандай. Пайымдап қарасақ, Қанжығалы шежіресінің бұл тармағының авторы Екібастұз қаласының атауын қойшы Екібастың атымен байланыстырғысы келетін сыңайлы. Бірақ, бұл авторға белгілі өлкетанушы, мұрағатшы Дәурен Аяшиновтың «Экибастуз – что в имени твоем?» кітабындағы мағлұматтарды оқып шыққаны артық болмас еді. Мұрағат құжаттарымен, сол замандағы сурет-карталармен жан-жақты зерттеу жасаған өлкетанушы Аяшинов Екібастұз қаласының атауы туралы қызықты мәліметті ұсынады. Қозған руының Сарықыз-Көбек-Ақша бөлімшесінің старшинасы Үкібас Ақкісіұлының есімі осы маңдағы көлге, кейін сол көл атауы қалаға берілгені бұған дейінгі қала атауына байланысты тұжырымдарды терістейді. Осыны «Қанжығалы шежіресі» авторлары білсе деймін.
299-бетте, Қанжығалы-Есен-Қаратума бөлімі: «Қаратума-Бәйімбет-Әлібек-Базаргелді-Қазбек-Күреңбай. Күреңбай – Ақан серінің Құлагерін сынаған сыншы», – деген ақпар берілген. Бұл да, зерттеуді қажетсінетін ақпарат. Жалпы, шежіренің бұл бөлімін зерттеуші адам деректерді орынды-орынсыз тықпалай беруге құмар екен. Кітап ашып, баспасөз беттерін қарамаған ба? Осы Қанжығалы шежіресі авторларының бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов «Қазақ әдебиеті» газетіндегі (36-саны, 10.09.2004 жыл.) «Мәшһүр Жүсіп ауылы» мақаласында:
– «Ұлылық пен сұлулықтың бесігінде тербеліп өскен жігіт Рамазан Нұрғалиев шешен де шежіре екен…» ойын былайша өрнектеді:
– Мәшһүр Жүсіптің кіндік қаны Қызылтауда тамған. Мұнда 18 әулие, 34 қажы дүниеге келген. Әйгілі Күреңбай сыншы, Жүсіпбек Аймауытов, Қадыр Тайшықов осы жерде туған», – деп жазады. Яғни, Күреңбай Баянауыл өңірінің тумасы, нақтылап айтқанда қызылтаулық, руы Қозған-Сарықыз тармағынан. Күреңбайдың Қозған руынан екенін Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мына бір өлеңінен де білуге болады:
Қозғанда: Бекқұл менен Қабыл орны,
Дүйсекей, сол Күреңбай ескі қорлы.
Бәрінің ортасында жүргенімде,
Болады енді Мәшһүр Жүсіп кімнен сорлы?!
Күреңбай сыншыны «Құлагер» поэмасына жазып елге танытқан Ілияс Жансүгіров болса, қазіргі кезде де бірталай зерттеу еңбектері жарық көрді. «Найзатас» журналының 2012 жылғы 4 санында Қайыргелді Тоқтамысов жазған «Әйгілі Күреңбай сыншы -жерлесіміз» мақаласы оқып шығатын-ақ дүние. Осы мақалада сыншы жайлы бірсыпыра мағлұмат берілген. Сағынай асының ойдағыдай өтуіне белсене атсалысқан, поэмада «Шорманның Оқасы!» деп аталған Садуақас Шорманов, арасында Күреңбай бар Баянауыл жұртын бастап барған екен. 1872 жылғы Санкт-Петербург орталық тарихи мұрағатының дерегінде Қарамола болысының биі деп көрсетілген Күреңбай сыншы 1810 жылы туып, 1896 жылдың 30 қыркүйегінде Ақкөл-Жайылмада Қаражар деген жерде күзеуде отырғанда дүние салған. Зиратының басында жазуы өше бастаған құлпытас бар. Осы заманда ұрпақтары Баян тауының тасынан қашап үлкен ескерткіш-құлпытас орнатты. Көптен бері Қанжығалы тақырыбына қалам тартып, зерттеп жүрген өлкетанушы-шежіреші Сайлау Байбосынның мұрағат деректеріне негізделіп жазылған «Қанжығалылар» тарихи-танымдық кітабында 1856 жылғы дала қазақтарының мал-жан санағы тізімі берілген. Осы құжатта Қамажапар-Қанжығалы болысының Базаргелді-Бәйімбет ауылдарының тұрғыны Құрымбай Қазыбеков жайлы дерек бар. Шежіреде Күреңбай деп жазылғанымен, ресми құжатта Құрымбай екенін осы құжаттан түсінеміз. Сондықтан, Қанжығалы шежіресіндегі Күреңбай – Құлагерді сынаған сыншы, – деген дерек қисынсыз әрі дәлелсіз. Шындыққа жанаспайды. Шежіренің осы тармағының авторына хабарласып сөйлескенімде:
-«Бір кітаптан оқып едім, атауы есімде жоқ…» – деп, мардымды жауап айта алмады. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, мені Құлагерді сынаған сыншы Күреңбайды қалайда өзімнің руласым қылуға құлшынып отыр демеңіздер. Шежіре деректері, кітап бетіндегі жазбалар осылай дейді. Шежіре -тарих, білгісі келетін жас ұрпақтың жан азығы. Ал жан азығын улап беруге ешкімнің хақысы жоқ.
Ендігі бір дерек үлкен әңгіменің басы. Атақты Жантай батыр жайлы. «Жантай батыр (1711-1771) – Үржар өзенінің бойында, Алакөл маңында қалмақтармен кескілескен аяусыз ұрыста қаза болды. Зираты сол жерде.», – деген дерек келтірілген. Кім барып көріп келіпті?! Бірін-бірі толықтырушы екі кітапта да жауап жоқ. «Қанжығалы шежіресі» кітабының тұсаукесері алдында, бір жыл бұрын Жантай батырдың соңғы шайқасқан ұрыс даласы мен мәңгілік мекен тапқан қорымын анықтау мақсатында Ерейментау ауданынан тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылған еді. Сол топтың құрамында мен де болған едім. Алты күнге созылған, бес облыстың аумағын қамтыған экспедиция сапары жайлы, осы «Шаңды жорық ізімен» атты тарихи-танымдық экспедицияның жетекшісі Сайлау Жылқыбаев аудандық және облыстық газеттерде «Ер Жантайдың сұр жебесі қалған жер…» тақырыбымен мақала жазды. Онда Жантай батырдың зиратын анықтау барысында атқарылған шаруа жайлы мәлімет берілген. Экспедиция мүшелерінің зерттеу нәтижесі: Жантай батыр зираты Қарағанды облысы, Шет ауданы аумағындағы Сары-Баян атты төбеде жерленген деген шешім еді. Бұл туралы мақалада егжей-тегжейлі түсінікті жазылған. Ендеше, жоғарыдағы дерекке жол болсын! Сонда шежіре авторлары бұл мақаланы оқымаған ба, әлде экспедиция сапарының нәтижелерімен келіспегені ме?!
Басында жазғанымдай, «Қанжығалы шежіресі» кітабының маған қатысты тұстары осындай. Бірі менің туысыма, екіншісі руыма, үшіншісі өзім қатысқан экспедиция сапарына қатысты. Қазақтың шежіресі дегеніміз – шын мәнінде, қазақтың тарихы. Ал тарих нақты фактілерден құралады. Қазір құдайға шүкір, қағаз қат, сия жоқ заман емес. Шежіре жазсаң да, кітап жазсаң да керекті қосымша материалдарды ғаламтор бетінен оңай тауып аласың. Бабалар атын ұлықтау үшін қыруар қаржы шығындап жазып жатқан кітаптардан жоғарыдағыдай бұрмалаушылықтар көрініс тапса, атқарған еңбектің зая кеткені. Сондықтан ру-тайпа жайлы айтудан қашпай, азаматтарымыздың ата тек туралы білім деңгейін көтереміз десек, мұндай жаңсақтықтардан аулақ болайық!
Жұмабек РАХЫМБЕКҰЛЫ.
Ажы ауылы.
Тел: +77013045274