ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ИГІЛІК

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Әкім бол-халқына жақын бол» қағидасының мәнісі кез келген өнір әкіміне өз қарамағындағы тұрғындардың қамын көздеуді меңзейді.
Ауданымыздан шалғай қоныстанған Күншалған ауылының тұрғындары өткен жылы депутаттардың бірауызды қолдауымен округ әкімі лауазымына сайланған Айланыш Тілекбердінің қамқорлық ниетін анық сезініп келеді.
Жұртшылықтың ұсыныс-сұрауына сәйкес ономастика комиссиясының шешімімен елді мекенде жалпы бес көшенің атауы өзгертілген болатын. Осы жаңалыққа байланысты біздің көше тұрғындарына да тиісті үй құжаттарын жаңалауға, тиісінше ресімдетіп, жөнге келтіруге тура келді. Өйткені төлқұжат режимі мен тіркелім тәртібі баршаға ортақ, бұлжымайтын қағида, әрбір азаматқа міндетті шара. Ол – бүгінгі заман ағымына қарай аудан орталығындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылатын іс. Жұмысы «бір терезе» қағидатына негізделетін мемлекеттік мекемеге үйдің арнаулы құжаттарымен алыс ауылдан келіп-қайтуға қаншама уақыт, көлікке қаржы жұмсалатыны ақиқат.
Осы мәселені ескерген, ауылдастың жағдайына түсіністік танытқан округ әкімі сәрсенбінің сәтінде ауданнан ХҚКО басшысы Ерлан Әбішевтың нұсқауымен сала қызметкерін Ерейментаудан тікелей Күншалғанға жеткізді. Айналасы аз уақыттын ішінде әкімдік кеңсесінде ауыл азаматтарымен жұмыс жүргізген ХҚКО құжат қабылдау жөніндегі маманы Нұрлыбай Әбділов көшпелі сипатта бірталай шаруаны ойлағандай деңгейде реттеп берді. Ауыл әкімдігінің бухгалтері, жастар практикасы арқылы қызметке кіріскен жас маман Еркін Дастан әріптесі Бақыт Бейсеновамен бірге көмек қолын созды. Оған жеке уақыты үнемделген, үйінің құжаты дұрысталған халық та риза, іссапары сәтті тәмамдалған Орталық қызметкері де риза.
Өзге округтердегі әкім әріптестерге үлгі боларлық мұндай қадамның тиімді тұстары аз емес. Оған дәлел – қолынан іс келетін, келешегінен үміт күттіретін Айланыш Тілекбердінің бүгінгі мақсатты жұмысы.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ
Суретте: Нұрлыбай Әбділов пен Еркін Дастан жұмыс үстінде
Суретті түсірген автор