28 МАУСЫМ – БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ АҚПАРАТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Жыл сайын елімізде 28 маусымда Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні аталып өтеді. Биылғы мереке қарсаңында ауданымызда ерен еңбегімен ерекшеленген сала мамандарын атап өтуді жөн көрдік.

Жақсылық Аманжолұлы Мақанов
Жақсылық Аманжолұлы Мақанов

Жақсылық Аманжолұлы Мақанов – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына қарасты аудандық телекоммуникация торабы директорының орынбасары, электр байланысының жетекші инженері. 1992 жылы Атбасар ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінде 5 сыныпқа дейін оқып келген, білім жолын Ерейментау қаласының №1орта мектебінде жалғастырған. Кәмелеттік аттестатын алғаннан кейін, Астана қаласы техникалық колледжін байланыс желілерінің құралдарының электршісі мамандығы бойынша тәмамдаған. Дипломды маман 2013 жылдың қаңтарынан бері «Қазақтелеком» АҚ Ерейментау аудандық телекоммуникация торабына электромонтер ретінде жұмыс атқарып келеді. Осы мекемеде халыққа қызмет көрсете жүріп, бастапқы білімін жетілдіруді көздеген жас маман білім жолын сырттай жалғастырған. Қарапайым адал еңбегімен, талпыныс-білігімен, зерделілік, елгезектік қасиетімен бүгінде мақаламыздың кіріспесінде аталған мәртебелі лауазым дәрежесіне көтерілген жан.
Энуарбек Оязович Амрин – Еркіншілік ауылы АТС мекемесінің электромонтеры. Осы елді мекеннің төл тумасы. Ауыл мектебінде орта білім алған бозбала Астана қаласы энергетика техникумына оқуға түсті. Энергетика саласының маманы білігін иеленген жас жігіт «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына қарасты аудандық телекоммуникация торабына жұмысқа орналасты. Биыл осы мекемде жұмыс істеп жүргеніне 18 жыл толды. Білімі мен қызметін туған жеріне арнап келе жатқан, өз кәсібін адал атқаратын жан ретінде ұжымында сыйлы, ауылдасқа беделді. Елді мекеннің тұрғындарын әдеттегі телефон байланысына қоса заманауи ID TV, Интернет желісімен қамтамасыз етеді. Ауыл тұрғындары білікті маманның қызметіне дән риза. Энуарбек ағай отбасында аяулы жар, қамқор әке. Бүгінде қос қарлығаш қыздары мен ұлының көз қуанышына бөленіп отыр.

Энуарбек Оязович Амрин
Энуарбек Оязович Амрин

Міне, ұзақ жыл еңбек тәжірибесімен жұмыс атқарып келе жатқан мамандар жайлы ақпарат осындай. Аудандық салалас мекемеде барша халыққа талай жыл мінсіз қызмет көрсетіп жатқан, есімі мақтанышпен айтуға тұрарлық мамандар баршылық. Қос әріптес ұжымындағы қызметтестеріне еңбекте сәттілік, отбасына баянды бақыт тілейді. Ал, ақпарат майданында жүрген барша тілші қауымды кәсіби мерекесімен шың жүректен құттықтаймыз. Қаламыздан қасиет кетпесін, шабытымыздың шыңына ұшқан құс жетпесін, қадірлі әріптестер!

Зарина КЕҢЕСОВА.
Суретте: Жақсылық Мақанов пен Энуарбек Амрин