БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады», (Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ)
Бүгінгі таңда жастар қоғамның белсенді өкілі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Елбасымыздың басшылығымен қабылданған «Жастар туралы» Заң аясында елімізде қазіргі таңда әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты бағдарламалар жобасы қолға алынған. Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жастар саясаты туралы замандастарымыз не дейді? Енді өңіріміздегі жастардың пікіріне құлақ түрейік.
Дидар Бітіков- Астана қаласы медицина колледжінің түлегі. Ерейментау аудандық орталық аурухананың орта буын маманы.
-Елімізде жастар саясаты бойынша атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Білім алып, елдің дамуына өз үлесін қосуға ниетті жандарға, әрине, барлық мүмкіншілік баршылық. Абай бабамыз өсиет еткендей, туған жердің бір кірпіші болып қалану үшін өскелең жасқа әрқашанда қолдау көрсетілу керек. Екі тараптан да жұмыс атқарылса, теңдестеріміздің жағдайы біршама жақсарар еді. Дипломды жас маманның ешқайсысы, ауыл-ауданға жұмысқа келмейді деп кінә тағамыз. Себебі неде? Қаланың тіршілігіне бейімделген бозбала әлде бойжеткен, өзге өңірдегі кейбір келелі мәселелерге араласуға аса құлықты емес. Нақтырақ айтатын болсақ, жер-жерлерде ойын-сауық орталығы, демалыс орны көбірек ашылса, бәлкім, олар ықылас танытар ма еді? Себебі, кезекті еңбек сағатынан кейін бәрінің бір сәт бой сергітіп, демалатын орталығы тапшы. Аталмыш орталықтар ашылса, қала деңгейіне біршама жақындар едік. Жастар спортпен айналысып, саламатты өмір ұстанса жақсы емес пе? Теңдестеріме мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмекті дұрыс қолдана біліңіздер деп айтқым келеді. Әр адамның болашағы өз қолында.
Айгүл Тілеулесова-Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің түлегі. Перуаш Кәрімұлы атыңдағы Малтабар орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
-Қазіргі таңда қала жастары біраз игілікті көріп жатса, ауыл жастарының өмірінде біраз айырмашылық байқалуда. Ал ауылдың қазақы тәрбие ордасы екені бәрімізге мәлім. Тарих пен әдебиетке ден қойсаңыз – зиялылардың көбі, небір білікті зерделі жандардың ауылдан шыққанын аңғарасыз. Жастар еліне не берді?, деген маңызды сауал аясында ойланатын жайттар көп. Осы орайда Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасына» тоқтағым келеді. Бұл бастама мектеп оқушыларынан бастап, студент және жас отбасылардың мәселесін көтерді. Еліміздің ірі қалаларында теңдестеріміз баспанаға мұқтаж. Президенттін әлеуметтік бастамасы осы үй-күйсіз жүрген азаматтардың нақты жоспар құруына мүмкіндік береді. Алыс аймақтан арман жетегімен білім алуға келген, бағы жанып оқуға түскен студенттерге міндетті түрде заманауи жайлы жатақхана бергізу мәселесі көтірілген. Енді осы мүмкіндікті өскелең жас ұтымды пайдаланып, өзіне және қоғамға пайда келтіруі шарт. Сонда ғана елімізде жастар саясаты жоғарғы деңгейде жүзеге асады.
Дихан Керім- Екібастұз қаласы мемлекеттік медицина колледжінің түлегі. Ерейментау аудандық орталық ауруханасының массажист маманы.
– «Тәрбие талбесіктен басталады», демекші, бозбала мен бойжеткен елдің дамуына өз үлесін қосу үшін алдымен жастар тәрбиесі дұрыс жолға қойылуы керек. Бала отбасында дұрыс тәрбие көрсе, түбінде мемлекет игілігіне өз үлесін қосуға дайын болады. Бүгінде жастар арасында «тәрбие» ұғымы ұмытылып, тіпті мәні жойылып бара жатқан секілді. Күнделікті ақпарат құралынан берілетін жайсыз оқиға мен жаңалыққа оң-солың таныған ұл-қыздың қатысы барын естігенде көңіл құлазиды екен. Тастанды бала, бөтен секта, есірткіге әуестік, тіпті түнгі көбелек секілді салтымызға жат, бейәдеп қылыққа баратындардың келешегі бар ма? Олар ұрпаққа ата-баба үлгісінде, қазақы дәстүрде тәрбие беретін ата-ана бола ала ма? Егер бала отбасында дұрыс тәрбие көрмесе, мемлекеттің жасап жатқан саясаты бос әурешілік емес пе? Ал жастарды имандылық жолында тәрбиелесе, мұндай қарама-қайшылық болмас еді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Ортамызда білім алып, кәсіп қылып, өзгеге оң өнеге беріп жүргендер аз емес. Осы орайда, елімізде Имандылық үйі молынан бой көтерсе, саламатты өмір салты дағдыға айналса түбі бір жақсылық болар. Қазіргі таңда, мешітке аяқ басқан теңдестеріміздін көбейгеніне көңіл толады. Тек іштей ірітетін, үнсіз теріс пиғылды насихатымен бәрін адастыратын жат діннің ортамызды ластамағаны жөн болар еді.
Әдел Касенбаева-Перуаш Кәрімұлы атыңдағы Малтабар орта мектебінің түлегі. Еуразия гуманитарлық колледжінің студенті.
-Елімізде оқимын деген жастарға, өз кәсібін ашуды көздеген ісмер-іскер жандарға мүмкіндік мол. Жас азаматтың білім жолы, кәсіп негізі мектеп қабырғасынан қаланады. Осы орайда, ауыл мектептерінде тіл курстары мен түрлі үйірмелер ашылса деймін. Аудан орталықтарында болғанмен, көбісі жете бермейді. Егерде елімізде білім сапасы жоғарғы деңгейде болса, жастар саясаты ұтымды жұмыс атқармақ.
Міне, мемлекет саясатын сынау емес, керісінше, жастарды ойландыру мақсатында жүргізілген сауалнама легі осындай. Жас маманның да, студенттін де қосар ұсыныстары баршылық. Аталған идеялар өз шешімін табады деген ойдамыз. Еліміздің мерейі әрқашан үстем, жүрегі туған жерім деп соғатын, білімі мен қызметін кіндік қаны тамған ауылын көркейтуге арнайтын жастар қатары көп болғай!
Зарина КЕҢЕСОВА