«EXTREME WEEKEND ASTANA-2018» ФЕТИВАЛІ ӨТТІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ауданымыздың төңірегіндегі «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі алаңында, Сұңқарқия тауында алғаш рет Астананың 20 жылдығына арналған «Extreme weekend Astana» бірінші республикалық фестивалі өтті.

«EXTREME WEEKEND ASTANA-2018»
«EXTREME WEEKEND ASTANA-2018»

Айта кететін жайт, бұл өңірдің бірегей табиғаты – аспалы және жайпақ құз-жартасы, орман алабы, қиылыс өңірі, аса бай өсімдіктер мен жануарлар дүниесі көркімен көз тартады. Фестивальді ұйымдастырушылар: Ақмола облысының әкімдігі, ҚР спорттық туризм федерациясы мен Астана қаласының спорттық туризм федерациясы, Ерейментау ауданының әкімдігі, «Бұйратау» МҰТП өз жұмысының мақсат-міндетін белгілеп алды. Ол Ақмола облысы мен тұтас Ерейментау ауданының туристік әлеуетін кеңейтуге, аудан аумағындағы бірегей табиғи паркті көрсетуге, жергілікті кәсіпкерлердің бизнес-бастамасын қолдауға, саламатты өмір салтын, қазақстандықтардың мәнді демалысының жаңа үлгісін насихаттауға арналды.
Тау баурайында айнала қос тігілген айшықты қалашық алыстан көз тартады. Табиғат аясында толыққанды дем алуға, жарыста бак сынауға лайықты жағдай бүге-шігесіне дейін толық ойластырылыпты. Қоршаған ортаға залал келтірмейтін жағы да алдын-ала қарастырылған. Қонақтарымыз пайдалануға қолайлы шүмегімен жуынатын су ыдысы, биоәжетхана, салқындатылған су сатылатын сауда орны, алау тұтатуға арналып алдын-ала бұталған ағаш, концерт сахнасы, мейман күтетін, тамақтанатын киіз үй даярланған. Дем алуды, концерт тамашалауды құп көретіндер үшін сахнаның алдына орындық орнына үсті матамен көмкерілген бума шөп қолданылыпты.
Қонақтарға аудандық музейдің экспонаттарымен ықыласпен танысуға, жергілікті шебердің кәдесыйын алуға жағдай жасалды. Тиісті бұйымның бәрін «Бұйратаудың» қызметкерлері мен аудандық мәдениет бөлімі жеке киіз үйге көрнекі жерге қолайлы етіп жинақтаған. Жақын маңда кемпинг пен туризмге лайықты бұйым мен ыңғайлы зат көрмесі орналастырылыпты.
Шараның салтанатты бөлімі Ерейментау ауданының әкімі Виктор Радченконың сөзімен басталды. Ол жиылған қауымды өңір өңіріндегі маңызды оқиғамен құттықтады, Республика мен Ақмола облысының киелі орындары картасына енген «Рухани жаңғыру» республикалық бағдарламасы шеңберінде табиғи және тарихи ескерткіштерді насихаттауға негізделген жұмысқа тоқталды. Алғашқы фестивальдің өткізілім міндеттерін межеледі, баршасына сәттілік тіледі.
Жалпы ойыншылардың он бес командасы топты толықтырды, жарыстың үш түрінен: арқан жіп туризмінен, жартасқа өрмелеуден, Кросс Кантриден өзара бәсекеге түсті.
Фестивальдің ересек жастағы өкілдерімен бірге, Астана қаласының, туризм мен альпинизм саласындағы түрлі үйірмесіне қатысып жүрген, мектеп оқушылары да белсенділік байқатты. Танымал шеберлер арқан жіпті түйіп-байлау тәсілінің түр-түрі, тауға аман-сау жоғары өрмелеу, төменге түсу әдісі, жұптасып жұмыс істеу тәсілі бойынша шеберлік сабағын жүргізді. Жанға жайлы ауа райы аудан меймандары мен тұрғындарына жарыстың бүкіл кезеңін қызыға тамашалауға мол мүмкіндік берді. Түрлі музыка жанрына: бардтық әнге, рок пен джаз және танымал эстрадалық әуенге әуес жандар кешкілікте Елорданың өнер ұжымдарының, жеке дауыста ән орындаушыларының, Ерейментау қаласының Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының дарынынан мол ләззат алды.
Фестиваль өткізілімі барысында Петропавл облысының, Павлодар облысының байкерлерімен таныстық. Олар, өз пікірінше, қонақтар мен ойыншылардың көптігін күтсе де, қабылдау жағдайына, шара өткізіліміне ризашылық білдіріп жатты.
Бірқатар мекемелер республикалық шараларды тыныш әрі тиісті дәрежеде өткізуге еңбегін сіңірді. Аудандық аурухананың мамандары дәрігерлік көмегін ұсынды. Ішкі істер бөлімі қоғамдық тәртіпті қадағалады. Өрт сөндіру бөлімі, «Бұйратау» МҰТП, «Эко Жәрдем» мекемесі, Торғай ауылдық округі, ТКШ бөлімі төңіректің өрт пен экологиялық қауіпсіздігін назарда ұстады. Олардың бәріне ризашылық лебізі арналды. Аудан әкімдігінің бастамасын қолдағандары үшін жеке кәсіпкерлер Талғат Қалиев, Ербол Бәйкенов, Қанай Омаров алғысқа әбден лайық.
Ауданымыздың төңірегінде тырнақалды республикалық фестиваль өтті. Аталмыш шара экологиялық және экстрималды сипаттағы туризмге әуес жанды қызықтыруға болатын дүниенің бізде бар екенін анық байқатты.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА. Суретті түсірген автор.