ҰЛАҒАТ ҰРПАҚТАРҒА ҒҰМЫР ЖОЛЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Жақсы адам қартайса – жазып қойған хаттай»
(Халық даналығы)
Өз заманында халқына азды-көпті еңбегі сіңген, өмірден көкейіне мол ұлағат түйген, көп жасаған әрі көпті көрген абыз қариялардың ғұмыр жолы да, айтар ойы да – ғибрат.

Зекебай Солтанбайұлы
Зекебай Солтанбайұлы

Ажы ауылында жаңағыдай қазыналы қартпен жүздескенімізде айналасы аз уақыттың ішінде бір кітап оқып шыққандай әсерге берілдік. Бүгінгі жолықтырған кейіпкер қонағымыз – көршілес Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданының №2 ауылы атанған Басшілік атамекенінің тумасы Зекебай Солтанбайұлы.
Бүгінде 87- нің белесіне аяқ басқан ақсақал жарты ғұмырын ұстаздық кәсіпке, ұрпақ тәрбиесіне арнаған екен. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағының мұғалімі қызметін атқарған, отыз төрт жыл білім ордасын басқарған тәлімгердің ғұмырнамасы бәрімізді елең еткізді. Ағарту саласына сіңірген ерен еңбегіне орай КСРО және Қазақ КСР-ы халық ағарту ісінің үздік қызметкері атанған, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров және облыс алдында сіңірген еңбегі үшін медаліне ұсынылған. Баянауыл ауданының құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Мұғалімдік жұмысты қаламгерлікпен тығыз ұштастарған шығармашыл тұлғаның «Жыр жиһазы», «Мәшһүр», «Жүсіп», «Көпеев», «Ғұлама», «Жалынды демократ» кітаптары оқырман жүрегіне жол тапты. Ал 2012 жылы Екібастұзда жарық көрген «АDАМ» еңбегінде де тарихи тұлғалардың ой-пікірі негізінде Адам, адамгершілік жайында кесек ой, мәні терең пікір білдірген. Негізгі айтар ойын есімі мәңгі тасқа басылған Мәшһүр Жүсіп, Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан секілді біртуар жандардың пікірі адами қасиеттері арқылы оқырманына тартымды етіп жеткізген.
Ажы жұртшылығына тартымды да мағыналы сөз арнаған, ғұмырбаян деректерінен сыр шерткен қарт ұстаз ата дәстүр, әдет-ғұрыптан қол үзбеуді, имандылықты ту етуді, ауылды, келешек ұрпақты сақтауды, елдік қасиетті жоғалтпауды аманат етті. Балалық шақты бірге өткерген жандарды, замандастарының ізгі қасиеттерін ойлы жүзбен, айрықша толғаныс-сағыныш сезімімен еске түсірді.
Иә, белгілі ақын Жұбан Молдағалиев жырға қосқан «…мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының бастан өткерген талай нәубетін бүгінгі ұрпақ көрмесін деген тілекте көпті көрген ақсақал. Екінші жаһан соғысы уағында колхозда еңбек еткен, балалық шағы жеңіл тимесе де, намыс туын құлатпаған, шығармашылыққа бейімділігі, ел мұның жырға қосқаны, соқпағы мол өмір сынағына мойымаған қажырлылық қасиеті шынымен қайран қалдырды. Майдан жорығында жүріп, Дон өзені маңында ерлікпен қаза тапқан әкеге сағыныш ретінде «Әкемнің қаны» өлеңі баршаны ой әлеміне жетеледі. Ұстаздықты қаламгерлікпен ұштастырған тұлғаның, Баянауыл елінің абыз қартының осы уақытқа дейін бірсыпыра кітабы жарыққа шыққан екен.
Қартпен бірге еріп келген қонақтар: ұлы Айсұлтан Зекебайұлы қонақжайлық пейіл үшін ажылықтарға алғыс лебізін арнады. Ақсақалдың келіні, Алматы Қазақ мемлекеттік заң академиясының студенттер сарайының директоры Жанат Қарманова, запастағы офицер, кездесу кешін жүргізуші Серік Бәкір әуезді әнімен сахнаға сән берді. Жас әнші Қазбек Дінмұхамед, ақын Нұрбол Тухан әншілік шеберлігімен көңілден шықты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев өз қаламынан шыққан «Құдіретпен тілдесу» өлеңдер жинағын, жазушы-өлкетанушы Мейрам Бөкеш ажының тарихы да қоса қамтылған «Дала мен қала ескерткіштері» кітабын тарту етті. Мағжан Жолдасов ата, аудандық мәслихаттың басшысы Қайрат Махметов, Әлдебековтер мен Қанапияновтардың отбасы қонаққа құрмет ретінде Алғыс хатын, естелік фотосуретін, сый-сыяпатын ұсынып жатты. Игі істін басы-қасында жүрген ауыл тұрғыны Жұмажан Ахметовке де мәртебелі мейман жыл лебізін арнады. Қарттың сөзі ақ батамен тәмам болды. Биыл алғашқы қазығының қағылғанына 160 жыл толатын Ажы ауылына арналған, қайырмасымен сөзін де, әнін де өзі шығарған «Ажы вальсі» шынымен осы елді мекеннің гимніне айналмақ.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ. Суретті түсірген автор.
***
АЖЫ ВАЛЬСІ
Сөзі мен әнін жазған: Зекебай Солтанбайұлы
Армысың аяулы елім, арайлы Ажым,
Уақыттың сағынған жан қарай ма азым.
Келемін құстай ұшып, шетте жүрсем,
Аңсаумен таппай тағат, қалмай лажың.
қайырмасы:
Береке, бірлік дарыған,
Елімнің байтақ мекені.
Ырзыққа қанған, жарыған,
Жерімнің жомарт екені.
Алыста арманға жол сызған,
Алғысқа әр қайда қол созған.
Балдәурен күндердің басқышы,
Өзіңсің азамат болғызған.
Аяулы елім арайлым,
Көргенде көңілім толғызған.

Өлкеңе оралғанда жадырап жаз,
Үн қосқан айдында аққу, мамырлап қаз.
Қайысқан төрт түлікке, Жерұйығым,
Жарасқан жастар күліп, жамырап мәз.
қайырмасы:
2018 жылдың 13 наурызы