МӘДЕНИ ӨМІР ҰЙТҚЫСЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Жазда ағаш аралап, жер түптеген, қыста отын жарып, үйдің бітпейтін шаруасын реттестірген ауыл баласы үшін көңілді іс-шара бағдарламаларын ұйымдастырып жүрген Әлия Бүркітқызы Өмірбаева бүгінде Малтабар ауылының клубын басқарады. Осыған орай жастарды қызықтыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс жөнінде мәдениет ошағының иесімен тілдесудін сәті түсті.

Әлия Өмірбаева ауылдас өнер иелерінің ортасында
Әлия Өмірбаева ауылдас өнер иелерінің ортасында

Барша ауылдаспен – үлкенмен де, кішімен де, еркін тіл табысып кететін елгезек жан Малтабар ауылында туып-өскен. Орта мектепті орыс тілінде, Л.Н.Гумилев атыңдағы ЕҰУ ағылшын- неміс тілі мамандығы бойынша тәмамдаған. Дегенмен, талбесіктен сусындаған өз ана тілінде таза сөйлейтіні, жалпы жанашырлық ниеті мені қайран қалдырды. Іні-сіңлілеріне, барша замандасқа мол тәлім, зор өнеге.
Туған ауылында ұстаздық жолын бастаған мұғалима білім ордасында шәкірттермен етене араласты, түрлі мәдени-тәлімдік іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Сол сәтте ауыл клубын басқаратын, ауыл жастарымен мерекелік бағдарлама ұйымдастыратын маман тапшылығы сезіле бастайды. Ұстаздықты дәріптеген маманға клуб менгерушісі болуға ұсыныс түседі. Ауыл жастарының басын қосып, түрлі шараларды қолға алуды армандаған кейіпкерім келісімін береді. Міне, 2012 жылдан бері ауыл клубында жұмыс жасап келеді. Бастапқыда ұжымда өнерлі жастар қатары азғантай болса да , аудандық іс-шаралардан ешқайсысы қалыс қалмады. Тіпті өнерпаздардың шағын тобына Әлия апайдың өзі де қосылып, сахнада әуелетіп ән салған кезі де болған. Қоңыр даусымен жүректі тербеген әуесқой әншінің бүгінде аудандық мәдениет үйінде орны ерекше. Аудандық деңгейдегі түрлі фестиваль, концертке үзбей қатысады. Шығармашылық жолды енді бастаған сәтте, өз қаражатына ғимараттың іші-сыртын толық жөңдеп алды. Өнер ұжымының қатары аз болса да, «Ең үздік ауыл клубы» облыстық семинарын бүкіл әріптестерінін көз алдында абыроймен өткізді. Осылайша, ауыл клубының деңгейі мен мәртебесі біршама көтеріледі. Мерекелік бағдарламаларда сахнаға шығатын өнер ұжымдары құрыла бастады. Бүгінде «Әжелер» ансамблі, «Балауса», «Батырлар», «Жұлдызай» би топтары мен жеке дауыстағы әншілер мейрам сайын сахнадан орын табады. Сонымен қатар, студенттер мен аға-әпкелер әрқашанда ауыл ішінде өтетін концерттік бағдарламаға қатысуға ықылас білдіреді. Әлия апайдың кішіпейілділігі мен елгезектігі, әр адаммен тіл табысу ерекшелігі, өнер иесінің дарынын дөп басып танитын қасиеті табыс биігіне жетуге негіз болды. Әлия Бүркітқызының мемлекеттік мерекелерде өз айналасына өнерпазды топтастыратын, халықтың көңіліне сай шара ұйымдастыратын ерекшелігін білгіміз келді, кейіпкерімізді әңгімеге тарттық.
-Клуб менгерушісі болған соң, біздің ұжымға келетін әр бала мен үшін маңызды. Оның бойындағы талантты танып, оған дұрыс жол көрсету менің міндетім. Жұмысым тікелей жастармен байланысты болғандықтан, әрбір бозбала-бойжеткенмен бауырмалдық ниетпен тез сөйлесіп кетемін. Бәлкім, бұл да бір тәнірдін құдыреті болар, ісім лезде алға басып жүре береді. Тіпті, байқау, конкурстарға дайындалғанда да, балалармен алдын-ала психологиялық әзірлік жасаймын. Байқау болған соң, жеңіс те, жеңіліс те болады. Осыны ескеріп: «жүлделі орынға көтерілмесек, уайымдамаңдар, бастысы – бәрін де өнерлісіндер, талпыныс мұратқа жеткізеді», – деп мақтап қоямын. Менің қағидам – баламен дұрыс сөйлесу білу деп білемін. Иә, кейіпкерім ұстаз болғандықтан, әр баланың жүрегіне кілт табары анық.
Жастарға сахна мәдениетін үйрету қашанда маңызды. Осы тұрғыда әр шәкіртпен жұмыс істеуге кейде уақыт тапшылығы болары сөзсіз. Бірақ, мектеп оқушыларына бұл кедергі емес. Күнделікті сабақтан соң, ауыл клубына дайындыққа келу олар үшін дағдылы жағдай. Ауыл жастарының көбі – бұрын клубта өнер көрсеткен студент жастар. Оқудың ыңғайымен ауылда жиі болмаса да, мүмкіндігінше концерт сахнасынан сырт қалмауға тырысады. Бұрын апайдың қолында тәрбие көрген жастар бүгінгі іні-сіңлілері секілді дайындықты аса көп қажет етпейді. Осының бәрі ұстаздың еңбегі.
Тіл маманы ретінде балаларға ағылшын тілде таппақ оқып, ән айтуға үйретеді. Өзге тілде өнер көрсететін талантты жастар әрқашанда табылады. Дауыс ырғағына сай сөзді дұрыс оқып, жеткізу үшін тәлімгер көп жұмыс жасайды. Ауыл жастарымен тәжірибе үшін ағылшын тілінде сөйлесуге де қарсы емес.
Әрбір мерекелік бағдарлама сайын сахналық костюм қажет етеді. Шағын ауылда әр баланың көрсететін өнеріне сай киімі табылып жатады. Бірақ, би топтары сәл қиындыққа кезігіп жатады. Шәкірттерінің ата-анасына салмақ түсірмес үшін, қолынан келгенше оны өз қаражатына тіктіріп береді.
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, әрбір адамның, қай салада еңбек етсе де, өзіндік ой-арманы болары заңдылық. Клуб меңгерушісі де алға қойған мақсат-жоспарымен бөлісті.
Жаз мезгілінде балалар мен жастардың басым көпшілігінде бос уақыттың мол болары анық. Осыны ескерген мәдениет қызметкері жасөспірімдер мен жастар арасында театрландырылған қойылым ұйымдастырғысы келеді. Жастар шағын театр жанры арқылы тарихқа үнілсе, ата салт-дәстүрге бейім болса – мәртебе ғой. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарының өзі әдет-ғұрпымызды дәріптеуді, ата-бабамыздың жолын ескінің қалдығы деп санамай, көненін көзі ретінде бағалауды үйренсе, бағымыздың жанары анық. Тарихы тереңнен бастау алатын Малтабар ауылында да дәріптеуге тұрарлық, зерделеуге болатын, өткен заман оқиғаларымен, ата-баба ғұмырнамасымен орайласатын шежірелі дүниелер аз емес. Әрине, тарихпен байланысты қойылымды жарыққа шығару көп еңбекті қажет етсе де, күнделікті дайындықтың түбі нәтижелі болады,- дейді кейіпкерім.
Ауыл жастарының бос уақытын мәнді өткізу мақсатында әр аптаның сенбісінде би кешін ұйымдастырып отырады. Шәкірттерімен жақсы тіл табысып, еркін сөйлескендіктен болар, біріне құрбы, біріне әпке сынайлы. Әлия апайымыздың жеке уақытының басым бөлігі мәдениет ошағында өтсе де, жалпы қоғамға, туған жеріне иненің жасуындай болса да, шарапатын тигізуді құп көреді. Өскелең ұрпақ зерделі де мәдениетті, дарынды да білікті жан болып өссе, еңбегінің жаңғаны деп біледі.

Зарина КЕҢЕСОВА
Суретте: Әлия Өмірбаева ауылдас өнер иелерінің ортасында
Сурет электронды поштамен алынды