ТӨЛ АСПАП ҰЛЫҚТАЛДЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Екі шектің бірін қатты,
Бірін сәл-сәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра!»,
(Қадыр Мырза Әли)
Домбыра – қылыштан өткір, құрыштан берік арналы аспап. Оңсыз қазақ ауылын, қазақ үйін көзге елестету мүмкін емес. Тарихқа шегінсек, көне түркінің көне аспабы Жошы ханның аңшы баласының айдалада жаралы құлан тепкен өлімін «Ақсақ құлан» күйімен естірткен, сол үшін домбыраның шанағына ыстық қорғасын құйғызуды бұйырған оқиға негіз болады. Міне осы қоңыр үн, құйқылжыған күй әуені адамды кеңдікке, мәрттікке тәрбиелейді. Қазақ осынысымен әсем, ерекше.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген жаңа мейрам – Ұлттық домбыра күні жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Биыл бұл мерекенің тұсаукесері 1 шілдеге орайласып тұр. Қоғамда ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мақсаты аясында белгіленген мереке қарсанында ауданымыздағы «Балалар музыка мектебінің» мамандарымен жүздесудің сәті түсті.
Бастауыш кәсіптік білім беру мекемесі шәкіртті 7 жастан бастап қабылдайды. Оған арнайы хабарландыру беріліп, іріктеу жарияланады. Мекемеде домбырадан бөлек, қобыз, қылқобыз сынды түрлі аспаптар сыныбы бар. 5-7 жылдық оқу бағдарламасы бойынша сабақ жоспары бекітіледі, арнайы сабақ кестесі құрылады.
-«Егемен елде төл аспапты мереке қылып атап өту орынды нәрсе», – деп Медет Смағұлұлы өз сөзін бастады. Домбыра сабағының бас маманы 2005 жылдан бастап Музыка мектебінде жұмыс атқарып келеді. Аспапта ойнаумен қатар түпкі әдісін жетік меңгеру үлкен жауапкершілікті талап етеді, – дейді маман. Оқушылар тәжірибелік сабақтан бөлек, музыка әдебиеті мен тарихына қанық болады. Оқу барысында қабілетімен ерекшеленген шәкірттің ансамбль мен оркестрде ойнауға мүмкіншілігі мол. Бүгінде шығармалар қоржынында 20-дан астам қазақ және өзге тілдегі күйлер баршылық. Мекемеде Досхан Жылқыбаев оркестр жетекшісі, Медет Смағұлұлы ансамбль жетекшісі қызметін атқарады. Директор Асқар Өсіпов пен Дархан Қабдешов те оқушыларға төл аспапты игеруге бар күш-жігерін салуда. Ең қызығы, балаларға жетекшілік етіп, ұстаздық қызмет атқарып жүрген мамандар кезіңде осы мектептің түлектері екен. Қазіргі таңда, музыка мектебінің түлектері Әлихан Мұратов пен Жетпіс Нұрмағанбетов Астана қаласы Шабыт университетінде, Мақсат Байзақов Шабыт мектебінде кәсіби білімін шыңдауда. Аталмыш өнер ордасының түлегі, ауданымыздың тумасы Сәбит Барлыбай Мәдениет және спорт министрлігінде қызметте.
Музыка мектебінің оқушылары білімді тәжірибе жүзінде пысықтау үшін ұйымдастырылатын жарыстардан қалыс қалмайды. Теңдестерінің арасынан озық шыққан дарынды оқушылар Халықаралық және Республикалық жарыстардың жүлдегерлері. Соның ішінде Осман Абайділданың келешегінен жетекшілер үлкен үміт күтеді.
Облыс бойынша оқу ақысы көңілге қонымды. Оқушының әлеуметтік жағдайына қарай жеңілдіктер қарастырылған.
Ауданымызда бұл мерекенің тұсаукесері қалай тойланбақшы? Иә, бұл мерекеде домбырашылар көпшілікке мәлім күйлерден поппури орындамақшы. Мекеме қазіргі таңда қосымша білім беру мекемелерімен келісіп, өтетін орынды белгілеуде.
Міне, ауданымыздағы Балалар музыка мектебінің бүгінгі тынысы осындай. Қазақтың ұлттық аспаптарын әспеттеп жүрген жетекші мамандарға еңбекте жеміс, оқушыларға білім алу жолында үлкен қажырлық пен қайсарлық тілейміз. «Қазақтың адамзат тарихына қосқан ұлы үлесі осы – күй», – деп Ақселеу Сейдімбек айтпақшы, өңірімізде домбыраның қоңыр үнімен күй шертетін өрендер көп болғай!
Зарина КЕҢЕСОВА
Суретті түсірген Раушан НҰРҒАЗИНОВА