ТАЗАЛЫҚ ӘСЕМДІККЕ НЕГІЗ БОЛҒАН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 3,00 из 5)

Loading...
Жаратушының құдыретімен айналасы биік тау-шоқымен, жасыл желекпен көмкерілген, табиғаттың бар сұлулығын бойына жиған Күншалған ауылының көркіне көз тоймайды.

Округ әкімі Айланыш Тілекберді
Округ әкімі Айланыш Тілекберді

Кезінде «Ленинский» кеңшары атанған, өрісі малға, қамбасы дәнге толған өңір бүгінгі заман өлшемімен жекеменшік серіктестік, шаруа қожалығы үлгісінде өз тұрғындарына ризығы мен игілігін еңбекпен іздеуге бағыт алып келеді. Округ бойынша жалпы 760 адам қоныстанған.
Денсаулыққа да сеп сеп болатын, айналаның тазалығынан басталатын бүкіл игі істің сұраныс-талабы, мал-жанның тіршілігі, тіпті күнделікті ішетін суына дейін, ауыл әкіміне жүктелетін болды. Округ әкімі Айланыш Тілекберді – осы міндет-сенімнің бәрін өз мойнына алған қарапайым ауыл азаматы. Күнделікті қарбалас қызметтен, ауылдасты жеке өтініші бойынша қабылдаудан қолы босаған сәттегі кеңседегі шағын әңгімеміз өңір өміріне қатысты түрлі мәселені қамтыды.
Аудан әкімінің өкімімен атқарылатын көктемгі дәстүрлі көріктендіру-тазалық айлығының нәтижесін орталық қонысқа табан тіреген беттен аңғарғандай болдық. Жекеменшік аулада қыс бойы жиылған күлді шығаруға Бауыржан Аралтаев басқаратын «Ақдін-1» ЖШС техника бөлген. Ауылдасымыз Александр Семенов та өз көлігімен көмек қолын созды. Бекім Әкімовтың жетекшілігіндегі «Нур Аli» серіктестігі ақылы негізде көршілес Шәкей ауылын қоқыстан тазартуға кіріскен. Жаңағы екі шаруашылық мектептің, клуб пен дәрігерлік мекеменің айналасын күл-қоқыстан арылтып бермек ниетте. Күнделікті тазалық жағдайын жұмыспен қамту орталығынан тиісті жалақысымен үш айлық мерзімге арнайы бекітілген ауылдастар: Талапбек Бақытбек, Жаңагүл Нұрахметқызы, Бақыт Бейсенова, Наталья Казначей назарда ұстайды.
Күншалғанда атауы жаңартылған бес көшенің жазу тақтайшасын әзірлеуге тапсырыс берілген. Тиісті мекемемен келісімдік негізде ол дайын болған сәтте тиісті орнына – үй қабырғасына шегеленетін болады.
Көршілес Қаратал мектебінен Сәуле Санақова басқаратын Күншалған кітапханасына кітап қоятын, оқырмандар залына орындығымен бес парта алдырып бермекші. Соңғы дауылда жел ұшырған ауыл клубының жалпы 25 метрлік сыртқы төбе шатыры жөнге келтірілді. Көктемде ауыл сыртына желден, бораннан пана болатын қосымша ағаш көшеті егілген.
Пошта бөлімшесі қалыпты жұмыс істеп тұр. Заманауи Билайн байланысы соңғы уақытта едәуір жақсарды. Келешекте көршілес Олжабай батыр ауылына тартылатын Теле-2 желісі арқылы күншалғандықтарға да байланыс қызметі жеңілдеуі әбден мүмкін.
***
Қолайлы жол қатынасы бүгінгі тіршілік ағынында басты назарда ұсталуы тиіс. Аудан орталығындағы «Эко Жәрдем» (басшысы Николай Кравченко) мекемесінің автогрейдері ауылішілік жолға қоса округке қарасты Қаратал мен Шәкейге қатынасатын жолды тегістеп берген. Астанадағы «КазСтройсервисИнест» ЖШС (жетекшісі Гүлмира Төлегенова) жалпы қашықтығы 20 шақырым жолды жөндеуге, Олжабай-Қаратал жолының ой-шұңқырын реттеуге ықылас танытып отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізуге аудандық мәслихаттың депутаты Асқар Ерғалидың септескені белгілі болды.
***
Қолдағы мал басының амандығы да күнделікті тіршілікте елеулі мәнге ие. «Малы саудың – жаны сау» дегендей, қазекем ежелден қолдағы түлігінің кінәраттан амандығына жіті ден қойған. Округтің мал дәрігері Кабар Еркінбек аудан орталығындағы «Мал Аман» мекемесіндегі әріптестерімен бірге халықтың жеке меншігіндегі ірі қара мен қойдың қан сараптамасын алды, екпе жүргізді. Індеті байқалған ұсақ малдың көзі жойылды. Үйірге сырттан қосылатын мал, істің жалпы барысы ұдайы бақылауда болады.
Сапалы азық-түлік өндірісіне, жалпы түлікті өз төлінен өсіруге мал басын асыландыру бағытының да ықпалы баршылық. Осы қағиданы негізге алған ауылдастар Қаділбек Дүйсенбек «Кеңөткел-НС» шаруашылығынан қазақтың ақбыс тұқымды екі бұқасын, Алтын Өнерхан Сандықтау ауданынан бір бұқаны табынға қосты. «Мал Аман» мекемесінің мамандары малды қолдан ұрықтандыруға ден қойып келеді. Өзімізден бір адамды Көкшетауға техник-ұрықтандырушы курсына жіберетін ниетіміз баршылық.
Облыстық мәслихаттың депутаты Темірболат Оразақов басқаратын «ЕрейменТАУ-2005» ЖШС мал өлексесінің қорымына лайықталған бір метр ұра қазып берді. Енді оған арнайы темір қоршау жасаттыратын, тиісті құжатын заңдастыратын, келешекте «Мал Аман» мекемесінің балансына өткізетін іс кезегін күтеді.
***
Елбасының «2017-2020 жылдарға арналған халықты жаппай жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында биыл екі ауылдасымыз Қаділбек Дүйсенбек пен Алтын Өнерхан арнаулы курсқа түсуге ықылас танытып отыр. Жалпы тыңдаушылар санын 10 адамға жеткізетін ниет баршылық. Былтыр оқып шыққан екі адам несие ресімдетуге, мал алып өсіруге талпынған еді. Игі бастамаға қолда кепілдік мүліктің жоқтығы кедергі жасаған тәрізді. Бүгінде жеке кәсіпкер санатындағы алты дүкен халыққа қызмет көрсетеді, күнделікті азық-түлігімен, керек-жарағымен қамтамасыз етеді. «Ақдін-1» ЖШС-нің иелігіндегі наубайханада бөлке нан, тапсырыс бойынша тоқаш нан пісіріледі. Курстан өткен, әлі де өтетін азамат-азаматшалар Күншалғанның өзінен қоғамдық монша, шашатараз, шағын тігін цехы секілді қызмет көрсететін мекемені іске қосса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл кәсіпкерлік бөлімімен, несие ұсынатын қаржы мекемелерімен бірлесе ойланатын, нақты ақыл-мәмілесімен бірлесе шешетін өзекті мәселе.
Мәселе дегеннен шығады, округке төрт жылдық мерзімге тағайындалған әкім ретінде, Айланыш Тілекбердінің өзінің де ойлаған арман-жоспары баршылық. Ауылішілік жолды грейдерлеуге, Еркіншілік-Қаратал жолын күрделі жөндеуге, қасапхана ашқызуға, Шәкей мен Қараталдың оқушыларын Күншалған мектебіне жеткізіп беретін автобус әперуге, су қоймасының жер актісін, техпаспортын әзірлетуге, тағы үш көшенің атауын өзгертуге арналған мәселе кезегін күтеді. Олардан бөлек, иесіз үйді құжатын заңдастырып, реттеп беру қажет. Барлық мақсатты істің келешекте тиісті ретімен, ауыл халқының ынтымақ-бірлігімен, ақсақалдардың парасатты кеңесімен жүзеге асатынына үміттенеміз. Алтын бесік-атақоныс ауылдың түлегені, гүлденгені, халыққа жайлы жағдай қарастырылғаны әрқашанда жақсылық қой.
Әңгіме түйінінде өтінішті жерге тастамайтын, округ тұрмысына ұдайы көмек қолын созатын жергілікті жеке кәсіп иелеріне, серіктестік басшыларына газет арқылы ризашылық алғысын жеткізді.
Дайындаған Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.