ДОМБЫРА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Елбасы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнаулы Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні ретінде бекітілді. Бұл төл аспабымызға сыйластықтың, «Рухани жаңғыру» бағдары аясындағы игі қадамның бір нышаны. Атаулы мейрам биыл айдың алғашқы жұлдызымен орайлас келді.
Бүкіл Қазақстан көлемінде тырнақалды мейрамның жан-жақты аталып өткені елдігімізді, бірлігімізді, ұлттық өнерімізді ұлықтау ниетімізді баршаға тағы бір мәрте паш етті. Жергілікті уақыт бойынша күндізгі сағат 12-де тәуелсіз еліміздің жүрегі – Астанада мереке шымылдығы айқара ашылды. Аймағына өнер қонған біздің ереймендіктер де мәртебелі республикалық шарадан қалыс қалған жоқ. Дәл осы межелі уақытта қалаға кіреберістегі дөнес көпір маңындағы айналмалы жолға жиылдық. Бұл жерде арнаулы Домбыра стеласының ертеректе бой көтергені баршаға мәлім.

ДОМБЫРА КҮНІ
ДОМБЫРА КҮНІ


Ұлағатты ұстаз, музыка өнерінің ақсақалы Қайрат аға Өсіпов бастаған сегіз адам төрге жайғасты. Біртіндеп бұл қатар Асқар Өсіпов басқаратын балалар музыка мектебінің танымал күйші-өнерпаздарымен толықты. Сонымен домбырашылардың жалпы саны 15 адамға жетті. Өнерпаздардың ең кішісі 9 жаста болса, қариясы алдыңғы аталған ағамыз болды. Қатарымызға Сапар Барлыбаев басқаратын Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің көпке танымал жекелеген өнер иелері де қосылып жаты.
Қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджанов өнерпаздарға құттықтау лебізін жеткізді. Аманшылық болса, тырнақалды мерекенің жыл сайынғы дәстүрге айналатының, Бөгенбайдың үзеңгілесі Үмбетей жыраудың, күні кеше киелі өнердің дамуына еңбегін сіңірген ұлағатты ұстаз ағалар Жақсылық Мұқановтың, Смағұл Жетпісовтың ізбасар шәкірттерінің киелі өнер жібін мәңгі жалғайтының ризашылық сезіммен, нық сеніммен атап өтті.
Асқар Өсіпов шаршы топта Дина Нүрпейісованың «Науысқы», жас күйші Әлишер Бекпаулы Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» шығармасын ашық аспан аясында еркін әуелетті. Ал оркестр Сейтектің «Тойбастарын», Құрманғазының «Балбырауын» күйін, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» төгілтті. Баршамыз өнер айдынында емін-еркін қалқыдық, бастау-қайнардан құмарымыз қаңғанша мол сусындадық.
Өнерпаздардың ізгі ниеті, адамның көңіл-күйін, өмірде егіз қозыдай мәңгі ілесетін қуаныш-қайғысын дәлме-дәл айшықтайтын күй өнеріне сыйластық сезімі кішіге мол өнеге, ұрпақ сабақтастығының нышаны екені анық. Жұртшылық күйшілердің өнеріне ризашылық сезіммен тарап жатты.
Атаулы мерекеге аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Кәмила Ахмедиярова, аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов қатысты.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор