ЕР ЕСІМІ –ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)
Loading...

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған «Туған жер» бағдарламасы аясында тарихымызды зерделеуге, құнды мұрамызды дәріптеуге, өткенімізді еске түсіруге лайықталған бірқатар игі шара атқарылып келеді.

Маусым айының соңғы күндері ауданымыздың Күншалған елінің жұртшылығы «Үрпек батырдың ізімен» атты іс-шара өткізді. Үш ғасыр үнсіз жатқан, әйтседе ел аузында әлсін-әлсін айтылып жүретін тарихи тұлға есімі қайта жаңғырды. Негізі бұл ұлағатты бастамаға сүбелі үлес қосқан Ораз Сетаев бастаған Күншалған орта мектебінің ұжымы, батырдың тікелей ұрпағы Көшер Әлімбаев ақсақал, Бөгенбай батыр атындығы тарихи-өлкетану музейінің ұжымы. Ел азаматтары бұл бастаманы толықтай қолдады, қаржылай көмек көрсетті.
Салтанат пердесі мектеп ауласында мәжіліспен ашылды. Тәуелсіз Отанымыздың Көкбайрағы мен «Үрпек батыр ізімен» экспедициясының туы әкелінді. Мектеп директоры Ораз Сетаев салтанатты жиын шымылдығын түрді. Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, Ерейментау ауданының құрметті азаматы Манап Әдірешев «Үрпек батыр жайында не білеміз?» тақырыбында баяндама жасады. Әңгімені сабақтаған алматылық мейман, қоғам қайраткері, Шәкей ауылың тумасы Секен Әбішев, Үрпек батырдың тікелей ұрпағы Көшер Әлімбаев, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Медеу Әбжіков, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев бүгінгі жүздесудің тәрбиелік мәніне жіті назар аударды. Тарихи тұлға есімі мен қасиетті орынның туризм бағытында да өзіндік мәні мен орны баршылық. Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дана Жәкудина, білім бөлімінің бас маманы Сырым Әбжіков осы мәселеге қызығушылық пен ықылас білдірді.

Сонымен экспедиция туын желбіреткен көпшілік Найзатас тауының маңында жайғасқан Үрпек батырдың басына барып тағзым етуге аттанды. Жолшыбай Шәкей ауылына, көркімен көз тартатын Жуанадыр, Терісаққан, Бөктергі өңіріне аялдаған экспедиция мүшелері сол маңда болып өткен өмір уақиғалары жайында шежіре деректеріне, естелік әңгімеге қанықты. Ұйымдастырушы топ алдың-ала Найзатаста мәңгілік қоныс тапқан Үрпек батырдың басына белгі тас орнатып, айналасын шарбақпен қоршаған екен. Құлпытаста: «Үрпек батыр, XVIII ғасыр». Сәл төменіректе:

Ел үшін жаның пида қолда барын,

Айбыны болдың осы даланың.

Ат үстінде өткізіп ғұмырыңды,

Азаттықтың жолына арнағаның.

Есімін ұмытпайды ұрпақтары,

Өзіңдей ел қорғаған Нар бабаның–, деп жазылыпты.

Біз барған бетте қорым басында көршілес Қарағанды облысының Молодежный ауданына қарасты «Қызыл тас» елді мекенінде тұратын Үмбетей бабамыздың ұрпақтары да келіп жеткен екен. Сол жерде Үрпек батырдың ерлігі жайлы, оған қоса сол маңдағы Күншалған, Ақдін, Бүркітті, Найзатас таулары баурайында мекен еткен ата-бабаларымыздың қыстауы: Әлдебектің қызыл ағашы, Қыдырбай ағашы, Қожабекшілік, Қаратау, Аралтөбе жайлы әңгімелер айтылды.

Түс ауа Үрпек батырға арналған ат жарысы болып өтті. Он шақырымдық бәйгеге жалпы 19 сәйгүлік қосылды. Нәтижесінде алдына жан салмаған Жаңажол ауылының «Жирен қасқасы» мәреге бірінші болып жетті. Мәре сызығына екінші келген – Еңбек ауылының жүйрігі «Сұңқар». Алдыңғы шабандоздардың ізімен Күншалған ауылының «Байқасқасы» ілесті. Сәйгүліктерді баптаған, үкілеп жарысқа қосқан: Абай Әлжанов, Нұқай Насихат, Алға Кәріпполла. 16 шақырымдық қашықтыққа жалпы 9 сәйгүлік қосылды. Бірінші орынды Бәймен ауылының «Талисманы» жеңіп алды. Бозталдан сапқа қосылған «Айса» сәйгүлігі екінші келді. Баптаған жігіттер: Жантуаров Төлеутай, Баян Санжар. Айбек Дәулеттің «Сұңқарына» үшінші орын бұйырды.

Жаңкүйерлер мен ауылдастар, атбегілер мен қонақтар әрбір сәйгүліктін шабысың жіті назарда ұстады, мәре сызығына жетуін күтіп, қошеметпен дем беріп отырды. Бабы мен жылдамдығы тең үйлескен, бір-біріне сәтімен ілескен жүйріктер осылайша қарсыласын басып озды. Міне, көптен бері батыр ұрпақтарының, барша қауымның ойында жүрген ұлағатты іс-шара сәтімен өз мәресіне жетті.

 

(Ақпарат электронды поштамен алынды)