ӘКЕСІНІҢ СЕНІМДІ ҚОЛҒАНАТЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Заманауи қазақ қызы қандай болуы тиіс? Бойжеткендеріміздің сырт келбеті, мінез-құлқы, жеке басының қасиеті қандай? Бұл сауалымызға әркім өз көзқарасын білдірері заңдылық. Жуырда ауданымыздың төңірегінен Мажарстанның ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, этнограф-ғалым Иштван Бенцтің бастамасымен бабалар ізін жалғаушы Ұлы Жібек жолының бойымен салтаттылар экспедициясы өткен еді. Қонақтардың көзбен көргеннен көңілге түйген әсері мол.

Айдана
Айдана

Салтаттылар экспедициясының өкілдерін Ақсуат ауылдық округіне қарасты Целинный ауылының аумағында әкімнің міндетін атқарушы Жібек Ыдырысованың жетекшілігімен округ тұрғындары күтіп алды. Бұл бір көз тартарлық таңғажайып тамаша көрініс болды. Бұлыңғыр ауа райы да жалпы көңіл-күйді бұза қойған жоқ. Жасыл төбешікке ақшаңқан киіз үй тігілген. Бозторғай үні мен оған қосылған құстың шырылы жан-дүниеге мол қуаныш сыйлады.

Түтіні будақтаған самауыр, березелі ұлттық киімдегі бойжеткендер, сәнді киімдегі егде әйелдер менг ер азаматтар айналаға сән береді. Сайын далаға серуенге шыққан, иығындағы қолаң шашын самал жел тербеген сәтте бойжеткендерді суретке түсіріп алудың орайы келді. Олар ауылдық округтің бүкіл мәдени-көпшілік шараларына ұдайы белсене қатысып жүретін Ақсуат орта мектебінің оқушы қыздары болатын. Арасындағы бір сіңліміз тең құрбыларының ішінен сұлу сымбатымен, айналаға ықыласты көзқарасымен, айшықты көркімен дараланып тұрды. Бойжеткенмен өзара таныстығымыз ол киімін ауыстырған сәтте, іле тек иесі мен өз әкесі Жанболат Темірхановтан өзге жанға жатырқап қарайтын, Көкжал есімді жирен сәйгүлікке мініп жатқанда басталды. Жаңағы аттың жанына әлдеқалай бөтен адам жақындап бара қалса – жануар аяғын баппен орнынан қозғалтады да, шегініп кетеді, құлағын қайшылап, жатсына қарап тұрады. Айдана есімді қыз кішкене кезінен әкесіне жақын болып өскен, тіпті оң қолы десе де болады. Отбасындағы бес қыздың кенжесі, сол себепті бүкіл мінез-құлқы ер баладан аумайды. Әкесімен бірге мотоциклмен балыққа барады екен. Қыз қуу бәсекесіне екі мәрте қатысқанда ізіне ілескен бозбаланың бірде-біреуі қуып жете алмаған. Ол өз сәйгүлігін жанындай жақсы көреді, аты да оған үйір, ұзын жалы мен кекілінен, құйрығынан сипаса да, еш үрікпей, сабыр сақтап бір орында тұра береді екен. Тіпті қыз мінген ат ер баланың екінің бірінің еп-ыңғайы келе бермейтін алдыңғы екі аяғымен маневр әдісімен жоғары көтеріледі. Айдана биіл сегізінші сыныпқа көшіпті. Келешекте кім болуды армандайтынын біз білмейміз. Әйтседе өз ата-анасының мәртебелі қызы болатынына сенімдіміз. Оған қыздың сәнді көйлегі де, шабандоздың киімі де тап-тамаша жараса береді. Бәрі де ана сүтімен бойға дарыған өнегелі тәрбиенің жемісі.
Раушан БАРЖАҚСЫ.