МАҚСАТ АЙҚЫН, ЖОСПАР АУҚЫМДЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Ақдін-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Күншалған ауылдық округінің аумағында егіншілік пен мал шаруашылығын қатар кәсіп ететін шаруашылық құрылымының бірі. Негізгі құрылтайшысы – бас директор Қайрат Есенов жетекшілік ететін «Қалқаман-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осы өңірдегі атқарушы директоры, елгезек те іскер азамат – Бауыржан Аралтаев.
Әдетте әңгімеміздің арнасын сандық мәліметтен гөрі жалпы жұмыс ырғағына, келешек ой-жоспарға қарай ойыстырып жататынымыз бар. Фермермен әңгімеміздің кіріспесі бұл жолы материалдық-техникалық әлеуетке арналды. Машина-трактор ауласында К-700 маркалы қуатты 9 трактор, канадалық үш «Бюллер» егіс кешені, астық жинайтын комбайн баршылық.
Көктемгі егіс уағында жалпы 5800 гектар егістікке бидай мен арпа тұқымы себілген. Оған қоса шаруашылықтың иелігінде пар мен шабындық алқабы баршылық. Әсіресе өнімділікті молайтуда, тиісінше бапты күтім жасалатын пардың алар орны ерекше. Бұл келер жылдың қамын бүгіннен ойлайтын, өнімділік мәселесін алыстан болжайтын диқан қауымның ежелден келе жатқан қағидасы. Егіннің арамшөбін заманауи негізде химиялық әдіспен отауға басымдық беріледі.
Шаруашылық дәнді дақыл баптаумен қатар өз иелігінде қазақтың ақбас тұқымды 170 бас ірі қарасын ұстайды. Қолдағы түліктің күтімі, жазғы жайылымы, аймағымызда жеті айға дейін созылатын қысқы кезеңдегі жемі мен шөбі – келелі міндет жүктейді. Оның үстіне кезінде үлестік пай есебінде бөлістен тиген жер алаңын «Ақдінге» сенімді басқаруға берген жалпы саны 371-ден асатын үлескер ауылдастың қамы, ұжымда жыл он екі ай ортақ игілікке жұыс істейтін Қаратал, Шәкей, Күншалған ауылы еңбеккерлерінің сұраныс өтелімі тікелей серіктестіктің мойнында. Әйтседе халық алдындағы борышының былтырғы жыл қорытындысында абыроймен өтелгені, ел сенімін сәтімен, абыроймен ақтағаны анық сезіледі. Жалпы саны жетпістен асатын бүкіл жұмысшының шөппен қамтылғанына көзіміз анық жетті. Материалдық игілік мүмкіндігі баршылық, тек ұйымдық мәселенің дұрыс ұйымдастырылғанын қалайды
Туған жерінің әрбір тау-тасын жақсы танитын, өзі туып-өскен өңір жағдайын, климаттық ерекшелігін бала жасынан бес саусағындай жақсы білетін Бауыржан Аралтаевқа ойға алған ісінің аса қиындық тудырмайтыны анық. Тек ауылда жұмысқа көмектесетін маман механизатордың жетпей жататынына ғана толғанады.
***
Сонау 1970 жылдан бастап механизатор ретінде еңбекке араласқан, кешегі кеңес уағында «Ленинский» атанған кеңшар өндірісін өркендетуге үлесін қосқан ел ағасының – серіктестіктің егіс бригадасының бригадирі Қуаныш Мусиннің тәлімгерлік тәжірибесі, жас буынға айтары аз емес. Ол кісі негізінен шөп шабу мәселесі, жалпы ортақ істің ұйымдастырылым реті жайында мәлімет ұсынды.
Маусым айында жерге түскен ылғал қорына қарай, биыл да төрт түліктің жұғымды азықтан кенде болмайтынына көпті көрген диқанның көзі анық жетеді. Тек алдағы шілде айының ашық ауа райының әрбір сағатын қалт жібермей, қолдағы жұмыс күші мен техника әлеуетін шабындық алаңына жұмылдыруды ниет етеді. Серіктестіктің қарамағындағы мал басын, үлескерді, жұмыскерді ескерсек, негізгі жоспар бойынша жалпы 2000 тонна шөп жиылуы қажет.
Бүгінгі күні қолдағы техниканың ұсақ-түйек олқылығы реттеліп жатыр. Машина ауласына басшылық жүргізетін Әлім Хамзиннің бағыт-бағдары, ақыл-кеңесі, іскерлігі мәселе түйінін өз ыңғайымен, сәтімен шешуге жол ашып келеді.
Жатка тіркелетін «Енисей», «Дон Мар» маркалы комбайн екі-екі данадан шабындыққа шығарылды. Тиісті ретіне қарай іске қосылатын желдеткішті шөп жинағыш та баршылық. Шабылған шөп фермаға үш тіркемелі К-700 маркалы бір трактормен тасылады. Шөп әпергіш қондырғы орнатылған екі трактордың біреуі алқап басында, келесісі мая алаңында іске қосылады.
Шалғышылар жұмысын күні бойы жүргізуге ниетті. Шөпшілерді шаруашылық тарапынан күніне бір мезгіл ыстық тамақпен қамсыздандыруға жоспар қарастырылған.
Іссапар барысында істің жайымен танысқан шаруашылықтың бүгінгі қам-қарекеті, ой жоспары осындай.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суреттерде: серіктестіктің мамандары; шеберханадағы жұмыс барысы
Суреттерді түсірген автор.