«ҮМБЕТЕЙДІҢ ҮНІ ҚАЛҒАН- КҮНШАЛҒАН»

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Көкшелік белгілі ақын, әрі сазгер Иран сал Тасқараұлы күншалғандық барша қауымды айтулы Үрпек батыр мен Үмбетей жырау тойы күні жыр қайнарынан молынан сусындатты. Автордың өлеңіне жазылған, әнін де өзі шығарған төл туындыларын Көкшетау, Астана, Алматы қалаларының өнерпаздары көпшілікке жан-жақты насихаттап келеді. «Ерейментау» әнінің де шоқтығы биік. Баянауылдық қонақ Орал Сартаев ортамызға келген мейман ақсақалға арнайы лебізін жеткізді. Округ әкімі Айланыш Тілекберді аудан басшысы Виктор Радченко арнайы жолдаған Құттықтау хатын әнші атайға табыс етті. Ауыл фермерлері Жұмажан Боқанов пен Бекім Серіков ауылдастар атынан сый-сыяпатын ұсынды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Медеу Әбжіков бүгінгі жүздесудің Елбасымыздың «Туған жерге туынды тік» қағидасымен сәтті үйлесім табатының жеткізді.
Көпшіліктің сұрауымен әнші ақсақал әзілге негізделген, белгілі автор Кәкімбек Салықовтың көпке белгілі «Жез киік» әні үлгісіндегі авторлық өз нұсқасын назарымызға ұсынды, барша қауымның көңілін көтерді. Жалпы ауылдастар өнер иесімен жүздесуден мол әсерге бөленді. Бұл шығармашылық сапар алдағы айтулы мәдени шараның өзіндік беташар-прологына айналды.
***
МӘДЕНИ ӨМІР ТЫНЫСЫ
«ҮМБЕТЕЙДІҢ ҮНІ ҚАЛҒАН- КҮНШАЛҒАН»

Ерлан Дәулет
Ерлан Дәулет

Маусымның соңғы жұлдызы күншалғандықтар үшін мәңгі есте қаларлық, барша ел айта жүретін, тарихи-танымдық оқиғамен ерекшеленді.
Көркімен көз тартатын, айналада табиғи көк шөп пен жидек иісі аңқыған ақ қайынның баурайындағы далалық ашық сахнаға көлікпен келіп жеттік. Дәл осы күні Елордамыздың 20 жылдығына, ауданымыз бен қаламыздың алдағы мерейлі датасына, Киікбай Үрпек батырға арналған салтанатқа, Бөгенбай батырдың үзеңгілесі Үмбетей Тілеуұлының құрметіне бағышталған ақындар айтысы өтетіні белгілі болды. Бұл күні өзара бес жұпқа жіктелетін, жыр алаңында бақ сынайтын он ақын ортамызды толтырды.
Бір күн бұрын аспанды торлаған бұлттың соңы нөсер жауынға ұласқан екен. Ал келесі күні аспан шайдай ашылып, жадырап сала берді. Бәлкім, көк тәңірі көп тілегін, ізгі ниетін құптаған болар. Жеребе тәсілімен лайықты қарсыласын анықтаған жыр жампоздары тиісті кезегімен межелі уақыт аралығында баршаны суырып салмалық өнерімен, өзіндік мақам-мәнерімен, әсерлі тапқырлық шумағымен көрерменнің көзайымына айналды. Негізгі тақырыпты: Үмбетей жырау мен Үрпек батырды, Астана мен Ерейментаудың айтулы даталарын жырға қосумен қатар, көпшілікті толғантатын мәселені де шығармаға арқау етті. Бүгінгі ауыл жағдайы, жастардың кәсіпке талпынысы, жол мәселесі, жемқорлықтың түпкі тамыры, атамекен ауылымыздың сақталуы ақындарды толғандырған мәселеге айналды. Қиыннан қиыстырған шумағымен жауаптасқан жыр сайыскерлері Жасыбай мен Олжабай батырлардың ерен ерлігін, өткен ғасырдағы Ерейменнің Қусақ көлі маңындағы атақты Сағынайдың асың, Құлагер оқиғасын тапқырлықпен тұспалдап жырға қосты. Ағалық сыйластық, құнды ақыл-кеңес, інілік ізет, орынды әзіл-қалжың, ақжарма тілек бәрі-бәрі сахна ажарын аша түсті.
Алғашқы айналым аяқталған сәтте, мәрелік айтысқа шыққан төрт ақын тағы да өз бабында екенің көпшілікке анық танытты, төрешінің де көңілінен шықты, лайықты он баллдық бағасын алды. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Жылқыбаев төрағалық еткен әділ қазылар, көкшелік ақын қонағымыз Қазақстан жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, көпшілікке танымал «Оқжетпес», «Ерейментау» әндерінің авторы Алмас Темірбай, округ әкімі Айланыш Тілекберді өнер иелеріне ризашылық ниетпен жылы лебізін арнап жатты.
Соңымен ақтық шешім бойынша, үшінші жүлделі орын ақындардың ақсақалы Сахария Қабдыжәлелге бұйырды. Баянаулыдық қонағымыз Мәрес Байрон екінші тұғырға көтерілді. Семейлік бойжеткен қарындасымыз Нәрия Ақбабақызы бірінші орынды олжалады. Келешегінен үміт күттіретін танымал ақын, Еркіншілік ақындар мектебінің жетекшісі Ерлан Дәулет әділ бағамен Бас жүлдеге қол жеткізді. Аршалылық Құрмет Құралханға аудан әкімі Виктор Радченко тіккен бағалы сыйлық-теледидар тарту етілді. Өзге айтыскерлер: ереймендік Бахтияр Жепенов, новомарковкалық Бақталант Ұлықпанұлы, бұландылық Нұртуған Серік, көкшелік Нұрболат Серік, павлодарлық Қоңқай Қожаберген ынталандыру жүлдесімен, ұйымдастыру алқасының Дипломымен құрметтелді.
Демеуші азаматтарға ұйымдастыру алқасынан арнайы Алғыс хат тапсырылды. Ауыл ағасы, зейнеткер Егінбай Нұралин көпшіліктің атынан алғыс лебізін білдіре келе, мәңгі есте қалатын қызықты да тартымды, әсерлі де тәрбиелі шара өткенің қуаныш сезімімен жеткізіп жатты. Демеуші жігіттерімізді арнайы атағанымыз орынды болар сірә, олар: белгілі кәсіпкер Бейсенбек Қаратаев, Жұмажан Боқанов, Бекім Әкімов, Бауыржан Аралтаев, Фазыл Қаратаев, Т.Төлеубаев, М.Куркин, Мэлс Бөдешев, Сәрсенбек Өтепов, Айланыш Тілекберді, Қайыржан Сәрсенов, Қайрат Шәкенов, Нұрбек Залғаринов, Владимир Земляной.
Иә, елдің ынтымақ-бірлігі, қонақжайлық пейілі, жомарт көңілі, ыстық ықыласы бүгінгідей игі шараны абыроймен өткеруге жан-жақты септесті.
Ашық сахнаға жақын маңда арнайы орнатылған қос алтыбақанда ауыл балалары құмары қаңғанша күні бойы тербелді, бұл да таза ауадағы серуен демалыстың бір түрі. Жергілікті кәсіпкерлер бұл сәтте қолдағы дәмді тағамын, керекті тауарын көпшілікке молынан ұсынды. Ауылдас қыз-келіншектер, мәдениет пен әкімдік қызметкерлері бүкіл қонақтарды ықыласпен күтіп алды, дәмге толы дастарханың жайып, ақсақал аталардың батасына бөленді.
Алтын бесік атамекен ауыл халқы әрдайым осындай ізгі қасиеттерімен ғасырлар бойы танылып келеді. Ұрпақ сабақтастығы, игі дәстүр жалғасы әлі де ел азаматтарының арқасында мәңгі сақталатынына, іні буынға өнеге мирас болатынына сеніміміз нық. Оған бүгінгі ақындар айтысы анық дәлел, нақты куәгер.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ержан ТҰРҒЫНБАЕВ
Күншалған ауылы