ОБЛЫСТЫҚ «ҚҰЛАГЕР-2018» СПАРТАКИАДАСЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Маусымның 28-30 жұлдызы аралығында облысымыздың табиғаты жаң баласын тамсандырған Ақкөл ауданында дәстүрлі «Құлагер-2018» облыстық спартакиадасы өтті.

«Құлагер-2018»
«Құлагер-2018»

Бағдарламасына Ұлттық және халықтық спорт түрлері енгізілген байрақты бәсеке Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына арналды. Жалпы екі күнге созылған жарысқа 17 аудан мен 2 қаланың бесаспап және әуесқой ойыншылар, нағыз майталман шеберлер жиналды. Спартакиада бағдарламасына: қазақ күресі, тоғызқұмалақ, гір тасын көтеру, қол күресі, асық ату, городки, бәйге, көкпар, теңге алу, аударыспақ, жамбы ату сынды спорт түрлері енді. Дүбірлі бәсекені Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.

Ереймендік ойыншылар да өзге үзенгілес бәсекелестермен тең дәрежеде шаршы алаңда бақ сынады, біліктілігі мен шеберлігін, даярлық деңгейін анық танытты. Аудан әкімдігінің спорт бөлімінің басшысы Алмагүл Әлжанова мен тоғызқұмалақ ойынының шебері Мұрат Уажанов командамызға жетекшілік етті. Түрлі спорт ойындарына қосылуды ниет еткен, құрамына жалпы 40 астам спортшы кірген топ үкілі үмітпен, ізгі ниетпен көршілес ауданға сапар шекті.

Қазақ күресінен Самат Тілеубергенов жаттықтырған қос палуан бауырымыз, талай мәртебелі додалардың жеңімпаз-жүлдегерлері Ерхан Ғаббасов пен Мақсат Мағұрыпов туған жерінің абыройын асқақтатты. Қарсыласың шаң қаптырған, епті де білікті, бабындағы мықты жігіттеріміз бұл жолы биік тұғырдан көрінді, сәйкес негізде 1-2 орын жүлдесін қаңжығасына байлады. Шаршы алаңда жанкүйер жерлестерін сүйсінтті. Бапкерінің еңбегінің жаңғанына өзге аудандағы тәлімгер әріптестер куәгер болды.

Спартакиада нәтижесі бойынша, Ерейментаудың ойыншылары өзінің білік- тәжірибесімен, бапкерлердің жүйелі еңбегінің нәтижесінде облыста алғашқы ондықтын құрамына кірді. Дәлірек айтқанда, турнир кестесінде 6 орынға жайғасты.

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған облыстық спартакиада биыл он бесінші рет өткізілді. Атылмыш шара арқылы ұлттық және халықтық спорт ойындарына ықылас танытушылар қатарының көбейгенін көруге болады. Жыл сайын ұйымдастырылатын турнирге аудан мерейін асқақтататын, туған жерінің намысын қорғайтын спортшылар арқылы, батыр да, палуан да, ақын да, өнерпаз да жасап өткен, туған жердің намысын қолдан бермеген өңірімізде ұлттық спорт ойыны мәңгі ұлықтала берсін!

Зарина КЕҢЕСОВА

Сурет электронды поштамен алынды