ЖҰМЫСТЫ ШИРАТУЫМЫЗ ШАРТ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
ӘКІМДІК МӘЖІЛІСІНЕН
Аудан әкімі Виктор Радченконың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде бірқатар мәселе талқыланды. Атап айтқанда, көктемгі егіс науқанының, айналаны көріктендіру айлығының, жуырда өткен ҰБТ қорытындысы әңгімеге негіз болды.
Баяндамашылар өз саласында атқарылған іс нәтижелеріне тоқталды, сандық мәлімет келтірді.
Егіс науқаны тәмам болды. Есепке жүгінсек, жоспарлы негізде дәнді, майлы дақыл тұқымы, көкөніс пен картоп егілген. Еркіншілік ауылдық округіндегі «Арна» ЖШС фермер диқандарға арзандатылған жаңар-жағармайды жүйелі жеткізіп берген. Гербицид қолданысы технологиясы жайында айтылды. Енді өңірдің мал өсіретін шаруашылықтары шөп шауып алуы қажет. Қолдағы бүкіл мал басына келер қысқа жалпы жоспар бойынша 122 мың тонна шөп үйілуі шарт. Әрбір округке осы негізде жоспарлы тапсырма белгіленіп берілген.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің хатына, аудан басшысының сәйкестелген Қаулысына орай биылғы жылдың 9 сәуірінде айналаны көріктендіруге, тазартуға, көгалдандыруға арналған айлық жарияланды. Осы кезең ішінде елді мекендерде белгілі жоспарлы жұмыс жүргізілді. Қала да ортақ істен шет қалған жоқ. Белгілі ғимараттарды сырлап, әктеумен қатар қаланың бас көше жолының ой-шұңқырын тегістеуге, шеткі жолға автогрейдер жіберуге жоспар белгіленген. Қалқаман плотинасының төңірегі тазартылды. Газон шалғысы алдырылды. Күзде жарнама тумбасы мен шағын сәулет үлгісін, шам орнататын жоспар баршылық. Орталық саябақтың қоқыс жәшігі жаңартылып айысбасталуда. Қолға алған істі жыл он екі ай бойы, тұрақты жүргізуге ұсыныс берілді. Ол тиісті нәтижеге жетуді көздейді.
Газетіміздің алдыңғы санында жарияланған ҰБТ нәтижесі бойынша «Алтын белгіден» үміткер жеті түлектін бесеуі өз еңбегін растады. Өзге екеуі өздері таңдаған жоғарғы оқу орнына ертерек түсіп қойған. Бөлімге үздік бестіктер қатарына ілігу үшін оқушылардың білім сапасының жақсартылуына қол жеткізуге аманат жүктелді.
ӘКІМ КҮНІ
Осы құрамдағы басшылардың және шақырылған тұлғалардың қатысуымен, өңір жеткшісінің төрағалығымен «Әкім күні» кеңесі өтті.
Электронды-шаруашылық есебіне арналған іс қағазының сапалы әрі қатесіз жүргізілімі жергілікті атқару органдарына нақты міндет жүктейді. Мал шаруашылығы бойынша жеке меншіктегі, оған қоса фермер шаруалардың иелегіндегі бүкіл түлік санын анықтап алу – басты парыз. Келешекте аумағы әркелкі жер телімі де есепке алынғаны дұрыс. Ауыл шаруашылығы саласындағы есеп дерегінің бәрін статистика бөлімі мәліметімен түпкілікті үйлестіруге негізделген. Ізінше осы жүйедегі алшақтық пен жайсыздық толық реттелуі тиіс. Статистика бөлімінің басшысы Қуат Мұқышевтың ұсыныс сипатындағы ақпары дәл осы мәселені жан-жақты қамтыды.
«Цифрлы Қазақстан» және «Тұрғындардың білік қабілетін шыңдауға арналған оқыту курсының өткізілімі, мамандардың қайта даярланымы» жобасының тұжырымды жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып отыр. Аталмыш құжаттың түпкі мәні жаңа уақыт ағымына сәйкес әріптестердің білімін жетілдіруге негізделген. Бұл бірінші кезекте заманауи оргтехниканы, тауар мен қызметті Онлайн тәртібімен сатып алу ережесін жетік меңгеруге арналады. Қаланың Бөгенбай батыр атыңдағы қазақ орта мектебінде бапкер оқытушылардың жетекшілігімен семинар ұйымдастырылған. Үстіміздегі жылдың тамыз айында ауыл әкімдіктерінің түрлі дәрежелі мамандарының цифрлық білігін жетілдіруді көздейтін оқу курсы жалғастырылмақ. Ауыл әкімдері осы орайда өз әріптестеріне мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіргені жөн. Ол халыққа сапалы қызмет көрсетуге лайықталған амал.
Тиісті мәлімет дәл әрі анық берілуі үшін ауыл, ауылдық округ әкімдеріне жалпы көрсеткішті арттыруға тапсырма берілді. Өйткені, кез келген олқылық жалпы межемізге де, аудан экономикасына да, өз әсерін тигізуі әбден мүмкін.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ