Құдайбердіұлы Малай батыр

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 2,00 из 5)

Loading...
Қазақ халқы отыршылыққа дейінгі өмірінде зар заманның талай-талай ауыртпалықтарын басынан кешірді. Жаратқанның құдіреті күшті ғой. Сар даланы одан басқа түрі мен тұрмысы ұқсас, бірақ сенімі мен діні басқа халықтар да мекен еткені белгілі. Әсіресе, тегеуіріні мықты ел жоңғардың біздің бабаларымызға жасаған қиянатын өскелең ұрпақ өмірі естен шығармайды деп ойлаймын.
Азығы мен байлығы төрт түліктен тұратын жұрттың жер үшін болған тайталастарында талай жазықсыз жандар құрбан болды. Бесіктен белі шыққан бала сондықтан қалмақты «ата жау» деп таныды. Олар да қазаққа кегін жібергісі келмеді.
Бүгінгі әңгімемізге арқау боп отырған ерен тұлға – Құдайбердіұлы Малай батыр сондай жаугершілік заманның ұланы. Қанжығалы тайпасының Есен тармағынан Қармыс елі өніп-өскен. Малай Бөгенбай батырдың әкесімен ағайын әрі көңілі жақын кісі болғасын және өзінің құдай берген қасиеттерінің арқасында өле-өлгенше сый-құрметтен айрылмаған. Ақшадан жасы кіші болғанымен ірі-ірі шайқастарға қатысып, жаужүрек қайсарлығымен көзге түскен жан. Бөгенбай бұл кісінің өзінің туған ағасындай жақсы көрген. Бас сардар үлкен жиындарды Малай батырсыз өткізбеген дейтін елдің абзал қариялары.
Ел ішінде өскеннен кейін бала жасымыздан жасамыс адамдардың айтып отырған әңгімелерін біраз жадымызда сақтап қалдық. Жалпы, Ереймен елінің ерекше бір мінезі, шежірелік бай мұрасы, шешендері мен айтқыштары көп болғасын, мұндай рухы әлді сөздер жұрттың бас қосқан жерлерінде жиі айтылатын-ды. Ал егемендік алған тұста газет-журналдар алдын-ала келісіп алғандай бұл тақырыпты бірден табанын жерге тигізбей әуелетіп әкетіп еді. Сол кезде елде тұмшаланып бұғып қалған әңгімелерге жол ашылды. Белгілі тарихи тұлғалармен қатар, сирек еске алынатын, бірақ еліне сіңірген еңбегі ерен адамдардың да аты шықты.
Малай батыр туралы жыр-қисса бар екенін де білдік. Біздің әулеттің үлкендері: әжеміз Мәриям, әкеміз Сәлкен, ағамыз Әлім – ойымызды кеңіткен білімді кісілер болды. Одан басқа Шәйкен Тұрсынбаев, Елубай Қалқаманов, Қуандық Имашев, Қаратай Өсіпов, Долдаш Хасенов, Жапаш Қасенбаев тағы бірсыпыра елдің ескі әңгімесін көп білетін абзал ағалардың салиқалы сөздері аз да болса біздің бойымызда сақталып қалды. Олардың кейбірінің қолжазбалары, мақалалары мен естеліктері де көп ой салды. Әңгімеміз дәйексіз жалаңаш сөздерден тұрмасын деген оймен солардан қалған жазба мұраларды ұсынуды жөн санадық.
Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында батыр туралы нақты мысал келтірілген.
«… Бөгенбайдың тағы бір ерекшелігі өзінің серіктері: Толыбай, Қанай, Жәпек (Шапырашты Жәпек емес), Үмбетей мен Атан, Малай, Жантай, Досайлармен күнделікті ұрыстың барысын талқыға салып, өздерінің карәкатының бұрыс жерін шише шығарып отыратын. Ал Қабанбайда мұндай нәрсе бола бермейді.
Бөкеңнің айтуынша, әкесі Ақша ақын, батыр адам болыпты. Ол да ғұмырының көбін ат үстінде найза ұстап өткізсе керек-ті».
Үмбетейдің замандас жаужүрек ағасы Малай батыр жайында айтқаны
«… Сайрасам жөні мынау әңгіменің,
Айтайын ел еңбегінің өнбегенін.
Жәпекке ханның билік бермегенін,
Батырдың баға бермей айтқанына,
Халықтың ханды жақтап ермегенін.
Қалмақтың түсіп кетті алдауына,
Негізгі жауын танып көрмегенін.
Қалмақтар өткел бермей суға қамап,
Қалғаның жол таба алмай қазақ елің.
Жайықтың бер жағынан, ар жағына,
Малайдың ұшқыр оқты сермегенін.
Абылайдың Құдайберді Малайдан ат мінгені, Хан сайланғаны туралы
белгілі жылнамашы Жұмағұл Жылыбайұлының тарихи жыр жолдарынан
Орта жүз Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман,
Оңбайды бұл жалғанда сөзден тайған.
Қазақтың хан көтерілген жерлерінен,
Сөйлейін бір-екі ауыз Абылайдан.
Білмеген «тентек» дейді әрбір сөзге,
Тағы бар әңгімесі мұнан өзге.
Ел-жұртынан айрылып нашар болып,
Абылай іздеп келген Орта жүзге.
Сол кезде Абылайдың көңілі сынық
Тұрған жоқ еш нәрседен жаны тынып.
Осы аттанған әскерменен бірге кетті
Дос болып Ер Малайдан бір ат мініп.
Басқа хан Абылайдан бос боп өтті
Көрсетпеді анталаған жауға сесті.
Тұлпар берген Малайға риза болып
Екеуі ахиреттік дос боп өтті.
Бақ берген Абылайға хақ тағала
һәм батыр, һәм данышпан болды жәнә
Абылай алған екен тоғыз ханым
Туыпты бұл тоғыздан отыз бала.
Қорғалжын өңірінің тумасы, жазушы
Смағұл РАХЫМБЕКОВТЫҢ «Астана ақшамы» газетінде (4 қараша 1999 жыл) жарияланған «Жігіттің ақ семсері– Иманжүсіп» тарихи очеркінен:
«… – Иә, Құдайбердіден Малай батыр туған. Қанжығалы Бөгенбай батырға өз заманында ақ сауыт кигізіп, батасын берген сол Малай батыр. Бөкеңнің әкесі Ақша батырмен үзеңгілес Малай батырдың ұрпағы болсаң, сен де тегін жаратылмаған жан болдың, – деді Иманжүсіп үзеңгілес жас жігітке күлімсірей қарап».
Әлім ТҮГЕЛБАЕВТЫҢ «Естеліктер» (2014 жыл) жинағынан:
«… Мысалы, Молдажан зергер-ұста, мылтықты қолдан соғып, оқ-дәрісін де қолдан жасаған. Сонымен қатар ол үлкен ақын болған, өлеңдерін былай қойғанда, бірнеше дастан жазған адам. (Өкінішке орай, 50-ші жылдары ол кісінің қолжазбаларын «Ғылым академиясынанмын» деген біреулер алып кетіп, із-түссіз жоғалған). Ол кісі өте әңгімешіл еді. Көзім көріп, қасында отырып, сары самауырынға салып пісірген етінен татып, талай әңгімесін тыңдап едім. Тарихи әңгімелерді қозғаушы еді. Ол кезде жазып алу есте болды ма?!
Ол кісінің айтуынша, Нияз, Ақша (Бөгенбайдың әкесі), Малай батырлар замандас, әрі өте сыйлас болған екен. Бөгенбай 16 жасында жауға алғаш шабарында Ақша батыр батасын ал деп інісі Малайға жіберіпті. «Малай оғы – құдай оғы» деген нақыл барын да алғаш сол кісіден естіп едім».
Мәнап ӘДІРЕШОВТЫҢ «Қанжығалы Киікбай» (2016 жыл) шежіресінен:
«… Жазушы ағамыз Амантай Сатаев 1991 жылы Бөгенбай батырдың 300 жылдығына арнап жазған «Бөгенбай» атты әңгімесінде Құдайберді бабамыз жайлы мына бір деректерді алға тартады: «Қазақ елі ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда ерлік істерімен дүйім жұртты таң қалдырған ерен қайраткерлерді берді. Еңсегей бойлы ер Есімнің ұрпағы Салқам Жәңгір, оның қарулас досы төртқара Жалаңтөс батыр, оларға тізерлес шыққан Қанжығалы Құдайберді, Әлдеуін, оның баласы Ақша батырлар біздің шежіре шыңырауында жылдар бойы бұғып жатқан тарихи тұлғалар. Құдайберді Тәуке ханның тұңғышы Қайып сұлтанмен жоңғар тұтқынында болыпты. Жоңғардың белгілі қонтайшысы Ғалдан Бошақтың ұсынысымен қазақ жастарын Тибетке асырған, сонда буддизм дінін сусындырып, өздерінің қатарына қосып алмақ болған. Сөйтіп қазақтың бір топ жастары Тибет елінде, Лхасада, ондағы Далай-ламаның алтын сарайы – Поталада тәрбиеленген. Осы кезде қазақтың жас ханы әз Тәуке де қалмақтың біраз нояндары мен жайсаңдарын тұтқын етіп, қазақтың Тибетке өткен балаларына қайта айырбастап, еліне қайтартқан. Бұл тарихи оқиға біздің әдебиетімізде кейде аңыз, кейде дақпырт болып елең-алаң еске алынады. Ал бірақ бұл оқиғалар жоңғар-қалмақ тарихында, олардың шежірелерінде нақтылы жазылып қалған» – деп жазады жазушы.
Одан әрі ол – «Әз Тәуке хан баласы Қайып сұлтанға ерген қазақтың жас жеткіншектері Тибетте омыртқасы бекіп, бұғанасы қатып, шығыстың алуан түрлі айқастарының әдіс-тәсілін кеңінен үйреніп қайтқан. Бұлардың тәжірибелі әскери маман болып өсіп, жетілгенін қалмақ-жоңғар нояндары көре алмаған, іштен қызғанған. Тек Қарқаралы маңында қолға түсіп қалған Аюке мен Омбы қонтайшыларының нояндары мен қалыңдықтарын қазақ тұтқынынан құтқару үшін ғана әз Тәуке ханның адамдарын Қазақ еліне қайтаруға Ғалдан Бошақты мәжбүр болған.
Тұтқыннан босанған топтың ішіндегі ересегі Қанжығалы Құдайберді еді. Ол Тибеттен оралған соң Қорғалжын даласындағы Құланөтпес, Жақсыкөл, Жаманкөл, Талдысай, Нұра өзендерінің жағалауын жайлаған. Құдайбердінің өзі ұйымдастырған арнайы сайыскерлер мектебі болған. Туысы Әлдеуіннің немересі Бөгенбай осы Құдайберді батырдың сайыскер мектебінде әскери дәріс алып, соғыс сабақтарын үйренген» деп жазады жазушы ағамыз. (Қанжығалы қарт Бөгенбай. «Фолиант» баспасы 106-107 бет Астана – 2007 жыл).
Құдайберді Киікбай туралы салиқалы пікір:
«… С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Тлеукен Ахметұлы Еңсебаев өзінің Қанжығалы шежіресі кітабының 59 бетінде: «Киікбайға 18 мың жылқы біткен, зираты Атбасарда» деп көрсеткен» (М.Б. Әдірешов «Қанжығалы Киікбай» шежіресі, 17-18 парақ).
***
Малай келесі бір жорыққа кеткенде қалмақтар елін шауып, кіші шешесі – Қаракөзайымды баласымен алып кетеді. Батыр жолға шұғыл аттанып, көп ұзатпай сәске түсте, алаңсыз тамақтанып отырған жаудың үстінен шығып, есін шығарады. Шетте ұйқыда жатқан баланы талбесігінен найзасымен іліп ап, алдынан жүгіріп шыққан шешесін қосарланған жүйрікке мінгізіп еліне аман-есен оралады. Ол баланың аты Төлеке.
Ауылға келгесін болған оқиғаны Қаракөзайым үлкен ризалықпен күйеуіне толық баяндап береді: «Малайжан бесікті найзасымен іліп алып алдына сала бергенде, сабы шорт сынып, бесік жерге құлағанда есім шығып кетті. Мені міңгестіргеннен кейін, бірде–бір жауды дарытпай інісін қоршауды бұзып алып шыққанына әуелі Аллаға, екінші осы балама ризалығымды білдіремін» депті.
Сонда әкесі: « – Әй, балам-ай, бәкіңді алып, найзаның сабын қырғыштап отырғанда талай рет: «жұқартпа, әлсіз болады» деп айтқанымда құлағыңа ілмеп едің. Енді міне, көзің жеткен шығар, үлкенді тыңдамаған түбі бір кесірлі іске ұрынады», – дегенде жас батыр басын иіп әке-шешесінен кешірім сұрапты.
Малай өте бауырмал, қайырымды әрі мейірімді болған жан. Ол алыс–жақынды өзіне тартып, керек кезінде сүйеу бола білген.
Құдайбердінің үлкен балалары: Қайқы, Малай. Екеуінің аралығы 7-8 жас шамасында. Бұлар бәйбішеден туады. Екінші әйелінен Досқана мен Төлеке дүниеге келген. Бірақ, Қайқы дамылсыз жаугершілік заманның өкілі болғандықтан, Қаратау бойында болған сұрапыл бір ұрыста жау оғынан мерт болады. Қайқының әскери өнері Малайдан аспаса кем түспеген. Ал оның қазасы бұл әулеттің қабырғасын қатты қайыстырған.
Малайдың Киікбайға жасаған қамқорлығы жөнінде әңгіме көп. Киікбай әкеден жастай қалғасын, ағасы Малайдың үнемі қамқорлығында болған. Сол уақытта малы көп, ауқатты шаңыраққа көз алартқандар аз кездеспеген. Малай: «Ағамның жалғызын жетімсіретпеймін» деп баланың қанаты қатайғанша қамқорлығынан шығармаған. Сонысына қарай, ер жеткен Киікбай мақтаулы азаматқа айналады. Қазір оның есімін Қанжығалының бір іргелі елі абыроймен алып жүр. Киікбай ұрпақтары да Малай ағасының ұландарына талайдан сый-құрмет көрсетіп келе жатқанын Ереймен елі жақсы біледі.
Досқана мен Төлекелерден тараған ұрпақтар Құдайберді бабаларының атын жоғарылатпаса, төмендеткен емес. Олар дүйім жұртқа белгілі қалың елге айналды.
Малай батыр жөнінде ел арасына тараған өнегелі аңыз-әңгімелер аз емес. Батырдың Қанжығалы елі ішіндегі атақты жиендері болған. Олар көпшілік жақсы білетін елдің аңыз адамдары: Тұқпидың Өмірбегі, атақты Иманғали балуан. Бұл кісілердің ұлы нағашылары Малай жөнінен айтқан мақтанышқа толы әңгімелері жұртты әлі де тамсандыртып келеді. Әсіресе, батырдың қырағылығы, найзагерлігі, мергендігі мен балуандығы ел арасында жиі айтылады.
Бозбала жасында жасаған бір ерлігі
14-15 жасында, ел азаматтарының жорыққа кеткенін пайдаланып ауылға жау шапқанда, бала Малай қалмақ батырының жалаңаштанып қалған өңешін көздеп, әкесі Құдайберді жасап берген садақпен сұлатып салады. Жас болса да бас болған оған елі «бала батыр» деп те ат қойған.
Жорықта жүргенде ол ылғи қарауылшылар тобын басқарыпты.
Қырғидай қырағы жігіт алыстағыны анық көрген. Ірі шайқастардың алдында Малайдың қарауыл қарап қайтатын әдеті болған. Келгесін жұрт: «Не көрдің, не білдің?» деп сұрайды. Сонда ол қазақтарды алдаусыратып, шапанын қанатын жайған күшігендей, қозғалақтап отырған кісінің сұлбасын байқағанын айтады. Мойнындағы күміс алқасы мен білезігіне қарағанда жас әйел депті. Айтқандайын, кейін ерегескен жауды алып, саралағанда әлгі қарауылшы шын мәнінде уыздай жас келіншек боп шығады.
Ұлы бабамыз Ер Малай туралы ел аузында жүрген ескі әңгімелердің бірі
Қазақ-қалмақ жауласып жүрген бір жорықта дұшпан Малайдың әскерін қуып келе жатады. Сонда Малай бір биік жартасқа шыққан қарағайға оқ атыпты. Артынан қуып келе жатқан қалмақтың батырлары оның атқан оғының барған жеріне жебелерін бойлата алмапты. Сөйтіп қуғыншы дұшпан: «Біздің оған шамамыз келмейді» деп аттарын кейін бұрыпты. «Малай оғы – тәңір оғы!» деген сөз содан жеткен мәтел болса керек.
***
Малай бабамыздың ұрпақтары Ертіс, Ереймен, Сілеті, Есіл мен Нұра бойын мекен қылған. Үш ұлынан туған ұрпақ Қанжығалы шежіресіне енген елдер. Үлкені Қожакелді, ортаншысы – Сапа, сүт кенжесі – Қармыс. Бұл таптан Ақмола-Ереймен өңіріне белгілі Төрекелдіұлы Қасен ақын шыққан. Мемлекет деңгейінде қызмет сатысымен көтерілгендер санатында Қонақбай Тасболатов, Елубай Қалқаманов, Әлім Түгелбаев, тағы бірсыпыра азаматтар болған. Алғашқысы Қызылорда қаласының бірінші хатшысы болды. Содан соң Павлодар облысында екінші хатшы болған.
Спорт саласында әлемдік деңгейге көтерілген азамат Талғат Имашевты ауызға алмасақ обал болар. Қазақ елінің дәрежесін көтерген спортшыны Ақмола облысының әкімі Мәжит Есенбаев құрметтеп, өзінің сый-тартуын жасағанын қалайша ұмытуға болады.
1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінде Малай батырдың ұрпақтары темірдей құрсанған ақ патшаның әскерімен болған ашық айқаста ерліктерімен көзге түсті.
Нияздан шыққан атақты Төлеш ақынның Үндеуі жас өреннің көңіліне қанат бітіретіндей естіледі.
Аттан Бөгенбай, Нияз, Малайлар,
Ерлігіңе ереді талайлар.
Қайдасың, Бала Сыздық балуаным,
Қорлатпа батыр баба аруағын!
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп айтқан Ұлы Абайдай, біз де өскелең ел ұландарына бабаларының сынбаған рухынан, қайтпаған қайратынан өнеге алсын деген сыңаймен қазақ даласында туып-өскен ерлер жайлы сөз қозғадық. Кеңес дәуірінде өзгенің тарихымен тәрбиеленіп, өзіміздің барымызды білсек те, көрсете алмадық. Бұл еңбегіміз ертеңгі ұрпақтың қажетіне жараса – біз үшін одан асқан абырой жоқ. Тегіңе тартып өс, жас өрен!
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ, Қазақстанның Құрметті журналисі.
Астана.