ЕР ЕСІМІ – ҰРПАҚ ЖАДЫНДА

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 3,00 из 5)

Loading...
Биыл ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде елдің өркендеуіне қарапайым еңбегімен азды-көпті үлесін қосқан аға буын өкілдерінің кейбірі бұл дүниеден өтіп кетті. Ол кісілерді еске алудың қолайлы жолы – шариғат жолымен рухына арнайы Құран хатым түсіру, ас беру. Бұл мәселе жөнінде моңғолиялық жазушы-журналист Шынай Рахметұлы өзінің авторлық “Салт-сана” кітабында келесідей тұжырым жасаған екен: «63 жастан асқан адамдарға ас беретін және садақа таратудың бір жолы ретінде ағайын-туыстары барлық шығынды көтеретін болған. Қазақ тарихына жазылған ең үлкен ас Бөжей, Сағынай, Қазыбек би, Өскенбай, Шауыпкел, кіші жүз, Тұрабай, Абақ керей, Тоқбай, Ұлтарақ, Бектас, Бурылбай, Қара Оспан, Оралбайлар асы болған. Тоталитарлық дәуірде Ас рәсімі пышақ кескендей үзілген. 1993 жылдан бастап Ақыт, Көбеш, Жылқышыларға ас беріле бастады» – деп жазған. Бұған қарағанда мүмкіндігі жеткен адамның ата-баба, туыс- жұрағатының есімін еске түсіріп, ас беруінің сөкеттігі жоқ. Яғни «Өлі жебемей тірі байымайды» – деген осы болар.
Ақмырза ауылында осындай сауапты шараның куәсі болдық. Ұйымдастырушылар-Сәбитов Аман және апайы Ләззат. Игі бастамаға дем берген, құнды ақыл-кеңес қосқан – туысқандар.
Асқа Қызылорда, Шымкент, Астана тұрғындары, аудан- ауыл адамдары, бірқатар меймандар жиылды. Айнала құрылған киіз үйлерге бүкіл қонақтар бөлініп-бөлініп жайғасты. Көрнекі орынға ілінген тарихи мағлұматқа назар аудардық. Онда тиісті дерегі келесідей өлең шумағымен өріліпті:
Арғы атам Сәбит бабадан,
Бір қыз, екі ұл Әбдірахманнан тараған.
Теміртас, Темірбек балалары,
Бір ұрпағы ата жолы жалғаған.
Атадан балаға мирас боп,
Ата жолын қусын тек.
Аманұлы Тілегенге,
Біз арнайық ақ тілек.
Ата-анамыз көз көрген,
Кешегі күні бір жүрген.
Ағайын туыс ел-жұртым,
Ақ батаңды бер бүгін-деген өлең шумақтары жазылыпты. Өзгеріссіз қабыл алдық. Біріншіден, бабаларын атап көрсетсе, екіншіден Аманұлы Тілегенге көптің батасы тие берсін, аман-есен ер болып өссін деген тілегін біз де құптадық.
Әрине, ас беру деген дұға бағыштаумен ғана шектеліп қалмайды. Бұл рәсімнің барша жамағатқа, келер ұрпаққа үлгі-өнеге беретін өзіндік ерекшеліктері болуға тиісті. Осы мақсатты да анық байқадық. Жиналған топқа аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов жылы лебізін білдірді, айтулы тұлға есімін өнеге ретінде атады.
Астанадан келген әншілер, Сәбит атасының шөбере, өбере, туажаттары өзіндік дарынымен ерекшеленді. Көрермен қауым да ізгі жылы лебізін әнмен жалғастырып жатты. Астаналық қонақ Бағила бүгінгі жиын рухани жаңғырудың айқын үлгісі, ұрпақ сабақтастығының нышаны деген ой қорытты да, ұйымдастырушыларға – Сәбитов ұрпағына ризашылығын жеткізді. Шаршы топтағы қонақтар мен ата ұрпақтары да ашық алаңда шағын ауылды әнмен тербеді.
Боз кілем үстінде жасөспірімдердің «қазақша күрес» бәсекесі жалғасты. Тиісті салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз жүлдегерлер ақшалай сыйлықты иеленді. Ел назары көкпар бәсекесіне аударылды. Көрермен тарапынан ұйымдастырушыларға байғазы кәдесі ұсынылып жатты. Көкпарда талайдың тақымын қақтырғаны анық. Салым жүлдесі барған сайын молая түсті, оған әуелі ақшалай, ізінше ұпай ретіне қарай тиісті жүлде: ұсақ және ірі мал, жеңіл көлік тағайындалды.
Әрине, мәртебелі шараға арнайы сәйгүлік баптап келген ер азаматтың бақ сынайтыны заңдылық. Намысты қолдан бермеуге, рух жігерін жасытпауға ден қоятын және бар. Ойын бәсекесі ұзаққа созылды. Ақтық нәтижеде Астана мен Шымкент командасы жүлдеге тігілген ірі қара мен жылқыны қаңжығасына ілді. Ал жеңіл көлік тиісті салым ұпайы бойынша Ерейментау ауданына бұйырды. Жүлдегеріміз – аударыспақтан Азия чемпионы, Ақмола облысының аға жаттықтырушысы өлеңтілік Азамат Қадыров. Сәбитов Аман да елімізге танымал атсүйер азамат. Көкпардан талай мәрте салым салған, қауымдастықтың жаттықтырушысы. Бұдан 5жыл бұрын Ақмырза ауылында аға буын көкпаршылар ойынын ұйымдастырған, «Жастық шақты» естеріне түсірген еді. 1980 жылдары ауданымыздың атын елімізге паш еткен аға буын өкілдері ізбасар буынға батасын берген еді. Сол дәстүр бойынша бүгін де үздіктер үлкендердін алғыс батасына бөленді. Халқымыздың өзіндік ерекшеліктерін насихаттап жүрген ұйымдастырушылар алқасына ризашылығымызды жеткіздік. Тойтарқар рәсімінің белгісі ретінде:
Ас беру мақтан емес дәстүр еді,
Жетіліп бұрынғыдан кемелденді.
Жүйрік ат, балуан, көкпар,түрлі өнер,
Нақышы таң қалдырған көрерменді.
Мықты ат салым салып ойқастайды,
Әншілер домбыра ап ән бастайды.
Қомақты жүлде қойған мұндай аста,
Адамның намысына шоқ тастайды.
Жігітім, көкпар ойна, намыста тұр,
Серкені жұлып алып көбеге бұр.
Артыңнан қуғыншы топ келіп қалды,
Атыңа екпін беріп қамшымен ұр – деген шумақ ойға оралады.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Новомарковка ауылы.