КӘСІПКЕР БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ…

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
«Біздің еңбексүйгіштігіміз біздің екінші құңды жеңісіміз болып табылады»
(Нұрсұлтан Назарбаев)
Бүгінде ел экономикасына игі іс бастап, оны дамыту үлкен маңыздылыққа ие болып отыр. Осы орайда түрлі жоба әзірленді, бағдарлама қабылданды. 2017 жылдан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы түрлі сала негіздеріне оқыту ісін бастаған болатын. «Бастау- Бизнес » жобасы бойынша республика көлемінде 160 филиал ашылды.

Сертификат табыстау сәті
Сертификат табыстау сәті

Аталмыш жоба біздің өңірімізде де сәтімен жұмыс атқаруда. Екі жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15 мың адам, соның ішінде 185 адам біздің ауданнан бизнес негізінде білім алған. Мысал ретінде, жуырда Елордада «Бастау» жобасының түлектері мен өкілдері жиынына қатысқан жерлесімізді атап өтейік. Бауыржан Досмағамбетовтың ой-жоспары 30 бизнес-жоба санатына енгені, марапатқа ие болғаны бәрімізге мәлім. Ол кәсіпкерлікті қолдау орталығы аудандық филиалының түлегі. Зерделі ақылы мен сүйіктісіне деген адалдығы іскер жерлесімізді биік шыңға жетеледі.
Мекемеде өз ісімді дөңгелетем, тірлік қылам дегендерді топқа бөледі, шәкірттер 1 ай көлемінде теориялық деңгейде білімін шындайды. Қазіргі таңда 16 болашақ игі іс иегері білім ошағында күнделікті білігін пысықтауда.
-Ақмола облысы бойынша Ерейментау ауданының жер көлемі үлкен. Бұл мекенде мал шаруашылығымен айналасу өте тиімді. Сондықтан да арамызда атакәсіппен айналысуға ықылас білдіргендер қатары көп,-дейді әңгімеге араласқан Азамат Маханалин. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша бизнес бапкер бүгінде орталықта сабақ береді. Ірі қараның күтімінен бөлек, сауда ісін қолға алуға, жеке дүкен, өнім өндіретін наубайхана, сүт қабылдайтын пункт ашуға, осылайша тіршілік жасауға ниеттілер баршылық.
Еркіншілік ауылының тұрғыны Болат Адлердің ұсынған бизнес-жобасы тіпті қызық. Ол жігіт малдың тезегінен қара шірінді (компост) әзірлеуге арналған технологияны ұсынады. Бұл қаржы шығынын мүлде керек етпейтін, өңдірісі экономикалық, экологиялық тұрғыда аса тиімді инновациялық қадам. Әсіресе, дайын өнім көкөніс пен гүл көшетін баптауға, жердің құнарын байытуға арналған органикалық тыңайтқыш. Картоптың, қызанақ пен қиярдың өсіп жетілуіне, өнім молшылығына оң ықпалын тігізеді. Жаңағы дайын шикізатты арнайы қапқа белгілі салмағымен буылып-түйілген қалыпта сатуға әбден болар еді. Ол бағбанға да, сатушыға да мол пайда береді. Дүкендерде саудаға түскен, сырттан әкелінетін тыңайтқыштан гөрі, жергілікті өнім бағасы әлдеқайда арзанға түсер еді. Несі бар, құптауға тұрарлық құнды бастама. Үлкендерден естуімізше, жаңағыдай дайын қара шіріндінің тоннасын 1000 теңгеден сатып алған саяжай иелері бар екен.
Кәсіпкерлікті қолдау орталығының қызметкерлерімен қатар, болашақ кәсіп иелерімен тілдесудің де сәті түсті. Арман-мақсат, ой-жоспарымен бөлісуден ешкім тартынбады.
Уатхан Тоқтарханұлы – зоотехник, Ерейментау қаласының тумасы.
-Бизнес-жоба іске қосылғалы, неге атакәсіппен айналыспасқа?, деген сұрақ туындады. Өңірімізде жер де кең, шөбі де жұғымды. Ниет етсеңіз – ірі қара ұстауға, сүтті сиырдан май-қаймақ, құрт-ірімшік өндіруге әбден болады. Экологиялық таза тағам әзірлегенге не жетсін! Қазекемнің құртының өзі бойға қуат әрі таптырмайтын дәрумен екенін білеміз бе? Өткен жылы осы оймен мал қамайтын алаң жабдықтап, тірлік қылудың қамын жасадым. Міне, бүгінде осы орталықтағы мамандардың көмегімен кәсіпкерлік жөнінде білім алып жатырмын. Ісім он шешімін тауып жатса, болашақта үлкен кәсіп иесі болатыныма нық сенемін.
Қорлан Бекбатчаева –Ақсуат ауылының тұрғыны, бұған дейін ағарту саласында қызмет атқарған.
-Елордамыз Астанадан ауылға қоныс аударғанымызға аса көп бола қойған жоқ. Қаланың күйбең тіршілігі жасы келген адамды қажытады екен. Жұбайым екеуміз ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысуды жөн көрдік. Бұрыннан кәсіп иесі болуды жоспарлаған едік.
Ардақ Құмар-Заготзерно мөлтекауданының тұрғыны.
-«Ер қанаты – ат» демекші, жылқы малын өсіріп, мал басын көбейткім келеді. Ыңғайы келсе, қазіргі таңда, кәсіп иесі болу үшін барлық жағдай қарастырылған. Тек сол салаға деген ниет, жүрек қалауың болса – жеткілікті. Жастар қалаға жұмыс істеуге ағылады, ел қатарлы біз де үлкен шаһарда жұмыс істеп көрдік. Бірақ, ауылда мал өсірген, жүйрік сәйгүлік баптап, оны той-думанда бәйгеге қосқан қызық емес пе?!
Зәуре Смағұлова – Ерейментау ауданының тұрғыны. Бұрын сауда саласын кәсіп еткен.
-Көктем шықса, үй ауласында құс өсіремін. Қаз-үйрек балапанын сатып аламын. Жаздай оның бапты күтіміне ден қоюды ұнатамын. Аталмыш жоба іске қосылғаннан бастап, көңіліме қонымды істі әрі қарай дамыту ойымда болды. Бұл мекемеде бизнес жайлы түсінігім кеңінен қалыптасып жатыр. Зейнеттік демалысқа шықсам да, кәсіпкерлік жөнінде теория оқу мен үшін қызықты.
Мұхтарбек Жанат – Тайбай ауылының тұрғыны.
Төрт түліктің бапты күтімі – біздің атакәсібіміз. Менің де осындай ой-жоспарым баршылық.
Иә, осындай игі бастама, тың жоба ел экономикасын биік деңгейге көтеретіні, салық желісін кеңейтетіні, отандық өнімді молайтуға септесетіні хақ. Орталық оқу мерзімі аяқталған соң, арнайы сертификат табыстайды. Ой –жоспарды нақты іспен пысықтауға 2 жыл ішінде бірнеше рет жеңілдетілген несие ұсынылады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры берілген қаржының 10 пайызың арнайы малдың жем-шөбіне есептейді. Қазіргі таңда, мал шаруашылығымен айналысуды көздеген кәсіпкерлердің игілігіне ірі қараның орналасатын жерін қарастыру үшін қаржы бөлу мақсаты жоспарланып отыр.
Елбасының 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының Ерейменде іспен нығайтылып жатқанын анық аңғарғандай болдық. Ол өнірімізде, әсіресе ауыл халқына әлеуметтік жағдайын оңалтуға, жұмыссыздықты жоюға арналған игі қадам болмақ. «Бастау-Бизнес» жобасының өзі мақаламызда аталған, өзі ойымен бөліскен кейіпкерлеріміздің игі қадамын, таудай талабын, алғы мақсатын айқын көрсетіп берді. Атақоныс ауылда еңбек етуге ниеттілер екі жаққа да мол пайда берері анық. Сөз түйінінде, баршасының игі ісіне сәттілік пен табыс тіледік.
Зарина КЕҢЕСОВА
Суретті түсірген автор
(суретте: сертификат табыстау сәті)