МЕКТЕП БІТІРГЕНДЕРІНЕ – 50 ЖЫЛ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Бірдей біздің ойымыз да, сырымыз,
Бір мектептің ұлы менен қызымыз,
Бірдей өстік оқуда да еңбекте,
Күліп, ойнап бірімізбен біріміз» дегендей, 1968 жылы мектеп бітірген түлектер 50 жылдық кездесу кешіне жиылды. Сыныптастар Астана қаласында жүздесті, Елорданың көрікті жерлерін аралады, естелік суретке түсті.

Кездесу кеші
Кездесу кеші

Мектеп қабырғасында 19 оқушы бірге білім алған. Олардың барлығы қазіргі таңда зейнеттік демалыста болса да, кезіңде мамандығы бойынша ерен еңбек еткен. Алтын ұя мектепті тәмамдаған, сыныптастар айтулы кезендерде жиналып, жүздесіп жүрді. Биыл міне, Хамзе Ахметовтың бастамасымен тағы да кездесудің сәті түсті.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, ата-әжелер Әзірет Сұлтан мешітіне аялдады. Өмірден өткен ұстаздарына, сыныптастарына Құран бағыштады. Бір-бірін ұзақ көрмей сағынысқан замандастар «Ақ отау» мейрамханасына жиналды. Сынып жетекшісі Қызылгүл Тоқымовамен және химия-биология пәнінің мұғалімі Қалдыбай Баяхметовпен кездесті.
Кештің ұйымдастырушылары: Бекболат Күнкенов, Қанат Хасенов, Алтын Уналова бәрімізбен жылы амандасты. Бұрынғы старостамыз Мәмилә Олжатаева дәстүр бойынша оқушыларды түгендеп алды да, «Елу жылда ел жаңа» тәрбие сағатының пердесін ашты.
Түлектер дастархан басында емен-жарқын әңгімелесті, оқушы кезін еске түсірді. Мойнына ал қызыл галустік тағып, бір сәт пионер кейіпіне енді.
Кездесуге шақырылған, мектепті бізбен қатар бітірген орыс сыныбының оқушылары Сақтай Қайырова, Сағира Құсайынова, Орынтай Иманбаева «Взвейтесь кострами» әнімен бала күнімізге қайта оралғандай әсер берді.
Түрлі естелік әңгіме, ән мен би жүрегімізге жылы тиді. Кешегі сыныптас достар бір-біріне ізгі тілек, жылы лебіз арнады. Әрбір оқушыға «Жас түлек» лентасы тағылды, «50 жыл» арнайы жазуымен, уақыт тоқтамасын деген ниетпен бәріне естелік сағат тарту етілді.
Бала өсірген, немере жетелеген ата-әжелер мектеп қабырғасында өткен әрбір сәтті ұмытпапты. Кеш соңында бір-бірін қимай қоштасты. Ұйымдастырушы сыныптастарға ризашылықпен алғыс білдіріп жатты. Келесі онжылдықта тағы да есен-сау жүздесуді Аллам нәсіп еткей! Лайым осы тілек-ниетімізді тәңірім қабыл етсін!
Күләш ӘБІШЕВА.
Олжабай батыр ауылы