ОРНЫ ТОЛМАС ӨКІНІШ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Жайдары жаз өз күшіне енді. Шыжыған күннің аптап ыстығы баршаны бой салқындату ниетімен жергілікті өзен-көлді жағалауға мәжбүрлеуде. Ауданымызда да жаңа ай орны толмас өкінішпен басталды. Жас жігіт Шымбұлақ плотинасына суға кетіп, көз жұмды. Марқұмның туыстары мен жақындарына орны толмас қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Біз балаларды, тіпті ересектерді қатерсіз шомылатын орынмен қамтамасыз етуге арналған мәселені де көтерген едік. Қайғылы жағдай суы терең және жерасты су көзі шоғырланған орындарда ескерту белгілерінің, суға кеткендерді құтқаратын техникалық құралдардың, апаттың алдын алатын және жалпы жағдайды назарда ұстайтын арнаулы қызмет тобының жоқтығын анық айғақтап берді.
Қазақстанда тек қос демалыс күнінің өзінде 20 адамның суда өмірі қиылғанын хабарлады Қазақақпарат бюросы. Сенбі мен жексенбіде Қазақстанда 20 адам суға кетті. Себеп – адамдардың осы мақсатқа лайықталмаған орында шомылуында, судағы қауіпсіздік ережесінің сақталмағанында, деп хабарлайды ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті.
«Мәлімет жан түршіктіреді. Шомылуға арналып белгіленбеген орындардағы кісі өлімі оқиғасы Шығыс Қазақстан (5 адам), Қызылорда (3 адам), Қарағанды (3 адам), Солтүстік Қазақстан (2 адам), Алматы (1 адам), Қостанай (1 адам), Ақмола (2 адам), Батыс Қазақстан (1 адам) облыстарында, Астанада (1 адам), Алматыда (1 адам) тіркелді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Комитет атап өткендей, құтқарушыларға қазір дем алуға мұрша жоқ. Олар жүйелі рейд жүргізіп тұрады. Алайда демалушылар көбінесе құтқарушылардың ұсынысына мән бермейді. Қостанайда, 7 шілдеде, Гагарин плотинасында жүргізілген рейд кезінде құтқарушылар үш әйелге бұл жерге суға түсудің қауіптілігін ескертті. Дегенмен олар тіл алмады, суға түскенде бата бастады. Отбасымен жағада демалып отырған ер адам келіншектерге көмекке ұмтылды. Ол әйелдерді құтқарса да, өзі суға кетті. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында жексенбіде шомылуға лайықталмаған орында 11 және 7 жастағы екі бала орны толмас өкінішке ұрынды. Олардың мәйітін жергілікті тұрғындар судан шығарып алды. Қазақстанда жалпы саны 50 мыңнан асатын тоған өз өміріңе және өзгенің өміріне сақтықпен қарауды, балалардың демалысына назар аударуды керек етеді,- деп ескертті комитет.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті азаматтарды су тоғандарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ