ЖҮЗДЕСТІК САҒЫНЫСЫП БІЗДЕР БҮГІН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 2,00 из 5)

Loading...
1972 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Ерейментау мектеп-интернатының төртінші сынып табалдырығын аттадық. Тәжірибелі ұстаздардан мол тәлім алдық, ілім-ғылым негіздеріне қанықтық. «…тарыдай боп кірдік, таудай болып шықтық». 1978 жылы кәмелеттік аттестатқа қол жеткіздік. Білім нәрінен мол сусындадық, маман болуды армандадық Уақыт қандай жүрдек десеңізші! Тура 40 жыл өтіпті ғой.

Түлектер тобы
Түлектер тобы

Жаңағы алтын ұяда теңдес құрбылармен бірге өткізген, арнаулы даярлық бөлмесінде тәрбиешіміздің жетекшілігімен ертеңгі күннің сабағына әзірленген ізденіске толы қызықты да көңілді сәттер әлі күнге дейін көз алдымызда.
Мұғалімдеріміз бізді әрбір таңда жауапкершілікке, тәртіпке, тазалыққа, әділдікке, шыншылдыққа үйретті. Әрине, әр ісімізге ақыл қосқан, жаңағыдай қасиеттерді санамызға сіңірген, бойымызға дарытқан ұстаз ағайлар Долдаш Хасенов, Сейфолла Бәйкенов, Жанболат Долдашұлы, Вальтер Оттович, ақылшы апайларымыз: Тыныштық Жәниева, Рәшида Әбжәлімова, Бақыт Подкенова, Анна Хуснутдинова, Райхан Бекболатқызы, тағы басқалары ғұмыр бойы есімізде. 4 сыныпта бізге Мәркеш Қалмұратова, 7 сыныпта Күміс Мұқаметжанқызы, 10 сыныпта Сейфолла Бәйкенов жетекшілік етті.
Біздің сыныптастарымыздың арасында ұстазының жолын қуған, мұғалім мамандығын таңдаған оқушылар да баршылық. Раушан Шекебаева (марқұм) Атбасар қаласында еңбек ете жүріп, толымды табысымен дараланды, Ыбырай Алтынсарин медалін иеленді, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім атанды. Жұлдыз Қаңтарбаева Бозтал ауылында беделді маман. Роза Шекебаева 30 жылдан аса Астана медицина колледжінде студенттердің бірнеше буынына дәріс берді. Ләззат Жапабаева, Сағдат Мұқашева Астана мектептерінде еңбек жолын жалғастыруда.
Өзге ұл мен қыз да көңілі қалаған мамандығы бойынша халық шаруашылығының түрлі салаларында жұмыста жүр. Бізде прораб та, медбике де, бірнеше кәсіп өкілдері баршылық. «…Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан», деп Абай бабамыз аманат еткендей, өз Отанының іргесін бекітуді көздеген түлектердің әрқайсысы еңбегімен елге танылуда.
Маусымның соңғы аптасында біз, түлектер тобы, мектеп-интернатына жиналдық. Бүгінде кәсіптік лицей мәртебесін иеленген, заманына сай жаңарып жасанған оқу орнының ішін араладық. Алаңсыз да қызықты балалық шағымызды бірге өткерген өз сынып бөлмемізге кірдік. Бүгінгі жүздесуіміз ұрпаққа ұлағат, баршаға өнеге-тәлім болуды, аманшылық болса 50 жылдықта да, жарты ғасырлық атаулы күні де, аман-сау қауышуды жазсын.
Роза ҚИНАЯТҚЫЗЫ. Астана қаласы.