АДАЛ ЕҢБЕК ЕРІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (4 оценок, среднее: 4,25 из 5)

Loading...
Бозбала күнінен ауыл өміріне етене араласқан, қарапайым еңбекпен, үлкендердің үлгісімен есейген, күні кеше біріне іні, біріне аға, бүгінде ұлағатты ата атанған Малтабар ауылының тұрғыны Базарбай Қазезұлы Жәмбиевтің дара жолына үңіліп көрдік.
Атамыз 1939 жылы 16 маусымда қазіргі Торғай ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс кезеңі ер азаматтарды майданға алдырды, ананы жесір, баланы жетім қалдырды. Кішкентай сәбиге де әкесін тірі көру бақыты бұйырмапты. Жанұядағы жалғыз бала ана қамқорлығында қалғанымен, оны да тағдыр көп көргендей. Әкесінің ағасы, Қайыржан Жәмбиев жас балаға әкенің орнына әке, ананың орнына ана бола білген жан. Ойын баласы Жамбыл атындағы Торғай орта мектебінде 5 сыныпқа дейін оқыды. Іле Ерейментаудың Известковый өңіріне (бұрынғы әктас зауыты орналасқан аймақ) көшіп келгенде, білім жолын екі жыл Шахта Социал мектебінде жалғастырды. Жетіжылдық біліммен өндірісте, ауылдық жерде қарапайым еңбекті кәсіп етті. Отбасылық жағдайына қарай мамандықты игеруге мүмкіндік болмаған тәрізді. Механизатор куәлігін иеленген, техника тілін жетік меңгерген зерделі де елгезек жас жігіт өз теңдестерімен, жасы үлкен ағалармен қоян-қолтық араласа ауылда еңбек етті. Тіршілігі жыл он екі ай жалғасатын, маусымдық іске ұдайы белсене үн қосты. Көктем шыға сала егін септі. Жазда тырнауыш пен шалғы сүйреп, қоғамдық малдың қысқы азығын қамдады. Күз келе, комбайын баптап, егін орды, қыста қолға қараған түлік күтімін, келер көктемге шығынсыз аман алып шығудың қамын ойластырды.
-Сол уақытта Жанажол бөлімшесін елгезек азамат, іскер ұйымдастырушы Еламан Әлжанов, трактор-егіс бригадасын Өндіріс Сыздықов басқарды, деп еске түсірді қария. Егін жинау науқанында 5 күндік жоспар артығымен орындалса, жұмыскерлерге арнайы сыйақы берілген. Маусымдық жұмысты адал атқарған, толымды табысымен ерекше көзге түскен жандарға ол кезде 7 қараша-Ұлы Октябрь социалистік революциясы күні қарсаңында ерекше құрметтейтін, осындай салтанат үстінде арнайы төсбелгімен көтермеленгені есіңде қалыпты. Егін бітік шыққан сәтте, диқан қауымның маңдай терінің өтеуі ретінде ел ішінде сабантой аталып өтетін. Кейіпкерімді әңгімеге тарта отырып, механизаторлық кәсіптің қыр-сыры, өзіндік қиындығы мен қызығы жайында ой бөлісуін өтіндім.
-Иә, қарағым. Жоғарыдан келген жоспарды толық еңсеру оңайға түсе бермейді. Жұмыстың да жеңілі жоқ. Әрдайым қайда болсын төзімділік, тапқырлық пен таудай талап қажет. Заманына қарай жанармайдан тапшылық көрмесек те, техниканың аты техника, кез келген сәтте сыр береді, істен шығады. Ал жұмысты жалғастыру үшін көлігінді жөңдеуге кірісіп кетесін. Міне, осының бәріне шыдамдылық танытқан жан ғана қиындықты жеңе алады. Кейде қолды бір сілтеп кететін, оған шыдас бермейтін адамдарды да көрдім, – дейді ата.
Иә, уақыт ағымына қарай трактордың түр-түрін жүргізген, ұзақ жыл ауыл шаруашылығында тынымсыз еткен озат механизатор кезіңде СОКП қатарына қабылданды. 1970 жылы «Лениннің 100 жылдығы» мерейтойлық медалін иеленді. Ал бертін . «Еңбек озаты» орденін, «Еңбек ардагері» медалін, «Коммунистік еңбек екпіндісі» төсбелгісін иеленді. Өзге мақтау қағаздары, кәсіптік мерекеде берілген сый-сыяпаты бір төбе.
1974 жылдан бастап Сілеті жеке аудан орталығы болды. Жанажол ауылы Шиліге қарады. Базарбай ата зейнеттік демалысқа ерте шықты, 1998 жылдан бері Малтабарда тұрады. Ата, тағдыр қосқан жарымен 1961 жылы отау құрған. Төлеу Ілиясқызымен 47 жыл бірге өмір сүрді, екі ұл, үш қыз сүйді. Оларға өзі сезінбеген әке жылулығын сыйлай білді. Балалары мектепті тәмамдаған соң, жүрек-қалауларымен білім жолын жалғастырды. Бүгінде ұл-қызы да әке-ана атанып, балаларының көз қуанышына бөленіп отыр. Ақсақал ауылда кенже ұлының қамқорлығында. Қазіргі таңда, 15 немере мен 12 шөберенің мандайынан сүйіп отырған ұлағатты жан. Асыл жары бақилық болса да, сұхбат барысында оның құжат-естеліктерін көрсетіп, көзінде сағыныш лебі бар екенің байқатты. Иә, өмір болған соң, көңбекке амал бар ма?!
Кейіпкерім өткенге сыр шертті, өмір тарихын осылайша баяндап берді. Қызығы мен шыжығы мол жас кезін тағы да бір сезінгендей. Жасы 80-ге таяса да, атамыздың күш-қуаты жеткілікті. Қол қусырып отырмай, ауладағы шағын шаруашылыққа араласады. Жолыққанға ақыл қосады, қолынан келгенше елгезектік ниетпен дем береді. Жастайынан еті тірі болып өскендіктен болар, еркін қозғалысты өмірлік дағдысына айналдырғандай. Имандылық жолын ұстанған тақуа жан жаратылысына лайық байсалдылығымен өткенге салауат, бүгінгіге шүкіршілік етеді. Бүгінгі жүргізілген тағылымды әңгімеміздің өзі шежірелі тарих емес пе? Өз өмірінен мағыналы сыр шерткен, мәнді ғұмыр кешкен қарияға біз де шексіз алғысымызды білдірдік. Алланың құдыретімен бойына дарыған күш-қуаты еселеніп, немере мен шөберенің қамқоршысы, тұтас ауылдың бетке ұстар тұлғасы болып жүруді жазсын.
Зарина КЕҢЕСОВА
Суретте: еңбек ардагері Базарбай Жәмбиев
Суретті түсірген автор