ҚАЛАМЫЗ ТАЗА БОЛУЫ ТИІС!

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджанов – бүгін бізде қонақта. Жүздескен сәтімізде атқарылған жұмыс, болашақ ой-жоспар жайында әңгіме шертті. Елордамен іргелес өңір мәртебесін еселеуге кедергі келтіретін жайттарға тоқталды. Қала маңын аз уақыт серуендеп шықтық, фотосурет есебін жүргіздік.
Ауданымыз бір айдан кейін өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Әрине, осы шарадан бөлек, жыл он екі ай бойы өңірімізде тәртіп болғаны, қоғамдық орындарда тазалық мәдениетінің сақталғаны жөн еді.


Алдында хабарланғандай, қаланың өзінің дербес бюджеті баршылық. Жоспарлы қаржысы төрт бағдарлама шеңберіндегі игі мақсатқа: қаланың тазалығы мен көріктендірілуіне, оқушыларды тасымалдауға, көше шамын жағуға, бейіт-қорым күтіміне жұмсалады.
Көктемгі жұмысымызға кіріскен бетте ағаш пен бордюрді әктедік, бей-берекет шашылған қоқыс алаңын жиыстырдық, сәулет ескерткіштерін, шағын сәулет үлгілерін ретке келтірдік. Орталық аллеяда бюстісі орнатылған батыр ұрпақтарынан өтінеріміз: тұғырының жағдайын қадағалаңыздар, плиткасы түсіп жатыр, оған сәйкес келетінін табу қиын.
Биыл қаланың вазонына, аллеясы мен скверіне жалпы отыз мың данадан астам гүл көшетін ектік. Бұл іске дизайнерлік тұрғыда ден қойдық, Гүл клумбасына бүгінгі таңда көз тояды. Гүлді жұлатын, аяққа басатын жасөспірімдердің өрескел қылығы көңіл құлазытады.
Иесіз мал тағы бір бас ауруына айналып отыр. Тұрғындарға айтарымыз, егер мал ұстасаңыздар, онда – үй жануарын бақылаусыз-иесіз қалдырмаңыздар. Қоса ескеретін жайт, орталық көшелерде жол жиегінің шөбін шаптық, Оны үй қоянын, құс асырайтын жандарға арнап үйіп берсек те, халық үстінен қоқыс үюде. Тұйық көшелердің де шөбін шауып жатырмыз. Орталық саябақты тәртіпке келтірдік. Қазір әлеуметтік жұмысшылардың бір тобы ардагерлер саябағындағы бұтаны отады. Бұл саябақтың орындығын неге жұлады екен?, деген сауал туындайды. Әрине, жастарымыздың кешкілікте айналысатын ештеңесі жоқ. Дегенмен қоршауды бұзудың, шамды бүлдірудің, орындықтың орнын ауыстырудың, қоқысты шашудың жөні бар ма?!
Жақын уақытта қалада тұрмыстық қалдықты: пластикті, шыныны, қағазды, темір-терсекті бөлек-бөлек жинайтын арнаулы контейнер орнатылады. Бұл -рұқсат етілетін қоқыс алаңының тиімді жұмысына арналған ірі қалалардың үлгісі. Қазірдің өзінде неон шамы мен батареяны жинайтын арнаулы жәшік қоюлы тұр. Қаланың тұрғындарынан осы бастаманы құптауларын өтінеміз.
Лесхоз, Заготзерно аймағындағы православие зиратының аумағын тәртіпке келтірдік. Қоқысын шығардық та, арнаулы ұраға көмдік. Көрсеткіш тақта орнаттық.
Жолдың сапасы елеулі проблемаға айналуда. Қазір біз слалом трассасында жүргендейміз. Дегенмен асфальт төсем жұмысы жоспарлы тәртіппен жүріп жатыр. Барлыбаев, Сейфуллин, Мұқатов көшелерін грейдерледік. Жақын арада Жантай батыр, Зеленый хутор көшесін ретке келтіреміз.
Жамбыл, Интернационал көшелерінің жолының ой-шұңқырын тегістедік. Уәлиханов көшесінің соңын да қамтыдық. Ескі трассаның бойындағы «бәйшешекті» жинастырдық. Тағы айтарымыз: жол белгілерін жаңарттық. Қала бойынша автобус аялдамаларын сырладық, әктедік.
Көктем сайын қаланың көшелерін, әсіресе шеткі аймағын, қарғын су басады, жол төсемі бұзылады. Сондықтан қазіргі таңда тасқын суды кедергісіз ағызуға лайықталған құбыр төселуде. Оның күтімі мен тазартылымына өзіміз бірлесе жұмыс істейтін «Эко Жәрдем» коммуналды кәсіпорны жауапты болады. Бәріміз Шымбұлақ өзенінің сағасында дем алғанды ұнатамыз. Дегенмен тоған арнасы жылдан-жылға табиғи қоқыспен ластанып барады. Оны да тазартқымыз келеді.
Жазда рұқсат етілмеген орындарда сүт, көкөніс, жеміс-жидек сататын саудагерлермен күресеміз. Өкініштісі: саябақта жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидекті сатып алуға болатын демалыс күндері орталық базар жабық жатады. Сауда алаңының маңайы да жеке кәсіпкерлер мен қала тұрғындарының сынына ілігуде.
Қала көшелерінің жарық шамы, созылмалы және өзге жарық құрылғыларының жағдайы тұрғындарды алаңдатуда. Дегенмен айтарым: бұл саланың ісіне жеке кәсіпкер жауапты.
Міне, өздеріңіз аңғарғандай, жеке кәсіпкер Талғат Қалиев өз меншігіндегі «Думан» дүкенінің қасбетін ретке келтіре бастады. Бұл бастаманы сауда орталығын ұстайтын өзге бизнесмендердің де қолдайтынына үміттімін. Жақын төңірегі көріктендірілген ғимаратқа кірудің өзі зор ғанибет қой. Абылайхан көшесіндегі, 139 нөмірлі үйдің тұрғындары бірікті де, ортақ баспанасының қасбетін ретке келтіруді ұйғарды. Жақында «Үздік үй», «Үздік көше», «Үздік аула» аудандық конкурсының нәтижесі шығарылады. Бұл тізімге үзлдік кәсіпорын-мекемені, Сауда үйін, ауласы реттелген қала мен ауданның түрлі мекеме басшыларын да қосуымыз қажет болар, сірә. Жұмысты өзімізден бастағанымыз жөн. Назар салыңызшы, қала әкімдігінің аумағы көркімен көз тартады ғой!»,- деп ой қорытты қала бастығы Төлеутай Мұхамеджанов.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суретті түсірген автор.