АУДАН ТАРИХЫ ОБЛЫСТЫҢ НАЗАРЫНДА

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова жуырда жұмыс сапарымен ауданымызға келді.

Өңірімізге табан тіреген сәтте жолшыбай Новомарковка тірек елді мекеніне аялдады, бірқатар әлеуметтік мекемелерді аралап көрді. Жергілікті мектептін жаңа оқу жылына даярлық ыңғайына назар аударды, бір жыл бұрын жөнделген дәрігерлік амбулаторияның жөңделім сапасы мен жалпы қызмет барысына ден қойды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бой көтерген жалпы 100 бүлдіршінге шақталған «Ертөстік» балабақшасында болды.

Көршілес Торғай ауылында да жоғарыда аталған әдіспен жалпы 60 бала қабылданатын мектепке дейіңгі мекеме іске қосылмақ ниетте. Қола дәуірінің археологиялық ескірткіштері шоғырланған, бүгінде ашық аспан аясындағы музей үлгісін көрсететін Қумая археологиялық-этнографиялық кешеніне барды.

Аудан орталығына бұрылған мәртебелі мейман жолшыбай аты аңызға айналған Бөгенбай батырдың стеласына бұрылды. Бұл ескерткіш белгі сонау жаугершілік заманында қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғау стратегиясы мен жалпы ел тағдыры жайында бірлесе ақылдасатын үш жүздің біріккен орны ретінде бағаланады.

Бөгенбай батыр атыңдағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Ләззат Түгелбаева мекемеде сақталған жәдігерлермен жан-жақты таныстырды. Биыл 90 жылдығы аталып өтетін аудан тарихына қысқаша тоқталып өтті.

Ереймен өңірі ежелден тарихи мұралардан кеңде емес, өткен дәуірдің айтулы жаужүрек батырлары, әділдігін тура айтқан билері, ақын-жырауы жасап өткен өлке. Төлеу Шаханов атыңдағы №3 орта мектепте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ашылған атаулы кабинет өткен оқу жылы бойы нәтижелі қызмет атқарды. Енді бүгінде, Бөгенбай батыр атыңдағы қазақ орта мектебінің ауласынан «Ерейменнің киелі орындары» кешені ашылмақ. Облыстық білім басқармасы бұл істі өз жоспарына енгізген, жүзеге асырылуын назарда ұстайтын болады. Жобаға ауданымыздың танымал тұлғалары мәңгілік қоныс тапқан қорым кесенесінің макеті мен көшірмесі орналастырылады. Оны әзірлеуге жалпы білім беретін орта мектептердің технология және тарих мұғалімдеріне тапсырма жүктеліп отыр. Осылайша, бірлескен еңбекпен жаңадан іске қосылатын объекті ашық аспан астындағы мұражай үлгісінде барлық оқушыларды кішкентай күнінен бастап туған жер тарихына жете қанықтырады. Аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Қатима Әубәкірова болашақ музейдің жобасымен қонағымызды таныстырып өтті. Ол жан-жақты қолдауға ие болды.

Облыс уәкілінің сапарына, өңір өмірімен жан-жақты танысуына аудан әкімі Виктор Радченко септесті.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Суретті түсірген автор