НӘР АЛДЫҚ ТАҒЫЛЫМДЫ СЫР-СҰХБАТТАН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Аудан тарихымен орайласқан айтулы дата жақындаған сайын туған жер игілігіне үлес қосқан жандардың ғұмырнама дерегі құндылығымен дараланады.
Жыл он екі ай адал еңбек еткен, мал өсіріп, егін сепкен, ұдайы көпшіліктің қамын көздеген аға буынның әрбір естелік әңгімесі өңір шежіресін толықтыра түседі. Бестоғай ауылының клубында өткен «Ауыл ағалары – мақтанышымыз» атты «дөңгелек үстел» жүздесуінен мол мәлімет алдық, ерекше әсерге, терең ой сезіміне бөлендік.
Шаршы топқа жиылған қонақтарымыздың әрқайсысы – кешегі Сілеті ауданына қарасты Фрунзе атындағы совхоз өмірімен біте қайнасқан, ел ішінде өзіндік орны бар аға-апа, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған мәртебелі де сыйлы ата-ана.
Үлкендердің еңбек ғұмырнамасы, қажыр-қайрат, төзімі, қарапайым еңбекпен қатар ілім-білімге, руханият әлеміне ықыласы, замана көшіне сәтімен ілескені шынымен сүйсінтеді.
Ұйымдастырушылар – мектеп мұғалімі Дәмелі Құдабаева кездесудің мақсат-бағытын түсіндіріп өтті. Жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүйсембай Бәйтеміров авторлық арнау шығармасын оқып берді.
Әрбір қонағымыз – өз алдына жеке бір әлем, тұнған шежіре, құмарың қанғанша сусындайтын қайнар бұлақ. Дәл осылай әсірелей теңеуіміздің де жарасымды орны, өзіндік жөні баршылық. Жалпы жарты ғасыр дәм-тұзы жарасқан Бекзан Өтепұлы мен Алтын алқалы ардақты ана Ғалия Кәрімқызының отбасылық жұбы бүгінгі отау иелеріне мол тағылым. Отағасы гараж меңгерушісі, инженер қызметін атқарған, ауыл шаруашылығы техникасының бабы мен күтіміне, науқандық жұмысқа уақтылы даярлығына, жұмысшының еңбек жағдайына, еңбек қауіпсіздігіне жанашырлық ниет танытқан жан. №63 Торғай орта кәсіптік-техникалық училищесінің филиалында жастарға дәріс берген, техника тілін үйреткен, жас маман әзірлігіне ықылас танытқан тәлімгер. Ғалия жеңгей жарты ғасыр ағарту саласында қызмет атқарған, бірнеше буын ұрпаққа химия-биология ілімін үйреткен Аға мұғалім, Қазақ КСР-ы ағарту ісінің үздігі.
Келесі қонағымыз – тыл ардагері, ауыл механизаторы, «Құрмет Белгісі» орденінің, Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамотасының, бірталай мәртебелі марапат иегері Мусин Хамзе ақсақалдың бізге айтары аз емес. «Туған жер несімен ыстық?», деген сауалға берген тұжырымды жауабы, домбырамен нақышына келтіре орындаған Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» әні мол тағылым болды. Ардақты ана Гаухартас Шахимованың, майдангер жесірі Орынбасар Момынованың бала тәрбиесіне қатысты құнды ой-лебізі, отбасылық өмір тәжірибесі, бауырмалдық пейілі, туған жерге, халыққа ризашылық жылы сөзі жанды жадыратады, жүректі елжіретеді. Ауыл жастарына тәлім берген, өз балаларын да ержеткізген ұлағат иесі, ұстаз апайымыз Гүлбағда Хасенованың, ауылдың мәдени өміріне белсене араласатын өнер жанашырының өз ортасында құрметті орны барщылық. «Елге ел қосылса-құт» демекші, түрлі себептермен осыдан 5 жыл бұрын Калачиден қоныс аударса да, ауылдастармен туған бауырындай сыйласқан, елгезек аға, шөберелі ұлы ата Темірбай Бейсенбаевтың баршаға алғыс лебізі көңілімізге жылы тиіп жатты. «Сельчанка» өнер ұжымының жетекшісі Нина Поздееваның да ауыл өміріне, мәдени салаға қосқан үлесі аз емес. Әнші қарындасымыз Құндыз Ахметова қонақтарға сазды сәлемін арнады, домбырамен шырқаған «Аруана» әні көңілден шықты.
Иә, жылы шыраймен жүздескен, ниет-пейілі бір арнаға тоғысқан, өмірде көпті көрген қазыналы аға буын, батагөй қариялар жолыққан сәтімізде әңгіме тиегін ағытумен қатар әр таңда Отанның тыныштығын, елдің амандығын, өскелең жастың сау-саламаттығын тілеп, төгілтіп батасын беріп жатады. «Баталы құл – арымас» дегендей, жаңағы қысқа батаның өзі әрдайым жолаушыға – жолсерік, кәсіп иесіне – табыс көзі, қалам иесіне –шабыт бағыты тәрізді игі әсерге бөлейді. Белгілі ақын ағамыз Сағи Жиенбаев жазғандай лайым: «…Даламның исі бұрқырап, қарттарым аман-сау жүрсін!».
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Байсары ауылы. Суретті түсірген автор.