ШАҒЫН МУЗЕЙДІҢ АЙТАРЫ КӨП

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Тайбай ауылына іссапармен барған бетте орта мектепке аялдадық. Жазғы каникул уақыты болса да, жоспарлы жұмыс жүріп жатты. Оқу кабинеттері, спорт залы жөнге келтірілген. 72 бала екі ауысыммен сабақ оқитын шағын орталықтың кабинеті ағымдық жөндеуден өткізіліпті. Келесі аптадан бастап өз өрендерін қабылдауға кіріседі. Екі топ республикалық «Балапан» бағдарламасы шеңберінде, екі топ жергілікті бюджеттің есебінен жұмыс атқарады.

Мектептің педагогтары бізге картоп егілген шағын учаскесін көрсетті. Өнімі күздігүні өз асханасының игілігіне жаратылады. Жазғы практикада жүрген оқушылар огород пен жасыл желекке күтім жасайды. Жергілікті шебердің қолымен жасалған аққудың мүсіні осы учаскеге айрықша көрік-сән береді.
Фойедегі «Бүкіл әлемді кітапханаға айналдырамыз» ортақ ұранымен безендірілген Буккроссинг кітапқұмарлар мүйісі көңілімізден шықты. Бұл жерден көңіліңізге ұнаған кітабыңызды алуыңызға, орнына басқасын қоюыңызға әбден болады. Біз алмастыратын әдебиеттерге талдама жасап көрдік. Негізінен өткен ғасырлардағы қазақ, орыс әдебиеті классиктерінің еңбектері қамтылған. Олар: Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Сергеев-Ценский, Николай Гоголь және басқалары. Егер кітапханашылардың бастамасын жергілікті тұрғындар қолдап жатса, онда түбі жақсылық болар еді. Өйткені көбінің үйінде өздері де, балалары да, баяғыда оқып бітірген кітап бар ғой. Осындағы сөреде балалар қызығып оқитын әдеби кітап жетіспей жатыр.

Дәл жанынан «Рухани жаңғыру» тақырыбымен орайластырылған композициялық көрме безендіріліпті. Негізгі идеясын мектептің музейінде жүзеге асырып үлгерген. Бастама иелері – мектептің ұстаздары Ольга Кирсакова мен Ольга Неплюева. Әріптестердің игілікті ісінің өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесінде мәні терең. Ата-баба есімін, жауынгерлік және еңбек шежіресін есте сақтауға лайықты мемлекеттік марапатын, жеке бұйымы мен құжатын назарымызға қоса ұсынды тарих пәнінің мамандары. Музейді бізге Алтын Дүйсенбаева аралатып көрсетті. Ортақ Отанымыздың бостандығын қорғаған, оған қоса интернационалдық парызын өткерген жауынгерлер ғұмырнамасының тірнектеліп жиналғанына көз жеткіздік. Жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылық кезеңінің, соғыс уағының куәгерлері-құрбандары жайындағы деректер бір сәт жүректі сыздатады. Мектеп те ауыл өмірімен біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Аты аңызға айналған көптеген жандардың өмірбаян парағы дәл осы ордадан басталған. Округте қазіргі таңда 13 ұлттың өкілі мекендейді. Кейбір байырғы тұрғындар мен олардың ұрпақтары отбасылық құнды жәдігерлерді, тұрмыстық бұйымдарды мектеп музейіне тарту етуді ұйғарған. Елдің валютасы да мемлекеттігіміздің бір нышаны. Музейдегі шағын нумизматика альбомынан бұрынғы КСРО-ның айналымнан шығарылған ақша белгілерін, тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы төл теңгесін таба аласыз. Оқушылардың барынша қызықты әрі терең мәнді зерттеу жұмысы да мектеп музейінен лайықты орын алған. Шәкірттердің қолымен әзірленген, өз ауылының болашағының қиял-елесі де бізді қайран қалдырды. Ол – әсем үйлер мен ғимараттар, өзенде катамаранға қоса желкенді қайық та жүзіп барады. Арман қуған бала барда елді мекен өсіп-гүлденуі тиіс. Шағын ортаға туған өлке шежіресін молынан топтастырған мұғалімдердің еңбегі шынымен өлшеусіз.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА.

Суретті түсірген автор.