СІЛЕТІНІҢ САҒАСЫНДА БАҚША БАР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 3,00 из 5)

Loading...
Бестоғай ауылына іссапарға шыққан сәтімізде округ әкімі Джомарт Мусинмен бірге жүріп, тамаша көріністің куәсі болдық. Сілеті өзенінің сағасындағы кемпірқосақ пішінді түрлі-түсті қондырғылар алыстан көз тартады. Округ әкімінің «Нива» маркалы жеңіл көлігі біртіндеп Ақмарал Оспанованың «Astana ABBAS GROUP» жауапкершілігіне қарасты көкөніс шаруашылығы алқабына жақындап келді. Бұл сәтте «АгротехГарантСервис» фирмасының «Ixter B10» маркалы заманауи шет елдік тракторы ұқыпты өңделген алқапта өз жұмысын тиісті ретімен атқарып жатты. Көшеттерге суды біркелкі үлестіріп тұрған «Reinke» маркалы жылжымалы жаңбырлатқыш қондырғыға да қызыға қарадық.
Бұл алқап кешегі кеңес кезіңде бұрыңғы Фрунзе атыңдағы совхоздың огороды ретінде пайдаланылған. Өңірге жаңадан келген исвестор биылғы жылдың көктемінде 40 гектарға картоп отырғызған, тағы 40 гектарға сәбіздің тұқымын сепкен. Картоптың тұқымын Павлодардан алдырған. Сәбіздің де элиталы сұрыбы жеткізілгенің байқадық.
Мақсатты жұмыс биылғы жылдың мамыр айында басталған. Николай Кравченко басқаратын шаруашылық жүргізу құқығындағы «Эко Жәрдем» кәсіпорны әуелі арық үлгісінде ұзын ұра қазып берген. Іле-шала пластикалық құбыр төселген. Бұл насос арқылы Сілеті өзенінен көкөніске су жеткізетін жазғы құбыр өткізгіш қызметін атқарады. Ал өзеннің тұщы суы құбыр арқылы жауындатқыш қоңдырғыға жеткізіледі.
Көкөніс алқабында қолдануға лайықталған әртүрлі үлгідегі шет елдік заманауи жаңа техниканың түр-түріне таңданыспен қызыға зер салдық. Ол арамшөпті отауға, дақылды қатараралық түптеуге, топырақты қопсытуға лайықталған дүниелер. Біркелкі өсіп-өңген картоп пен сәбіздің сабағы көз қуантады. Алқаптың шет жағында жүрген жұмыскерлер үстеп қоректендіргіш ретінде топыраққа сіңірілетін минералдық тыңайтқышты арнайы үлестіргіш қондырғы ыдысына салып жатты. Жеке аланқайда қияр өсіруге арналған шағын учаске бапталған екен. Дегенмен, оны өсіретін мерзім өтіп кетті, келесі жылы қолға алмақ ниетте.
Плантацияда бүгінгі күні жалпы 10 адам еңбек етуде. Жетекші бригадирі – Владимир Шемчук. Топтың құрамында ауыл тұрғындары Байжан Бекжановпен, Александр Шербаковпен, Мереке Бекназаровпен бірге сырттан 5 адам шақырылған. Олардың ішінде тракторшы, Өзбекстан Республикасының тумасы Феруз Жаббар да бар. Дизель қондырғысы арқылы жұмыс істейтін жаңбырлатқыш жүйені орнатуға, іске қосуға Көкшетау, Павлодар, Қарағанды қалаларынан маман: инженер-агроном шақырылыпты. Күзгі жиын-терін науқаны уағында арнаулы техника іске қосылады. Экологиялық таза дайын өнім сатуға лайықталған.
Бригада басшысының айтуы бойынша, фермер диқан тек көкөніс дақылымен ғана шектелуді көздемейді, аманшылық болса келесі жылы көпжылдық шөптің тұқымын себуді жоспарлап отыр. Алқаптағы ылғал қорын еселеуге тамшылатып суару тәсілін қолданбақ ниетте. Бұл жаңа қадам меншіктің малына лайықты сапалы да жұғымды шөп қорын молайтуға сеп болатыны анық. Болашақта көкөніс алқабын да кеңейтетін жоспар барын естідік.
Өзіміз аңғарғандай, көкөнісшінің ізгі ниеті сәйкестелген дербес бөлім мен атқару билігі тарапынан жан-жақты қолдау тапқаны абзал. Өйткені, өңірімізге жаңадан келген инвестор алдағы күзде Астананың айналасында азық-түлік белдеуін құруға, қолжетімді бағамен халықты көкөніс дақылымен қамсыздандыруға үн қосатын болады.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген автор