АЙДЫННЫҢ ДА КӨЗДЕГЕНІ – КӨПТІҢ ҚАМЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Бестоғай ауылдық округінде алыстан мұнартқан, заманауи деңгейде бой көтерген үш ферма мен тұрғын үйге жақындап келдік. Тіпті сыртқы келбетіне көзіңіз тоймайды. Барлығы ине-жіптен жаңа шыққан дүниедей жасанып тұр. Шаңырақ иелеріне жолықтық. Жылы амандастық Жақын таныстық. Әңгімелесе келе жаңағы игіліктің бәрі Айдын Сәдуақасов басқаратын «Нұр Агро» жауапкершілігі серіктестігінің шаруашылық алаңы екеніне көз жеткіздік.
Мал қорасы мен жеке тұрғын үй-бәрі-бәрі, дәлірек айтқанда, іргетасынан бастап жаңадан көтерілген. Сонымен мал ұстауға қолайлы жағдай қарастырылған. Бүгінде ауыл фермерінің иелігінде өз қаражатына алдырылған сүт бағытындағы 81 бас сиыр, алды қоздап жатқан романов тұқымды 110 бас саулық күтілуде.
«Су – тіршілік нәрі» демекші, кез келген жерде ауыз сусыз ешқандай мәселе оңайлықпен шешілмейді. Осы жағдайды алдын-ала ойластырған көреген шаруа иесі әуелі скважина қаздырып алды. Қуанышқа орай, тұщы су қоры мол әрі жеткілікті болып шықты. Электр қуаты да өндірістің қозғаушы күші, тұрмыста да да ауадай қажеттігі айдан анық. Жаңа ғимараттың шатырына орнатылған күн батареялары арқылы барлық жүйе толық қуаттандырылған. Төңіректегі ғимараттардың бәрі толығымен жаңағы жүйеге қосылған. Электр жарығы жеке бөлмедегі аккумулятор арқылы бүкіл бөлмеге беріледі. Айдынның тапқырлығына, іскерлігіне іштей сүйсіндік, қайран қалдық.
Климаты қатаң өңірде мал жазда жайлауда бағылса, 6 ай қыста қолға қарайтыны белгілі. Оған ертерек қам жасау мақсаты – ауыл фермерінің ойындағы келесі мәселенің бірі. Мал басының сәйкестелген есебі бойынша жалпы 300 тонна шөп үйілуі қажет. Осы мақсатта бүкіл тиісті еңбек құралымен екі трактор алдырмақ ниетте. Бүгінгі күні фермер жігіттің қарамағында байсарылық Болат пен Данияр Нығметов, Нұрсұлтан, Заңғар бірлесе еңбек етуде. Сауыншы келіншек Жұлдыз сиырды сауын машинасымен сауып береді. Мал дәрігері Аманхан өз құзыреті аясында бүкіл екпе-тексеріс ісін тиянақтап шыққан.
Айдын Сәдуақасовтың өзі бала кезден ауылда өскен жанның бірі. Сондықтан ауыл тірлігі, барлық істің қыр-сыры ол кісіге бес саусақтай жақын таныс. Электрмен-газбен дәнекерлеуші мамандығын меңгерген білікті азамат. Осы қабілеті де игі бастамасын баянды етуге септесіп келеді. Келешекте мал басын көбейтуді, өңім өндірісін жолға қоюды негізге алған ауылдасымыздың шаруасы өрге басатынына үміт пен сенім білдірдік. Міне, ауыл азаматы өзінің талпыныс күш-жігерімен туған жерді түлетуді, Елорданың айналасында азық-түлік белдеуін құруға өз үлесін қосуды ниет етіп, қам жасауда.
Аграрлық салада бизнесін жаңа бастаса да, округ өңірінде қайырымдылық ниетпен демеушілік көмегін ұсынғанын да естіп білдік. Бір жағынан қатты қуандық. Анығын айтқанда, биылғы 1 маусым Балаларды қорғау күні Бестоғай мен Байсарының жалпы 120 баласына сый-сыяпат сәлемдемесін тарту еткен екен. «Жақсының бәрі балаға» демекші, жомарт жүректі, ізгі ниетті азаматтын адал да кең пейілі, аманшылық болса, әлі де талай игі іспен пысықталатын күн алыс емес.
Барлық істі іргетастан бастаған, мақсатына қол жеткізген ауылдасымыздың бүгінгі қам-қарекеті жайында естіп-білген мәліметіміз осы.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ
Суреттерде: ферма жұмысшылары; ғимаратты қуаттандыратын заманауи аппарат
Суретті түсірген автор