ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Елдің атын ер шығарар» деген сөзді жалаң түсінуге болмайды. Себебі, қазақта ер мінезді қайсар қыздар көп болған. Еңбегі мен өнерін бағалағанда қазақ атамыз оларды анау-мынау ерлерден әлдеқайда жоғары қойған.
Біз білетін еңбек және тыл ардагері Нағима Латипова сондай аяулы жан еді. Ақмола облыстық партия комитетінде жұмыс істеп жүрген кезімде мені іздеп келіп өзінің жүрекжарды сөзі мен ақылын айтып, болашағыма жақсылық тілеген ел адамдарының бірі еді.
Нағима апай тағдырдың бұралаңы көп, соқтықпалы соқпақты жолдарымен жүрсе де алған бетінен қайтпаған кісі. Мектепті үздік аяқтаған соң, сол кездегі КСРО мемлекетінің астанасы – Москваға өзі сияқты жоғары оқуға арнайы жолдамамен бара жатқан 10 қазақстандық қыз-жігіттермен Челябинскіге жеткенде, Ұлы Отан соғысы басталғаны жайында жаманатты хабар алып, лажсыз елге оралуға мәжбүр болады.
Нағима Латипова туған жері Ерейментаудың Шәкей ауылына қайта оралған. Бұған дейін ашаршылықты, Голощекиннің «халық жауы» саясатын көзімен көрген балаң қыз ел қатарлы іске белсене араласып кетеді. Ол Ерейментаудың беткеұстар азаматтары түгелдей майданға алынған кезде мемлекеттік жүйеге қатысты жұмыстар көзі ашық, еті тірі қыз-келіншектерге, қырма сақал ел ағаларына тапсырылып жатқан тұс болатын.
Шәкей ауылдық Советінің басшысы Хамит Ахметов әскери комиссариаттың жолдамасын қолына ұстаған күні Латыптың қызы Нағиманы үйіне іздеп келіп, кеңсенің кілті мен мөрін табыс етіп, жұмыста қажырлы болуына ағалық кеңесін беріпті.
– Жанатжан, сен білесің бе, білмейсің бе, менің арғы атам Үмбетей жырау ғой, – деп еді апай бір болған кездесуде әңгіме тиегін ағытып. – Ол кісі аумалы-төкпелі заманды көп көрген, мінезі жайсаң әрі өткір, қазақтың ұшы-қиыры жоқ даласында хандар мен сұлтандарға, даңқты батырлар мен дауылпаз ақындарға тең, мейілінше батыл әрі өнерпаз, сөзге шешен кісі бопты. Ата мен әкем марқұмдардың осындай ескі әңгімелерді масаттана айтып отырғандарын талай естігенмін. Сенің әкең де, ағаң да ол кісі туралы тарихи әңгімелерге қанық. Балалық шақта соған мән бермесем де өскен кезде бәрі есіме оралды. Мен Солтүстік өңірдің біраз жерлерінде жұмыс істеген жанмын. Тарихты, ескі әңгімені, көне жыр-қиссаларды білетін адамдардан ұлы бабам Үмбетейдің атын естігенде талай тебіренгенім бар. Сол кісінің аруағы желеп-жебеді ме мен қиындықтан шаршап, қайратым қайтып сынған кісі емеспін.
Соғыстан кейінгі жылдары Нағима апай Еркіншілік (Ерейментау) ауданына қарасты «Еңбек туы» («Знамя труда») газетінде редактор болған. Қадірлі ел ағасы Дуанбай Әлімжановтың қарамағында жауапты хатшы боп біраз жылдар жұмыс істепті.
Нағима Латипова қанаты қатайған құстай өмірлік тәжірибе жинап Алматыдағы Жоғарғы партия мектебіне оқуға түседі. Ол әрбір кадрдың есепте тұрған кезі ғой. Бұдан соң білікті маман, орысшасы мен қазақшасы жорғадай қазақ қызын облыстың басшылары Қима аудандық партия комитетіне хатшы қылып тағайындайды. Өмір жолында ол Әкпан Үкібаевты, Дінмұхаммед Қонаевты, Жұмабек Тәшеневты кезіктіріп, олардың талай ағалық кеңестерін тыңдаған жан.
Басшылық қызметте жүрген кездерінде Нағима апай облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық, облыстық Советтердің бірнеше рет депутаты да болған екен.
Өмірінің біраз жылдары Қорғалжын және Целиноград аудандарының партия комитеттерімен де байланысты өтті.
Тағдырдың тәлкегін бала күнінен көрген Нағима апайдың бір әңгімесі ұмытылмастай есімде сақталып қалыпты.
– Қызылжар қаласында молда боп жүрген кезінде әкем Латып, біреулердің көрсетуімен, НКВД-нің қуғын-сүргініне түсті, – деп еді марқұм Нағима апай. – Содан әкем жылыстап өзінің жамағаты тұрып жатқан Павлодардың Баянауылына бір түнде көшіп кетті. Бірақ, «тілге жүйрік» қазақ онда да маза бермеді ғой. Ақыры әкем ұсталды. 2-3 күннен кейін жазықсыздан-жазықсыз – дін жолындағы адалдығы мен сардарлығы үшін атылып кетті.
10 жасында әкеден айрылған Нағима сталиндік мезгілдің қатал сынына төтеп бере алды. Туған әкесін алмастыра білген асыл ел азаматы Мұқан Жиеновке деген оның алғысы әрқашан зор болды. Сөздің орайы келгенде жиі ауызға алып отырушы еді.
Ол кісі әр заман баспалдағында өзіне әкелік қамқорлық жасаған Х. Тәшмағамбетов пен О. Ыбыраев жайында да салиқалы сөз айтатын. Заман қиындаған кезде адамдардың жүрегі жұмсарып, бір-біріне деген сыйластығы артады екен. Өтіріктен, харам істерден бойын аулақ ұстағандар мемлекетіміздің көсегесін көгерте білді ғой. Олар өздеріне алған жоқ, оның есесіне үлкен қайырымдылықпен жетім мен жесірге, кедей мен кепшікке берді. Халықтың ынтымағы мен бірлігінің арқасында мамыражай өмір орнап, жеңіс тойы тойланды, тың көтеріліп халқымыз нанға тойды. Әрине, бұл істердің басы-қасында сол кездері ер мінезді Нағима Латып қызындай кісілер жүргені белгілі. Жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын аяулы жанның өмірі – көпке өнеге болады деп ойлаймын.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Ерейментау ауданының Құрметті азаматы.
Астана қаласы