ЕҢБЕК – ИГІЛІК КӨЗІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 4,00 из 5)

Loading...
Ол рас, ауылда еңбек еткен жанның ырысы да молаятыны, нәтижесіне қанаттанатыны анық. «Кештік өмірің болса – түстік мал жый» деген қазекемнің қанатты қағидасы пайдалы да игілікті кәсіп көзін меңзейді. Бейсенбай Оразалиновтың «Мадина» шаруа қожалығы да осы бағытқа ден қойып отыр. Бүгінде зайыбы Зәмзәгүлмен бірге ірі қара, қой мен жылқы күтімін қолға алып отыр.
Көліксіз, еңбек құралынсыз ешқандай іс бітпейтіні белгілі ғой. Оны да ескерген фермер азамат екі трактор мен шалғы алдырған. Оны Рафиз Галимов пен Ағлан Шәймерденов жүргізеді, тиісті бабында ұстап, реттеп отырады. Бақташы Арман Бәйтеміров малдың күтімін қадағалайды, жайылымына, түлік амандығына жауап береді.
Шаруашылық желісін кеңейтуге, мал тұқымын асылдандыруға ден қойған Бейсенбай келешекте несие ресімдетуді, кепілдік мүлкі мақұлданса қосымша герефорд тұқымды 80 бас ірі қара алдыруды ниет етеді. Әрине оған қосымша жайылым, қысқы азығын қамдайтын шабындық жер де қажет. Сондықтан тиісті құзыретті орындарға ауыл әкімдігі арқылы өтініш түсіру міндеті кезек күтеді. Міне, бастауыш фермердің ой-мақсаты, жоспар бағыты ауқымды екенің аңғардық.
Қожалық басшысы Бестоғай округінде өз мүмкіндігіне қарай бүкіл мерекелік шараларға аянбай көмек көрсетеді. Жергілікті мектепке заманауи есік орнатып берген.
Ауылға кіреберістегі киіз үй үлгісінде салынған, Жаңабатыр Қаббастовтың иелігіндегі қымызханадан жыл он екі ай қонақ үзілмейді. Бейсенбай Оразалинов бүгінде осы шағын тойхананы алдыңғы иесінен жалға алып отыр. Даяшы Торғын Сағындықова ауылдасқа, алыс-жақыннан келіп кететін жолаушы мен қонаққа ыстық ықыласпен қызмет көрсетеді. Сонымен бірге Бейсенбайдың фермасында бие байлап, қымыз ашытады, шипалы сусыннын дәм мәзіріне қоса ұсынады. Сонымен бірге ауыл тұрғындары отбасылық шағын той-домалаққа дәмді қымызды тапсырыспен алдырып жатады. Барша қауым бұл қымызхананың қызмет мәдениетіне дән риза, әрі көңілі толады. Тіпті, шағын мерекесін де өткізіп жатады.
Торғынның өзі үш перзент тәрбиелеген ұлағатты ана. Баласының алды Степногорск пен Бестөбеде еңбек жолын жалғастыруда, кенжесі колледж студенті.
Ауылдастың шаруасын өрге бастыруға еңбегімен, құнды кеңесімен, ұйымдастырушылық қабілетімен септесіп жүрген жанашыр, елгезек азамат, округ әкімі Джомарт Мусинді де ықыласпен атауымыздың жөні бар. «Әкім бол-халқына жақын бол» деген қағиданың дәл осы жергілікті атқару билігі өкіліне қарата айтылғанын аңғарғандай боламыз. Ауыл қамын, туған жер болашағын тереңнен ойлайтын кәсіпкер азаматтар барда Бестоғай мен Байсарының әлі де көркейетіні, демеушілік көмегімен әлеуметтік саланың әлеуеті нығаятынына сенеміз, үміттенеміз. Лайым осы үмітіміз сәтімен ақтала берсін.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ
Суретті түсірген автор