КҮДЕРІ ИШАН МАЗАРЫ ЖАҢҒЫРТЫЛСА…

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдары өткенімізді түгендеуге, барымызды бағалауға, ата-баба ғұмырнамасын келешек ұрпаққа кеңінен танытуға мүмкіндік берді.

қонақтар тобы
қонақтар тобы

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен жуырда құрастырылған, бірқатарының бейіт-қорымы нақты анықталған киелі орындар картасы тың мағлұмат қорын байытуға молынан септесті. Міне, жуырда Омбы, Көкшетау өңірінен Ерейменге арнайы ат басын тіреген қонақтар тобы тағы бір ізгі ниетін, игі мақсатын баян етті. Бізге де құрметті де құдайы қонақтарымызбен сапарлас болудың сәті түсті. Құрметті мейманымыздың бірі – Раушан Мұқанова әңгімесінің кіріспесінде Дос есімді нағашысы болғанын, ал әкесі – нағашы атасы Смағұл қажының кезінде қазіргі Өлеңті ауылдық округіне қарасты Бекболат өңірінде медресе ашқанын баян етті. Білім ошағында арнайы жалдаған ұстаз шәкірт-балалардың сауатын алғаш араб тілінде ашқан деседі. Смағұл қажының зайыбы – Мөлдір есімді келіншек атақты Бұқар жырау Қалқаманұлының қарындасы болады екен. Алдында аталған Достың Төлешін аласапыран уақытта байдың тұқымы ретінде көзін құртқан деседі. Біз бұрын-сонды естімеген осындай жайттар шынымен қайран қалдырды. Қазақы ғұрпымызбен ру тергеп, ата таратар болсақ, ишан бабаның арғы тегі Қожадан тарайды екен. Өңірімізде де осы Атаның ұрпақтары, тиісті мәлімет білетін жандар баршылық. Олардың да қызықтырған адамның назарын аудартатын, мәліметке қанықтыратын құнды дүниені ұсынары анық.

Раушан апамен бірге отағасы Мұрат Мусин жездей, сіңлісі Ләззат, жиені Бақыт Маликова, кішкентай жиеншарлар Айша мен Уәлихан Ерейменге келген. Арнайы көлікпен Астана-Павлодар трассасын бойлай отырып, жаңағы Бекболат қыстағына қарай бағыт алдық. Межелі жерімізге жеттік. Ишан баба қорымына зиярат еттік. Қонақтардың ішіндегі жасы үлкен ағамыз марқұмның рухына, ортақ зираттан бертін мәңгілік қоныс тапқан барша аруақтарға Құран хатым түсірді. Кезінде саман кірпіштен қаланған, уақыт ретімен ауа райының әсерінен тек екі қабырғасы сақталып қалған бейіт басына бертін жанашыр жандардың ізгі ниетімен жаңадан құлпытас орнатылыпты да, жалпылама айналасы темір шарбақпен қоршалыпты. Раушан апайымыздың ендігі ой-мақсаты қасиетті ата зиратын заманауи материалмен қайта қоршауды, осылайша өзінің ұрпақ парызын өтеуді көздейді. Ол үшін құрылыс материалы, оны алдыратын қаржы, қол ұшын беретін қайырымды демеуші жандар қажет. Бұл да келешекте ұрпағымызға өнегелі боларлық, рухани құндылықтарымызды толықтыратын, әспеттеуге тұрарлық тағы бір игі шара екені анық.

Раушан Мұқанованың негізгі мамандығы – ағылшын-неміс-қазақ тілі сабағының мұғалімі. Омбыда 33 жыл шәкірт оқытқан ұлағатты маман. Сонау 90 жылы қалада арнайы қазақ тілі курсын ашқан, жақын шет елдің ірі қаласында біздің мемлекеттік тілімізді кеңінен насихаттаған нағыз жанашыр тұлға. Сол жылдың қыркүйегінде жұмысшы жастар мектебінен арнайы жалақы тағайындалған жұмыс тауып, Қазақ тілі қоғамының хатшысы ретінде де қыруар іс атқарғаның байқадық. «Мөлдір» мәдени орталығында қазақ хорының белсенді өнерпазы атанған. Қазақша шығатын «Омбы» газетіне редакторлық қызмет атқарған.

Көкшетау қаласында жарық көрген, тіл мамандары мен шәкірттерге лайықтап құрастырған жеке оқу-әдістемелік құралдары, тақырыптық мақалалары оқушының тілді жеңіл меңгеруге септесетін, ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыруға жол ашатын құнды дүниенің бірі. «Ребус түрінде берілген мақал-мәтелдер» еңбегіне Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Р.С. Әміренова пікір жазған. Авторлық кітапша Көкшетау қаласына 2011 жылы жарық көрген. Бұдан өзге оқылуы жеңіл, қолданысқа ыңғайлы бірнеше дидактикалық еңбектері баспадан шыққан.

Ауданға қайтар жолда Қоржынкөлді бойлай отырып, Арғынның ақсақалы атанған Саққұлақ би Бапанұлы мен Нұралы Саққұлақұлының кесенесіне аялдадық. Арнайы дұға оқыдық. Сәт сапар тілегімізбен жолға шығарып салдық.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ

Суретте: қонақтар тобы; Күдері ишан бейіті

Суретті түсірген автор