КӨРІКТІ ОРТА-МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ НЕГІЗІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Аудан әкімінің арнаулы қаулысымен айналаны абаттандыру, санитарлық тазалық, көгалдандыру айлығы жарияланған болатын. Белгілі уақыт аралығында бүкіл өңірде осы мақсатта ауқымды жұмыс жүргізілді.

Аудан мен қаланың айтулы тарихи мерекесі қарсаңында төңірегіміздің жанға жайлы әрі таза болғаны бәрімізге ортақ абырой. Күн сайын өзіміз көріп жүргендей, қала әкімдігінің қарамағындағы тазалықшы өкілдер гүл көшетін баптауға, орталық саябақты, бекітілген төңіректі күтіммен ұстауға өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Ал соңғы күндері жауған толассыз жауынның әсерінен үй мен мекеме айналасында түрлі шөп барынша қаулап өсті. Күні кеше аспанды торлаған қалың бұлт бір сәт сейілді, шуақты күн нұры айналаға мол төгілді.

Оңтайлы сәтті пайдаланған тазалықшы жерлестеріміздің сәл үзілістен кейін үйреншікті кәсібіне қайта кіріскенін байқадық. Атап айтқанда, Жанат Бейсеновтың, Динара Шәріпованың, Света Мухарямованың өздеріне бекітілген тиісілі аймақта, көпқабатты тұрғын үйдің көше жағын қаулап өскен шөп пен ағаш бұтасынан арылтып жатқан сәтін фотосуретке түсіріп ала қойдық.

Арнайы заманауи газоншапқышпен жұмыс істеу сырт көзге оңай болғанымен, жанағы құралдың бапты қолданысы, іске икемделуі тәжірибе мен ептілікті қажет етеді. Ал, іскер жерлестеріміз оны да тиісті деңгейде сәтімен еңсерген тәрізді. Міне, қаланы көріктендіруге еңбегімен үлес қосып жатқан жандардың бейнетке толы бір күндік атқарған жұмысы осындай. Ал әрбір күні айналамыздағы санитарлық тазалығына қадағалайтын жерлестерімізге сыйластық қажеттігі, ұқыптылық ниетімізбен олардың еңбегін бағалай білгеніміз дұрыс.

Зарина КЕҢЕСОВА

Суретте: тазалықшылар жұмыс үстінде