ҚОҚЫС ТОЛЫ ЖАҒАЛАУ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ерейментау Арқаның ең бір көрікті жері. Оны ән-жырға қоспаған ақын кем де кем шығар.
Алланың берген сыйын бағалау, оған қамқор болу – әрбір саналы, рухы биік азаматтың міндеті деп ойлаймын. Бірақ, сол бір көрікті жерлерді аяқ асты қоқыс қордасына айналдырып жатқанымызды кейде сезбейтін жаман әдетіміз бар.
Жаздың жайдары бір күнінде Сайдалының іргесіндегі Құрбет көліне бала-шағамызбен демалысқа барып, көңіліміздің ортайып қайтқаны бар. Табиғатқа емес, адамдарға реніш білдірдік. Жағада шашылып жатқан бос шөлмектер, қағаз бен су қалталар, қауын-қарбыздың қабықтары – көрген көзге мұң ұялатады.
Жауапсыздық пен салғырттық әрбір келушінің кеткен кездерінен-ақ көрініс береді. Кейбір адамдар қапшықтарын толтырып әкеліп, тойынғаннан кейін бәрін шашып кетеді. Қастарындағы ойнап жүрген балалары мұны көріп жүрді. Ата-анасының ізбасарлары «ұяда не көрсе – ұшқанда соны іледі» емес пе…
Ішімдікке сылқия тойғандар босаған шыны-шөлмектерді жан-жаққа лақтырып жатса, олардың жұбайлары қоқыс толы пакеттерді қамыс-қоғаның ортасына жасырып жатты. Ертеңгі күні келгенде қай жағадан орын табар екен, бұл сабаздар деп ойлайсың. Бірақ бұған алаңдап жатқан кісіні байқамадық.
Қазіргі кезде астаналық өңіріміздің әр жерінде жастардан құралған еріктілер тобы өзен-көлдің жағалауларын тазартуды дәстүрге айналдырып жатыр. Тіпті, кейбір іргелі кәсіпорындар да ол туралы бастама көтеру үстінде. Неге мұндай шаруаны Ерейментау ауданында жасамасқа?
«Павлодар-Астана» тасжолында орналасқан өзен-көлдеріміздің келбеті осындай. Бұлағы бар кестелі тоғайларымыздың іші тіпті сорақы. Мұны елде сезіп-көріп отырған кісі бар ма? Аудан басшылары, кәсіпорындар мен демалушы жас өрендеріміз оған бір мезет назар аударса деген тілегіміз бар. Тап қазіргі шақта көп болып қолға алатын іс – тазалық. Осы орайда Ресейде өткен футбол чемпионатынан бір мысал келтіргім келеді. Жапон жанкүйерлері футбол сайысы аяқталғаннан кейін өздерінің жүрген, отырған жерлерін ешқандай ескертусіз тап-тұйнақтай етіп тазалап кетті. Біз неге сондай болмаймыз?
Атақты Кәрібай болыстың кезінде Ерейменнің тоғайындағы ағашы түгілі талы шабылмапты. Біздің халқымыз да өзінің мінезін, мұсылмандығын осындай жауапты істе үнемі көрсетіп жүрді. Атамыз: «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демеп пе еді?
Туған жердің қадірін білейік, табиғатын аялайық. Неміс халқы мұндайда бәрінен өзінің артықшылдығын көрсетеді. Олардың көрсе-қызарлығы жоқ. Әрбір іске талғаммен әрі талаппен қарайды. Қала мен селоларының сәнді болатыны да содан. Олар темеке түгілі сіріңкенің шырпысын жерге тастамайды. Жақсыдан үйренейік, жаманнан жиренейік, ағайын!
Жанат СӘЛКЕНҰЛЫ.
Астана қаласы