ШОПАНДЫҚ-ТАБЫСТЫ КӘСІП

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Ол рас, егер сіз бизнеске ден қойсаңыз, дәл осы саланы тандасаңыз, онда қадамыныздың дұрыстығына анық көз жеткізесіз. Қазіргі таңда, шопандық – пайдасы мол істің бірі. Өйткені, бұл түлік күй талғамайды, бап іздемейді,- деп пайымдайды менің кейіпкерім, Новомарковка ауылының тұрғыны Төре Мұсылманбекұлы Байзолдинов. Жерлесімізді әңгімеге тарттық.

жеке кәсіп иесі Т.Байзолдинов баласы Ақылжанмен бірге.
жеке кәсіп иесі Т.Байзолдинов баласы Ақылжанмен бірге.

-Сіз осы жолды қалай таңдадыңыз?
-Т.Б. Бәрін ретімен баяндайын. Кезіңде Сәкен Сейфуллин атыңдағы Целиноград ауыл шаруашылық институтын механизация инженері мамандығы бойынша тәмамдадым. Диплом алған бетте туған ауылым Ақмырзаға оралдым. 12 жыл осы салада еңбек еттім. 1990 жылдары Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген жандар, тіпті мен де кәсіпсіз қалдық. Тіршілік көзін табу үшін азық-түлік дүкенін аштым, Ақмырза – Астана бағытындағы жолаушылар автобусын да іске қостым. «Новомарковка – 2002» ЖСШ директоры Б.Оспанов 2002 жылы маған өзінің орынбасары қызметін ұсынды.
Прораб, энергетик лауазымын қоса иелендім. Құрылыс жұмысына жауапты болдым. Жалпы еңбек атқарған 10 жылдың ішінде 8 ангар, 1 жемазық цехын салыппыз. Ескі мал қораларын жөнге келтірдік. 2017 жылы бүкіл құрылыс жұмысы тәмамдалғанда округ әкімі Григорий Самойленко аудандық кәсіпкерлер палатасының филиалына жолығуға, «Бастау Бизнес» бағдары бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып алуға ақыл қосты. Ұсынысты құп көрдім. Бір айлық курс өте шықты, сертификатты иелендім. Филиалдың директоры Серікпай Көшкінбаев мал шаруашылығын өркендетуді ұсынды, жылдық 6 пайыздық шекті шамамен несие алуға болатының айтты. «Төре» жеке кәсіпшілігін аштым. Міне, биыл қаржылай қолдау қорынан саулық қой алдыруға несие ресімдеттім. Өз қаражатыма тағы қосымша 80 бас ұсақ мал алдым.
Жасыратыны жоқ, қой еті де өзге азық-түлікпен тең дәрежеде бағаланады. Ал жүні де құнды шикізаттың бірі. Міне, осы себептен менің кәсібім ең тиімді бизнес деген ойдамын.
-Тілші: Қой түлігінің бап тілемейтінің алдында айттыңыз. Ал оның күтіміне қатысты арнаулы шарт бар ма? Ыңғайсыз тұстары қандай?
-Т.Б.: Қой күтіміне арнаулы шарт талап етілмейді. Малдың иммунитеті мықты, бірқатар індетке төзімді. Негізінен жайылымда бағылады. Қосымша құрама жем шығындалмайды. Қолға ұстаудың өзі ыңғайлы. Дегенмен, ілеспе шығынын да есептей білсеңіз-ұтылмайсыз. Соңғы жылдары қой еті мен жүніне сұраныс кеңейе түсуде.
Олқылығына келсек, қолайсыз жайттардың салдарынан табыстан айрылуыңыз әбден мүмкін. Дегенмен ақтық нәтиже ұйымдастырушылық ыңғайыңызға, малдың санына, жеке іс-тәжірибеңізге тікелей тәуелді.
Түлік саулығы бизнесіңіздегі басты қағиданың бірі. Фермерлікке жаңадан кіріссеңіз – романов аталатын тұқымды алдырғаныңыз абзал. Бұл малдың етінің дәмдік сапасы жоғары, өсімі де жақсы. Ет пен жүн өндірісіне ден қойсаңыз – осы мәселеге көңіл бөліңіз. Тағы бір артықшылығы – жүні қалың өседі де, суыққа төзімді келеді. Арнаулы күтім жағдайын талап етпейді, әрі етті болады. Жергілікті тұқым етінің молдығымен, салмағының ауырлығымен дараланады. Жалпы ет тұқымдас түліктің бәрі қысқа шыдамды келеді, климатқа тез бейімделеді. Еділбай тұқымдасының да салмағы барынша ауыр, денесі ірі. Ол да тез өседі, сүтті әрі жүні қалың болады. Қозысының салмағы үш айдың ішінде 100 келіге жетеді. Қатты салқынға да, аптап ыстыққа да төзімді. Тағы бір ерекшелігі: қазақы қой тәрізді, құйрық майы жалпақ болады. Көбінесе ісегін етке жібереді де, тұсағын тұқымдыққа қалдырады. Алғашқы 10 жылда қозы береді, ал жекелеген аналығы ұзақ уақыт қоздайтын қабілетін сақтайды.
-Тілші: Кез келген іске ұдайы көмекшінің қажеттігі әмбеге аян. Сіз өз кәсібіңізде кімге сенім жүктейсіз? Ізбасарыңыз кім болмақшы?
-Т.Б.: Қызықты сұрақ. Көмекшім де тірегім де – өз отбасым. Екі қызым Астанада қызметте. Олар қаладан ауылға келмейді, ал ұлым өз өтінішім бойынша маған көмектесу үшін қаладан қонысын ауыстырды. Ол да дипломды маман. Аграрлық университеттің түлегі, жоғары білімді экономист. Сондықтан, істі өрге бастыратынына сенімім нық. Зайыбым Салтанат пен келінім Сәуле де бос отырған жоқ. Үй шаруасын екеуі еңсереді. Жуырда қуанышқа кенелдік. Тұңғыш немереміз – Исаханымыз дүниеге келді.
-Тілші: Өз келешегін осындай бизнеске арнауды ұйғарған болашақ кәсіпкерлерге нендей ақыл қосасыз?
-Т.Б.: Біріншіден, барлық істі ақылмен таразылап, байыбын талдағыныңыз жөн. Егер түпкілікті шешімге келсеңіз онда кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жолығыңыз. Мекеменің мамандары барлық мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіріп береді.
Сөз орайы келгенде, бізге қосқан ақылы, адамгершілік пейілі үшін қаржы қорының қызметкерлеріне: директордың орынбасары Мұхтар Әлімханұлына, бас маманы Кежек Кәмиләға алғысымызды арнағымыз келеді.
Жазып алған: Людмила МАРКОВА
Суретте: жеке кәсіп иесі Т.Байзолдинов баласы Ақылжанмен бірге.