АҒАЙЫНДЫ ШЕБЕРЛЕРДІҢ ҚОЛЫ АЛТЫН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Бүгінгі күні іске талаптанған, нақты ынтасымен ниет білдірген жанға кәсіп атқаруға әрдайым жол ашық. Жерлестеріміздің нарық ыңғайына бейімделгеніне, ойға алған існ өрге бастырғанына көз қуанады, көңіл тояды. Бұл пікірімізге Еркіншілік ауылындағы ағайынды жігіттердің өз күшімен ашқан шағын цехы толық негіздеме болады.

терезе шеберлер іс үстінде.
терезе шеберлер іс үстінде.

Электр станокты, бүкіл шикізатын Астанадан алдырған шеберлерге жұмыс үстінде жолықтық. Меншікті үйдің ауласына жақындаған сәтте шебер қолдан шыққан, бір бұрышқа жеке жиналған дайын бұйымға сүйсініспен қызыға қарадық
Округтің әкімі Жаңабай Амангелдиновтың септесуімен терезешілермен тез таныстық, қолма-қол тіл табыстық.
Іле-шала әңгімеміз оп-оңай жарасып жүре берді. Бір отбасының қос азаматы Жантілек пен Ақтілек Зауыттегі заманауи пластикалық терезе жасау тәсілін жетік меңгергенін, іске әбден төселгенін анық аңғартты. Олардың ағасы Тастілек Елордамызда дәл осындай өндіріс орнында еңбек етеді екен. «Ағаға қарап іні өсер» демекші, жақын туысқанының үлгісімен қос бауырымыздың елді мекенде шағын өндіріс орнын ашқандарына алты жылға жуықтапты.
Терезенің рамасына лайықталған материал тиісті өлшемі бойынша Германияның арасымен кесіледі де, арнаулы металл пластикке енгізіледі. Бұл терезенің беріктігі, боранда қатты желдің әсерінен сынбас үшін ойластырылған амал. Әрмен қарай ток көзіне қосылатын аппаратпен қыздыру әдісімен бір-біріне бұрыштап жапсырылады да, келесі станокта ойық шығарылады. Ортасы қырына келтіріліп, жөнделеді. Бұрыштамасы бұрғыланады да, түрік резинасы кигізіледі. Неміс флангысы орнатылады. Тот баспайтын маскитті сеткасы кигізіледі, оған резеңке салынады. Әйнекті буланудан сақтауға арналған спейсер құмы құйылады. Сонан соң терезе шынысы жапсырылады. Тиісті технология талабы негізінде бір терезені тиісті сапа деңгейінде толық жасап шығаруға жалпы 4-5 сағат уақыт жұмсалады екен. Керекті материалдардың бәрі «Газель» маркалы жүк көлігімен Астанадан жеткізіледі.
Бүгінде дайын бұйымға сұраныс та кең, тапсырыс берушілер қатары да аз емес. Ерейментау қаласы мен жақын маңдағы Еңбек, Олжабай батыр, Күншалған ауылдарынан үй терезесін жаңартуға ниет білдірген тұрғындар көптеп табылуда. Тіпті үй құрылысы жылдан-жылға қарқын алған Астананың өзінен, Бас қаламен іргелес Қоянды кентінен де арнайы іздеп, ат терлетіп келетіндер баршылық. Әкімшілік ғимарат кеңсесіне қоса жеке тұрғын үйлерге де тиісті көлемі бойынша орнатылып жатқан пластикалық терезенің бұрынғы ағаш терезеден бір айырмашылығы – тозбайды әрі бұрынғыдай замазкамен қымтауды, үстінен сырлауды қажет етпейді. Тек ескірген резеңкесі ғана айырбасталып отырады.
Ағайынды жерлестердің үй ауласындағы шағын зауыты атына затына сай деңгейде отандық өндіріс желісін кеңейтуге, пайдалы кәсібін ел игілігіне арнауға мақсат қойып келеді. Жантілектің өзі Астана басқару колледжін бизнес-менеджер білігі бойынша тәмамдаған экономист маман. Жаңағы білімін пайдаға асырған, барлығын ақылмен салмақтап, халықтың сұранысымен үйлесімді бұйым әзірлеп беріп жатқан жеке кәсіпкердің бүгінгі кәсібі осындай.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суреттерде: терезе шеберлер іс үстінде.
Суреттерді түсірген автор.