АЙТЫСТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛГЕН ЖЫЛ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Көп жылғы үзілістерден кейін Ереймен елінде алғашқы рет ақындар айтысы 1988 жылы ұйымдастырылып еді.
Бастаманы көтерген Ерейментау аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Олжахан Омарұлы Айдаболов болса, барлық мәдени шараларды өз деңгейінде өткізген ел азаматы – Жанат Сәлкенұлы Түгелбаев.
Елдің талабы бар деген кісілер жас ерекшелігіне қарамай, оған түгелдей қатыстырылды. Жергілікті ақын-жыршылар арасында Сатыбалды (Сатан) Момышев, Зекіш Ысқақов, Шәймерден Қадуов, Қыдырбай Бекахметов, Бәтхаш Ырысмағамбетова, Сайлау Байбосын, Темірболат (Темет) Бәйділдин, Жаңыл …, ең бастысы, ұлты шешен бірақ қазақтың төл өнерін сүйіп өткен – Қосай (Құсайын) Әзиевтің өнерпаздар арасында жүруі – көрермен үшін таңқаларлық қызықты іс-шара болды.
Айтысты жаңадан ұйымдастырушылар үшін тамыры ертеректе үзілген қазақтың төл өнерінің бойына қайра қан жүгірту – оңай болмағаны анық.
Ең бастысы, бұған сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Владимир Федорович Ерохин, әлеуметтік-мәдени саланы қадағалаушы хатшы – Надежда Николаевна Серова мен мәдениет бөлімінің меңгерушісі Өмірбай Нұржанұлы Нұржановтың көп көмек бергендерін айта кету әділ болар.
Бұл іске қызыға қарағандар да, самарқаулық танытқандар да, аз болған жоқ. Сонда ағалы-інілідей үлкен түсіністікпен жұмыс істеген елдің қос азаматы Олжахан Омарұлы мен Жанат Сәлкенұлының ұлт намысын жоғары ұстағандарын біз көзімізбен көріп едік.
Тұсауы оңтайлы кесілген мәдени шара бұдан кейін де өзінің жарасымды жалғасын тапты. Қанатын қомдаған ереймендік ақындар жұрттың аузына ілікті, облыс пен республика деңгейіндегі мәдени шараларға бірнеше рет жолдамалар алғанын көпшілік ұмытқан жоқ.
1988 жылы өткен алғашқы ақындар айтысына жоғарыда аты аталған аудан басшылары тікелей қатысып, ризалықтарын білдірді. Жалпы, Владимир Федорович Ерохиннің тапсыруымен Айдаболов пен Түгелбаев Ереймендегі бүгінгі «Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр» атындағы мұражайдың ашылуына да көп күш жұмсағандары белгілі.
2000 жылы осы қазақ әскерінің бас сардарының үзеңгілес майдангер інісі Үмбетей жырауға ескерткіш қойылу құрметіне байланысты республикаға есімдері белгілі жүйрік ақындардың қатысуымен Ерейментауда тағы да бір қызықты айтыс өтіп еді. Оның басы-қасында аудан әкімі Өмірсерік Қайыржанұлы Мұсабаев, орынбасары – Сара Нүрпейісқызы Дүйсембаева, сол кездегі мәдениет бөлімінің меңгерушісі – Мәнап Бектасұлы Әдірешев сияқты азаматтар жүрді. Сонда айтысқа төрағалық жасауға Астанадан Жанат Сәлкенұлы Түгелбаев арнайы шақырылған-ды.
Алқалы мәдени шараны кіріспе сөзбен аудан басшысы Өмірсерік Қайыржанұлының ашқаны, айтыскер ақындарға сәт-сапар тілегені әлі көз алдымызда жайнап тұр. Әрмен қарай, жиналған қауым алдында Үмбетей Тілеуұлының ұрпақтары Бітік Шәкенов пен Жеңіс Атайұлы жалынды сөз сөйледі.
Алғашқы жұпта болған ақындар Дәулеткерей Кәпұлы мен жергілікті ақын Сайлау Байбосынның жұрт алдындағы өнері қызықты өтті. Дегенмен, астаналық дүлдүл осы орайда ебін тауып қарсыласының жолын кесе білді.
Келесі кезекте сахна төріне оңтүстік өңірден келген ақын қыз Жібек Болтанова көтеріліп, қадірлі ел ақыны Қабдыжәлел Сахариямен тартысып, өз көрерменінің көңіліне жол тапты.
Қазақтың ардақ тұтқан біраз ақындары: Айбек Қалиев, Бақытхан Жәлелұлы, Баянғали Әлімжанов, Қазира Иланқызы әуені әдемі тамаша жыр өрнектерімен жұрттың қошеметіне бөленіп еді.
Соңғы жұпта Шаймерден Қадуов пен Моңғолиядан қоныс аударған өнерпаз қандасымыз Съезхан Қайдарұлы тамаша айтысқа түсті.
Түс ауа бірақ аяқталған айтыстың шешімін шығарған әділқазылар кеңесінен кейін шалғайдан келген Жібек Болтановаға бас жүлде берілсе, екінші тұғырға Қабдыжәлел Сахария, кейінгі ретті орындарға Баянғали Әлімжанов, Айбек Қалиев пен Сайлау Байбосын орналасты.
Ереймен жыраулар мен ақындарға кенде болмаған ел. Сондықтан, алдағы уақытта да олардың ізбасарларының көп болатынына біз сеніммен қараймыз. Ерейментау ауданының 90 жылдығы қарсаңында болған оқиғалардан естелік жазу, жақсылықтың бастамаларын ойға алу – біздің парызымыз. Ел азаматтарының еңбектерін еске алып отырудың жөні бар. Бүгінгі әңгімеміз соның бір айқын дәлелі.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДИН.